Сұрақ: Ата-ана жаман болса не қылмақ керек?
Жауап: Дін ислам ата-ананың тілін алуға әмір етеді. Сондықтан да баланың әкесі мен шешесін бағып-қағуы Құдай алдындағы, ата-анасы алдындағы да қасиетті борышы. Назарыңызға ұсынып отырған мына оқиға осы сұраққа жан-жақты жауап береді деп ойлаймын:
Сағд ибн Масғұт Ибн Аббаспен (Алла ол екеуіне разы болсын) болған мына әңгімесін риуаят етеді. Мен Ибн Аббасқа:
– Менің әскерге барғым келеді. Ал, ата-анам дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін? – деп сұрадым. Сонда Ибн Аббас:
– Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын,– деді.
Мен:
– Олардың екеуіне де ме? –деп сұрағымды нақтыладым.
Ибн Аббас:
– Иә, олардың екеуіне де – деп, кейін:
«Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер, түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал, түнде бір жақсылық жасап сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла тағала разы болмайды, – деп түсіндірді.
Мұны естіген мен:
– Ал егер ата-анасы залым болса ше? – деп сұрадым.
Ол маған:
– Залым болса да, – деп жауап берді».
Демек, «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» – деген қазақтың дана сөзі бізге осыны аңғартса керек. Ата-анаға қарайласу міндеті мойыннан түспек емес.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы
Әкем мен анам – менің жәннатым!
Алла Тағала ата-анамызға ұзақ ғұмыр нәсіп етсін!
Ата-аналарымыз аман болсын!