Сұрақ: Ата-ананың балаларымен қатынасы қандай болуға тиіс?
Жауап: Тағылымды тәрбие беріп өсіру – әрбір ата-ананың бала алдындағы борышы. Бала тәрбиесіне жас күнінен жөнді жете көңіл бөлмей, кейін баласы ержеткен соң опық жеп жүрген ата-аналар кездеседі. Баланың мінезіндегі ерекшеліктеріне мән бермей зекіп ұрысу, бұйыра сөйлеу баланың мінезіне теріс ықпал етіп, дөрекілікке жетелейтінін ескергеніміз жөн. Ата-ана көңіл күйі болмай тұрған кезде бала тәрбиесімен айналыспағаны дұрыс. Перзентіңізбен тығыз қарым-қатынас орнатуға тек қана көтеріңкі көңіл күй қажет. Ана қатал да мейірімді бола білгені жөн. Әр кез мазасын ала бермей керек уақытында ғана ұрсатын болсаңыз, онда бұл сіздің тәрбиеңіз барысында міндетті түрде жемісін береді.
Ата-ана бала алдындағы мынадай міндеттерді біліп алғаны жөн:
– балаларының арасын бөліп жармай, әрқайсысының өз орнын біліп, әділетті болуы қажет;
– балаларының денсаулығына қамқорлық жасап отыруға міндетті;
– перзентіне жақсы тәрбие беруге тиіс;
– қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде баланың психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық мирас қалдырған емес» деген. Бала тәрбиесінде қателікке жол бермей, ерекше көңіл бөлгеніміз абзал.
Икрам АЙТАЕВ