Біздің бала күнімізде әке – асқар тау, ана – отбасының берекесі деп түсініп оларға қарап бой түзеп, үлгі тұтып өстік. Олардың әр бір іс-әрекеттері мен өмірлік ұстанымдары біздер үшін жазылмаған қағида еді. Олар біздерді асырап бағып ел қатарына қосу үшін «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жүгіретіні анық. Бірақ сол ұл-қыз есейе келе өзім білемге салып, өкінішке орай, күнделікті өмірде жастардың ата-анасына көңіліне келер қатты сөздер айтып, ренжітіп жатқандығы жиілеген құбылысқа айналуда. Асыл дініміз исламда ата-ананың алар орны ерекше. Ата-анасына мейірімі жоқ қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтса да артық болмайды.
Халық даналығында: «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» демей ме.
Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Я, Расулулла, жақсылықты алдымен кiмге iстеймiз?», – деп сұралғанда, Ол (с.ғ.с.):
– Алдымен анаңа.
– Одан кейiн ше?
– Анаңа!
– Ал, одан кейiн ше?
– Анаңа!
– Ал, одан кейiн ше?
– Әкеңе! (Хадистi Әбу Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.)
Тағы бір өзегіңді өртейтін жайт, бүгінгі жаһандану дәуірінде қарттар үйінен өзіміздің қаракөз мұсылман ата-аналарды кездестіргенге етіміз үйреніп алғандай. Бұған барлығымыз осылай болу керек тәрізді қарайтынымыз өтірік емес. Имам Мүслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата – аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», – деген. Ата-анасын сыйлап, құрметтемеген адам өз перзентіне не тәрбие бермек.
Ата-анасына не істесе де күндердің күнінде алдынан шығатыны хақ. Бүгінгі қоғамдағы қатыгездікті көріп өскен жас ұрпақтың санасына селтеу түсіп жүрмегей. Ертеңін ойлаған ел ұрпақ тәрбиесіне бүгін қамданар.