Құранда Алла Тағала ата-анаға жақсылық жасауды, оларға қамқорлық жасап, қартайған шақтарында сүйеніш болуға бірнеше жерде бұйырады:
«Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «түһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!»(Исра: 23).
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге, жақындарға жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа жақсылық қылыңдар» (Ниса: 36).
Исламда Аллаға иман келтіріп, Оған құлшылық қылғаннан кейін әке-шешеге қызмет қылып, жақсылық жасау міндеті екінші орында тұрады. Олар жұмсаса, тіпті «Туу» деп кейістік таныту дұрыс емес. Себебі, ата-ананың балаға сіңіретін еңбегін тілмен айтып тауысу мүмкін емес. Тіпті, бала ата-анаға оған өмір сыйлағаны үшін-ақ қарыздар.
Абдулла ибн Әмір (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқан хадисін жеткізеді:
«Алланың ризашылығы әке-шешенің ризашылығында, Алланың ашуы – әке-шешенің ашуында» (Тирмизи).
Ислам ғалымы Хасан әл-Басриден ата-анаға жақсылық жасау жайында сұраған уақытта, ол:
«Ата-ана үшін қолындағы байлықты сарп ету және ол екеуінің күнә істен басқа барлық талаптарын орындау»,–деп жауап берген екен.
Әбу Абдуррахман Абдулла ибн Масғуд (р.а.):«Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.):
– Алла Тағала амалдардың қайсысын жақсы көреді? – деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Уақытында оқылған намаз, – деп жауап берді.
Мен тағы:
– Кейін қайсы амал? – деп сұрадым. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Ата-анаға жақсылық жасау, – деді.
Мен тағы:
– Онан соң қайсы амал? – деп сұрадым.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Алла жолындағы күрес, – деді», – деген хадисті жеткізеді (Бұхари, Мүслим).
Жоғарыда айтқанымыздай, Алла тағала Құранда Өзіне құлшылық етуге бұйырған соң, ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Яғни, әуелі Аллаға құлшылық ету, кейін ата-анаға бойұсыну. Осындай бірізділікті мына хадистен де көрдік: бірінші, намаз; кейін ата-ана ақысы; сосын Алла жолындағы күрес. Бұл Исламдағы ата-ананың орнын, ол екеуінің мәртебесін аңғартады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала кез-келген күнә істеушінің жазасын қалағанынша кейінге шегереді (ақыретке қалдырады). Тек ата-ананың тілін алмайтын адамның жазасын кейінге шегермейді, керісінше оны жылдамдатады (яғни, оның жазасын ақыреттен бұрын осы дүниеде береді)», – деп айтқан (Хаким, Асбаһани – әлсіз хадис).
Кағб ибн әл-Ахбар есімді ғалым ата-анаға жақсылық пен жамандық істеген адамның сауабы мен күнәсі туралы былай деген екен:
«Егер адам ата-анасының тілін алмайтын болса, онда Алла Тағала оның жазасын беру үшін сол пендесінің ажалын тездетеді. Ал енді адам ата-анасына жақсылық жасаса, онда Алла оның жақсылығы мен қайырымдылығын молайту үшін пендесінің өмірін ұзақ етеді», – деп айтқан.
Шынында да ескі кітаптарда Кағб ибн әл-Ахбардың осы сөзін растайтын мынадай әңгіме бар. Бірде Алла тағала Мұса пайғамбарға:
«Ей, Мұса! Ата-анаңды қуандыр. Расында кім ата-анасын қуандырса, Мен соның ғұмырын ұзартамын және оған өзін қуандыратын ұл беремін. Кім әке-шешесінің тілін алмаса, Мен соның өмірін қысқартамын және оған өзіне қарсы шығатын ұл беремін», – деп уахи жіберген екен.
Ибн Уайна есімді тақуа адамнан ата-ана ақысы туралы сұраған уақытта ол кісі де: «Кім бес уақыт намаз оқыса – Аллаға шүкірлік қылғаны. Ал намаздан соң ата-анасына дұға қылса, онда сол екеуіне шүкірлік еткені болып саналады»,–деп жауап берген.
Намаз оқып, артын суытпай Алладан ата-анасын жарылқауын тілеп, солардың өмір жастарының ұзақтығы мен кешірімін сұрап дұға етсе – бұл да ата ананың ақ сүтін өтеу амалдарының бірі саналады екен.
Жалғас Садуахасұлы,
дінтанушы