Қазіргі кезде көптеген адамдар бір шаңырақтың астында тұрса да ата-ана басқа əлемде, бала мүлдем өзге əлемде өмір сүргендей халде жүреді. Осындай отбасыларда өскен балалар ақыр соңында өзгенің жетегіне ілесіп кете барады. Болар іс болған кезде сан соғып қалған ата-ана кінəні өзінен емес, өзгеден іздейді. Əсіресе, баланың сөздеріне көңіл аудармау, оларға жекіп сөйлеп, ұрып-соғу оны туған отбасынан алыстатып, бөтен қараңғы дүниеге жетелейді. Көп ұзамай қан жағынан өз баласы болғанымен, жан жағынан мүлдем алыстап, ата-анасынан безіп кетеді. Мұндай адамдар ер жетіп, азамат болғанда іштегі өкінішті кегін ата-анасымен қоса, халқынан алмаққа тырысып, еліне қатігез болады. Əсіресе, ата-анасы қартайып, қуаты кеткен шағында сол баласы оларға мейірімісіз болып шықса, таңғаларлық нəрсе емес. «Естімеген елде көп» деген. Ол ол ма, жақында алыста емес, біздің елде бір əке өзінің балаларын ертіп, Сирияға соғысқа бармақ болған көрінеді. Ол жердегі ата-аналар өз балаларын ертіп, теңізге қайықпен жүзіп, талайы өліп, сол жерден қашуға жан таласып жатса, біздің елдегі кейбір əкелердің істеп отырғаны мынау. Бұл, Құранда айтылғандай, өз балаларын тірідей көмгенмен тең. Сол жерге барып балалары қаныпезер болып тəрбиеленгенде, олар өз əкесін аясын ба? Бір қисық жүрісі үшін атып тастамаса, жарылқамақ емес.
Ілгеріде Самарқандтың ислам оқымыс- тыларынан Əбу Хафс əл-Ескендани деген ғұлама болған. Соған бір адам келіп, өз баласы туралы айтып шағымданады. Ол: – Балам маған қол көтеріп, ұрып соғады, – дейді. Əбу Хафс қатты таңданып: – Субханаллаһ! Бала қалайша өз əкесіне қол жұмсайды, – дегенде, əлгі адам: – Ұрып соққанда қандай, ауырмаған жерім жоқ, – дейді. Осыдан кейін Əбу Хафс мəселенің мəн-жайын білмек болып əлгі адамға сұрақ қоя бастады: – Балаңа ілімді, əдептілікті үйретіп пе едің? – Жо-оқ. – Құран оқуды үйретіп пе едің? – Жоқ. – Ал, жарайды. Балаң не жұмыс істейді? – Өгізбен жер жыртады. – Ендеше, балаңның сені не үшін ұратынын түсіндің бе? – Жоқ, түсінбедім. – Мен былай деп ойлап тұрмын: ұлың əдеттегідей таңертең жер жырту үшін ерте тұрды. Есегіне мінді. Алдында өгіздері, артында иттері еріп келе жатады. Жолда келе жатып зеріге бастайды. Құран оқуды білмеген соң ыңылдап əн салады. Дəл осы кезде сен оның алдынан шыға келдің. Ал ол болса сені жолын кес-кестеп тұрған ірі қара мал деп ойлады да, ұрып кеп жіберді. Қайта сенің басыңды жармағанына қуан, – деп насихат айтады. Яғни, атам қазақ айтқандай, «Не ексең, соны орасың». Баланы қалай тəрбиелесең, солай жемісін көресің. Бөтен елге барып дінбұзар содырлардың тəрбиесіне берсең, ол сені аяп қалар деймісің?!
Ілгері заманда бір адамның жалғыз баласы болады. Бірақ, ол баласының тəрбиесін ойламай, қашан да «дүние, дүние» деп күндіз-түні мал табудың жолында жүреді. Кейде жоғалған малын іздеп қақаған аязда бірнеше күн үйін таппай, өлімнен қалған күндері де болды. Алайда, есіл-дерті дүние болады да тұрады. Жылдар өтіп қартаюға бет алған шақта əйелі қайтыс болады. Тағы да жылдар бір-бірімен жарысып, бірі оның шашына аппақ қырау түсірсе, енді бірі аяғынан шап беріп ұстап, жүре алмастай етіп тұсап тастады. Осы кезде дүние-мүлкінің бар тізгінін баласы мен келіні алды. Қарияның бойында бұрыннан бұғып жатқан сіңісті сырқаттары қозып, аяқ-қолы күнде қақсап, күні-түні жөтелетінді шығарады. Өз бетімен жүріп-тұра алмайтын болады. Осы əурешілік жағдайы баласы мен келініне жақпайды. Бір күні келіні күйеуін өз айтқанына көндіріп, дегеніне жетті. Мейірімсіз баласы ертеңіне ерте тұрып əкесін əй-шəй жоқ, əлдеқайда ертіп кете барды. Əкесі баласының қайда апара жатқанын іштей сезді. Баласы ну орманның ішінде кетіп бара жатқанда əкесі айналасындағы əрбір ағашқа басын шайқап қарай берді. Бір кезде алдарынан бір өзен шығып, баласы арғы бетке қалай өтерін білмей тұрғанда, əкесі: «Балам, саспа! Əне бір ағаштардың арасында бір адам жаяу жүріп өте алатындай өткел болуы керек» дейді. Баласы жүгіріп барып қараса, шындығында өткел бар екен. Баласы таңырқап: «Бұл адам баласы аяқ баспаған жер. Сен кəрі неме мұны қайда білдің?» дейді. Сонда əкесі: «Е, балам! Бір кездері менің де əкем болған. Сен ол кезде жаңа туған сəби едің. Күнде ауырып, түнімен ыңқылдап маза бермеген соң, бір күні əйелім маған «Мынаның көзін құрт» деді. Ертеңгісін əкемді жетектеп, осы жерге келгенмін. Жолда келе жатып қатты таңғалғаным, мен сол кезде ну орман ішінде қай ағаштардың қасынан жүрсем, сен де мені жетектеп дəл сол ағаштардың қасынан жүріп отырдың. Ақырында, осы өзеннің жағасына келгенде бір кездері мен салған өткелді іздеп тұрып қалдың. Міне, осы өткелден өтсек, арғы жағалаудан атаңның сүйегін көресің. Мен сол кезде оның ыңқыл-сыңқылына, көз жасына, «балам» деп жалбарынғанына қарамастан, сол жерге тастап кеткенмін. Содан кейін келіп тұрғаным осы. Сол бəз-баяғы. Еш нəрсе өзгермеген. Тек, мен ғана қартайғанмын. Апырай-ай! Тағдырдың жазмышына қара! «Ата-ананың алғысы алға сүйрейді, ал қарғысы жарға сүйрейді» деген осы екен. Сен осы жерден қайта бер. Əкемнің жатқан жеріне енді өзім барып жатайын» деген екен.
Иə, сонау заманда əкесін айдалаға апарып тастаса, бұл күнде Қарттар үйіне тастайды. Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ал, ұрпағына оқу-білім беріп, жасында Құран үйретіп, ата-бабамыздың мұра етіп қалдырған тəр биесімен өскен баланың жағдайы мүлдем өзгеше болмақ. Ата-анасы оған өмірдің мəнін Хақ тағаланың бұйрығымен түсіндіріп өсіреді. Жасынан иманға бай болып өскен бала күні ертең халқын да рухани жағынан байытары сөзсіз.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
теология ғылымының докторы