– Асылбек аға, жақынынан ажырау қай отбасы үшін де орны толмас дүние. Туыс-бауырына деген құрметтен болар, халқымыз қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы, жылы деп Құдайы ас беруді дәстүрге айналдырған. Жалпы, осы ас беру үрдісі қайдан бастау алды? Шариғатымызда ас беру қарастырылған ба?
– Жалпы, бұл сұрағыңызға бірнеше қырынан келгеніміз дұрыс. Біріншіден, «құдайы ас» деген сөз атынан-ақ білініп тұрғанындай, Құдай үшін, Алланың разылығы үшін мұсылмандарға тамақ беру, ас іштіру деген мазмұнды береді. Тамақ берудің Ислам шариғатындағы орны өте орасан. Бірде сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі жолығып: «Ислам бұйырған істердің ең қайырлысы қайсысы?» деп сұрақ қояды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Өзгелерге тамақ беруің және танитынға да, танымайтынға да сәлем беруің» деп, қып-қысқа жауап қайырады. Бұл сөздің астары өте тереңде. Ислам діні адамзат баласының екі дүниедегі бақыты үшін жіберілген ең соңғы хақ дін екенін білеміз. Ал енді осынау ұлы діннің ең қайырлы ісі тамақ беру болып отыр. Тіпті, кейбір хадистерде жұмаққа кірудің төте жолы да ас берумен байланысты айтылған. Мысалы, хадистердің бірінде былай делінеді: «Тамақ беріңдер, сәлем беруді жайыңдар және түн ішінде адамдар ұйықтап жатқанда, сендер (тұрып) намаз оқыңдар. Осылайша аман-есен жұмаққа кіріңдер». Ендеше, тамақ беру, өзгелерді адал аспен ішкізіп-жегізу мұсылман дініндегі ең ізгі істерді қатарына жатады.
Екіншіден, асқа жиналған қауымның марқұмға деген дұғасын алу. Қайтыс болған кісіге жасалатын ең үлкен жықсылықтың бірі олар үшін дұға етіп, Алладан оларға кешірім тілеу. Әбу Үбайд Мәлик ибн Рабиа әс-Сайиди (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі, ата-анам қайтыс болған соң, оларға жақсылық жасаудың жолы бар ма?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бар. Оларға дұға жасау, олар үшін Алладан кешірім тілеу, артына қалдырған өсиеттерін орындау, ата-анасының туған-туысымен байланысты күшейту. Сондай-ақ, олардың жолдас-жора, достарына сый-сыяпат жасау» (Әбу Дауд. Сүнан. Әдаб, 12)
Қасиетті Құранға қарасақ, бұрынғыларға дұға ету ізгілердің ісі екенін көреміз. Мына бір аят сөзіміздің айғағы: «Олардың кейін келгендері: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын өткен мүмин бауырларымызды кешіре гөр! Ішімізде имандыларға деген ешбір ыза-кек қалдыра гөрме! Дұғамызды қабыл ет, Раббым. Шындығында, сен шексіз мейрімдісің, Рахимсың» дейді» («Хашыр» сүресі, 10-аят)
Ал, енді қазақ дәстүріндегі «жетісі», «қырқы» дегенге ойысайық. Қазақ жұртының әдетке айналған істерінің көпшілігіне белгілі бір заңдылықтар жатады. Этнографиялық еңбектерде бұл нәрсе егжей-тегжейлі айтылған. Өмірден өткен жанның жетісін, қырқын, жылдығын беру де тектен тек пайда бола салған дүние емес. Ол кезде қазақ ауылдарының, ағайын-туған, жекжат-жұраттардың арасы өте шалғай болғаны әмбеге аян. Бір күнде жетіп бара салатын бүгінгідей «атсыз көліктер» де дайын тұрған жоқ. Міне, сол жағдайда өмірдің талабымен туылған жоралар бұл. Ағайын былай тұрсын, көршілердің өзі жақын жерде отырмаған. Сондықтан, алыстан көңілқос айта келген қонақтарға арнайы мал сойдырып, ет астырып, тамақ бергізу қалыптасқан заң болды. «Құдайы ас» берудің қалыптасқан жолы жайлы айтарымыз осы.
– Бізге мәлім, дінімізде қайтыс болған кісінің артынан үздіксіз сауабы жетіп отыратын сауапты амалдар бар. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, ас беру кезіндегі шектен тыс ысырапшылдық, қабір тұрғызғанда шығындалу, аста-төк дастархан жаю дұрыс па? Өз ортамызда, өмірде тұрмыс тауқыметін тартқан ағайын-туыс жетерлік. Неге осы мұқтаждарға жұмсап сауабын еселемеске?
