Адам баласының жарық дүниеге келуіне себеп болған ата-анасынан артық бұл дүниеде адам жоқ. Әрбір тіршілік иесі Алланың қойған заңдылығы шеңберінде ұрпақ өрбітуге талпынады. Солардың ішіндегі саналысы адам баласы болғандықтан ең көп мейірім де соларға берілген. Алайда қазіргі заман қоғамында арагідік келеңсіздіктер орын алып жатады. Бірақ, ең сорақысы балалардың ата-анасына деген құрметтің азаюы болып отыр. Бұл құрметсіздік тіпті өздерін «діндар» санайтын топтардың көзқарасынан да қалыс қалмаған. Ата анасына қырын қарау, оларды күпірлікпен айыптау, олардың жасаған асын ішпеу, олардың ренішін тудыру, көз жасына қалу олар үшін ештеңе емес.
Ал сол діннің басты тұлғасы пайғамбар өнегесімен бұл ұстаным сай келе ме деген сұраққа жауап беріп көрейік. Алла Тағала Құранда: «Аллаға құлдық ұрыңдар, оған ештеңесі серік қоспаңдар, ата-анаға, жақындарыңы, жетімдерге, пақырларға, жақын көршілерге, алыс көршіге, қасыңыздағы досыңызға, жолаушыға және қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар» (Ниса, 4/36) десе Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алланың ризашылығы ата-ананың ризашылығында, Алланың ашуы ата-ананың ренішінде» (Тирмизи, Бирр, 3) және «Үлкен күнәлардың ішіндегі ең үлкені Аллаға серік қосу және ата-анаға қарсы шығу» (Тирмизи, Бирр, 4) дейді. Олай болса, біздің ата-анамызға қарсы келе отырып жасаған құлшылығымыз, көрсеткен діндарлығымыздың құны қанша?! Ата-ананы жылатып Алланың ризашылығын таба алмаймыз!
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Худайбия Умрасында Меккеге бара жатып Анасының қабірі жатқан Әбуәға ат басын бұрады. Алланың рұқсатымен анасының қабірі зиярат етті. Зиярат сәтінде оның қабірін қолмен дұрыстап, көңілі босап, көзіне жас алады. Пайғамбардың жылағанын көріп қасындағы мұсылмандар да жылады. Жылауының себебін сұраған кезде пайғамбарымыз (с.а.у): «Анамның маған көрсеткен мейрімі мен қамқорлығы есіме түсіп кетті» деп жауап береді.
Ал ата-анасының мейірімін бағаламаған, өздерінің жарық дүниеге келуіне себепші болған адамдарға қатыгездік танытқан ұрпақты кім дейміз?! Пайғамбарымыз: «Жақсылықты алдымен үш рет анаңа қыл, сосын әкеңе қыл!» (Бұхари, Әдеп, 2) деп соның ішінде ананың орнын баса көрсеткен. «Жұмақ аналардың аяғының астында» деген пайғамбар үмбеті боламыз десек мұсылманшылықты осыдан бастаған абзал болар сірә!
«Мекке менен Медине жердің ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Атаң менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші!,- дейді Шал ақын. Сондықтан үйіміздегі Алланың ризашылығы мен ашуына себеп бола алатын, баласы үшін жанын есепке алмайдын, ұрпағынан ешбір пайда көздемейтін ата-аналарымызға көзінің тірісінде қамқор, қолғабыс, ізгі ұрпақ бола алсақ қандай ғанибет!
Құранда: «Раббың өзінен басқаға құлшылық етпеуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Екеуінің бірі немесе екеуі де сенің қасыңда қартаятын болса, оларға «Уф!» деуші де болма, оларға зекіме, жылы сөз айт!» (Исра сүресі 23-24). Алланың осыншама бұйрығына қарамай, пайғамбардың соншалық өнегесіне бас имей ата-анаға қарсы келу қаншалықты сорақылық екендігі айтып жеткізу мүмкін емес.
Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) былай дейді: «Әлі исламды қабылдай қоймаған (мүшрик) анам қасыма келді. Оған қалай қарауым керектігін Хз. Пайғамбардан (с.а.у.): «Анам келді, менімен (кездесіп, сөйлескісі) келеді, анама жақсы қарайын ба?» деп сұрағанымда: «Иә, оған лайықты құрмет көрсет!» деді. (Бұхари, Хиба, 28, Әдеп, 8; «Мүслим, Зекет, 50 (1003); Әбу Дәуіт, Зекет, 34 (1668). Ал біз жүрегінде иманы бар, аузында Алласы бар ата-аналарымызға қандай құрмет көрсетуіміз керек?
Асыл БЕК