Сұрақ: Ата-анаң әділетсіз болса, оларды сыйлап, құрмет қылуымыз керек пе?
Жауап: Дін исламда Құдай Тағаланың пендесіне берген әмірлерінің бірі – ата-анасына итағат ету, оларға қарайласып бағып-қағу, қажеттіліктерін өтеу. Егер ата-анаң ауру болса немесе залым болса деген сияқты себептер айтылмады. Бар болғаны оларға бойұсын деп бұйырды. Демек, әке-шешені құрмет қылу – Алланың әмірі. Қазақта бұған қатысты айтылған керемет сөз бар: «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ».
Бұл сөздің төркіні ғибратқа толы мынадай төмендегі оқиғалардан шықса керек. Пайғамбардың (с.ғ.с.) тәрбиесін көрген сахабалардың бірі Сағд ибн Масғұт Ибн Аббаспен (Алла ол екеуіне разы болсын) болған мына әңгімесін риуаят етеді.
Мен Ибн Аббасқа:
– Менің әскерге барғым келеді. Ал ата-анам, дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін? – деп сұрадым. Сонда Ибн Аббас:
– Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын, – деді.
Мен:
– Олардың екеуіне де ме? – деп сұрағымды нақтыладым.
Ибн Аббас:
– Иә, олардың екеуіне де, – деп, кейін:
«Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал түнде бір жақсылық жасап, сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла Тағала разы болмайды, – деп түсіндірді.
Мұны естіген мен:
– Ал егер ата-анасы залым болса ше? – деп сұрадым.
Ол маған:
– Залым болса да, – деп жауап берді».
Сол себепті құрметті оқырман, ата-анаң қандай болса да оларға қарайласу міндеті біздерге парыз болып қала бермек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