– Иә, бұл да өте маңызды сауалдардың бірі. Ислам мұсылмандарға бүкіл жақсылықты бұйырып, күллі жаманшылыққа тыйым салатын иләһи дін. Мысалы, жұртқа ас беруге шақырғанымен, шектен тыс ысырап жасауға жол бермейді. Қасиетті Құрандағы «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді» деген аяттан ұғарымыз өте көп. Мәселен, жомарттық жасаймын деп тұрып, байқаусызда ысырапқор болып шығуымыз ғажап емес. Сондықтан, осы екі ортадағы қылдай нәзік өлшемнен қателік жібермеуге тиіспіз. Шындығында да, бүгінгі беріліп жүрген астар алаңдатпай қоймайды. Әрине, «байдың малын байғұс қызғаныпты» дегеннен аулақпыз. Жоқтан бар жақсы. Жоқтан сақтасын. Бірақ, барды шектен шықпай ұқсата білу де өнер. «Әкесі өлгенде, дұрыстап дастархан да жая алмапты» деген сөзді айтатындар да, сол сөзге қалмауға тырысатындар да кездеседі. «Әкесі кезінде оқытып, шоқытып, жетілдіріп еді. Енді бала-шағасының құдайы асын жарытпай отырғанын қара» деп күлетіндер де жоқ емес. Күрескенде, міне, осы түсінікпен күресу керек. Мұсылмандықта біреудің пікірі емес, Алланың бұйрығы маңызды. Дастарханға қойғанды жеп-тауысып кететін жамағат болса, мархамат. Бекерге төгіліп, біреулердің шошқасына жуынды болып жатқан ас-ауқат бар. Әділдік иесі Ұлы Алла осындай шектен шыққан іске рұқсат беруі мүмкін бе? Әлбетте, жоқ. Мұсылмандарға ас ішкізу – сауапты іс. Бірақ, ысырап ету – күнә. Міне, осылардың арасынан алтын ортаны таба білуіміз қажет. Тамақты өлшеммен беріп, ал артылған қаражат болса, жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек, ас-ауқат апарып берсек құптарлық амал.
– Қазақта «Өлім – бардың малын шашады…» деген де сөз бар. Абай атамыз айтқан «мал шашпақтық» қазіргі қоғам үшін қаншалықты қажет?
– Енді бұл жерде Абай атамыз құмар, арақ, зина секілді күнәлі істерге ақша шашуды сынаған деп ойлаймыз. Ал, қазаның жөні бөлек. Марқұмның асына жұмсалған малды бірден шорт кесіп, жаппай жаманшылыққа жатқыза алмаспыз. Перзент болған соң, күнде көріп жүрген ата-анасынан айырылу кімге болса да оңай соқпайды. Исламның заңдарынан жан-жақты хабардар болмаған соң малды-садақаны неғұрлым көп жұмсасам, соғұрлым өткен кісіге жақсы болады деген түсінік-ниет көп адамның жүрегінде болуы ықтимал. Сондықтан, бұл жерде түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілуі керек. Бірте-бірте бір жөнге келеді деп ойлаймын. Біздің қазақ өте парасатты, текті халық қой. БІр нәрсеге анық көзі жетсе, оны орындайды. Жақсылыққа қарай ұмтылады.
– Мұны сұрап отырған себебім де жоқ емес. Қазір Құдайы ас беруге шамасы жетпегендер қарызданып-қауғаланып дастархан жаятын кездерін де жиі кездестіреміз. Тіптен, банктен кредит алып жатқан да жағдайлар бар. Дінімізде Алла елшісі: «Жеңілдетіңдер, әсте ауырлатпаңдар, қуантыңдар, адамдарды қайғыға салмаңдар» дейді емес пе?
– Осы кредит деген анық дұрыс емес. Несиеге дініміз Исламда қатаң тыйым салынған. Әрине, кенеттен көз жұмған марқұмға жұмсайтын ақшаны табан астында қайдан табамыз дейтіндер шығар. Солай бола тұрғанымен кредитке жоламаған дұрыс. Бұл жағдайда туған-туыс, ағайын, дос-жар, көршілер, бірге жұмыс жасайтын ұжымдастар қарасы үйге жәрдемші болуға тиіс. Онсыз да қиналып отырған отбасының ақша іздеп сабылып кетпеуіне бар жағдайды жасап беруге тырысуымыз қажет. Қазақта ажал-ғайып деген тамаш сөз бар ғой. Ажал жарықтық кімге және қашан келерін Алладан басқа ешкім білмейді. Ол бүгін мына үйдің, ертең ана үйдің адамын әкетуі мүмкін. Біреудің басына түскен қиыншылық ертең біздің басымызға келеді. Сондықтан өлім-жітім сияқты жағдайды ел болып, жұрт болып атқаруға дағдыланғанымыз дұрыс болар. Дұрысын Алла біледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ,
E-islam.kz