– Армысыз, Асылбек аға! Күні кеше ғана БАҚ беттерінде жиырмадан астам астаналықтың шетел асқаны жария болды. Әлем халықтарын алаңдатқан осы мәселенің астарында не бар?
– Бұл мәселенің бәрі Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалармен байланыс тауып отырғаны мәлім. Сол оқиғаларға қазір қарап отыратын болсақ, ислам дініне бұрынғыдан да жіті қарауды, ислам дінін бұрынғыдан да терең, толық тексеріп, зерттеуді талап етеді. Өйткені, ислам дінінің жер бетіне жіберілу мақсатын дұрыс түсінбеудің себебінен қазір небір күнәлар, небір қылмысты істер жасалып жатыр. Мысалы, атышулы топтардың тарапынан жасалатын кісі өлтіру, қан төгу, ғимараттарды өртеу, жазықсыз адамдарды қойша қыру, адамзат тарихына жасалған қиянаттар, осының барлығы бүгінде сол ислам деген аттың астарында жасалып жатыр. Енді «жер бетінде исламның халифатын құрамыз, ислам жер бетін билеуі керек!» деген жалған ұранның негізінде қазір бір мұсылман бір мұсылманның өмірін қиып жатыр. Осы нәрсе дұрыс па, шариғатта бұған негіз бар ма? Жалпы бұл ойындарды кім ұйымдастырып отыр? Оның авторы кім? Оның ар жағында кімдер тұр? Міне, осы сияқты сұрақтар өз жауабын күтіп тұр. Ендеше, қазір бұл салада үлкен-үлкен ғылыми зерттеулердің негізінде жұмыс істеу қажеттігі туындады. Осы тұста бір қорқатынымыз, «күнәні – сауап, қылмысты – жиһад» деп адасқан топтардың арасынан біздің де қаракөздердің табылуы, ер-азаматтарды былай қойғанда қыз балаларының да сол нөпірдің соңынан еруі, әрине, жанымызға батады. Бұл тек діни ғана емес, әлеуметтік-саяси сауатсыздықтың да нәтижесі деп ойлаймын. Өзге елдерде, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізе алатын адам олардың не себепті болып жатқанын анық аңғарса керек. Өз басым Таяу шығыстағы оқиғаларды әлемді жайлап бара жатқан маскүнемдік, есірткіқұмарлық, СПИД ауруы, қолдан жасалған азғындық, қолдан жасалған экологиялық зардаптар, ішіп-жемнің химиялық құрамы, неше алуан дінаралық, халықаралық, ұлтаралық, тіпті бір ұлттың ішіндегі қақтығыстар мен қантөгістер, т.б. әрекеттердің қатарына қосамын. Осының бәрі кездейсоқтық деп кім айта алады? Мұның бәрінің мақсаты – біреу. Жер бетіндегі адам баласын қойдай қыру. Әлемді «артық» адамдардан босату. Ендеше, қазір елімізде тонналаған арақ пен вагондаған темекіні алып-сатумен айналысу қандай ессіздік болса, өзінің бейбіт елін тастап, «жұмаққа кіремін» деген жалған қиялмен шетел асып кету де дәл сондай ессіздік, сауатсыздық. Біздіңше, осы жағдайларды халықтың, әсіресе, жастардың санасына сіңіріп, құлақтарына құйып отыруымыз қажет.
– Осы тұста біз әңгіме ауанын, жаңа ғана өзіңіз тілге тиек еткен қаракөз қарындастарыңыздың мәселесіне бұрсақ… Қазақ қыздарының арбалғаннан кейінгі өмірі қалай өрбиді?
– Байқап отырғанымыздай, лаңкестік топтар біздің момын қарындастарымызға құрық сала бастады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемдік деңгейде жүріп жатқан үлкен тенденция. Алдымен қыздарды ниқабқа шақырады, ниқаб дегеніміз тек қана көзін қалдырып, өзге жерінің барлығына қап-қара түсті киім кию. «Алладан қорықсаң етті! Неге сен ашық-шашық жүресің? Көзіңді ғана ашық қалдырып, қара киінбесең, әйел басыңмен қалай тақуалыққа жетпексің? Осындай «уағыздарымен» қыз баланы алдымен ниқабқа шақырады. Ал негізінде, Исламда қара киініп алсын, көзін ғана ашып жүрсін деген ешбір талап жоқ. Ұятты жерлеріңді жауып жүруге қатысты бұйрық бар. Бұл екі нәрсені шатыстырмау керек.
– Екінші саты – «никях», яғни, неке. Жап-жас, он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарды қорқытып: «Әй, сен Құран оқымайсың ба? Құранда «2, 3, 4 әйелге үйленіңдер!» деген. Сол аяттарға сен неге атүсті қарайсың? Әлі күнге дейін соқа басың состиып жалғыз жүрсің» деген секілді «улы насихаттар» жасалады. Осылайша ештеңеден хабары жоқ қаракөз қарындастарымызды өздерінің арасындағы бір адамдарға кейде бірінші, кейде екінші, кейде төртінші әйел ретінде некеге мәжбүрлейді. Шынымен, шариғат солай екен деп үрейленген қыз бала жүрегімен қаламаса да келіседі. Ал негізінде, мейірім діні Исламда мұндай зорлық жоқ. Ер адамдарға неше әйелге үйленуге болатыны, яғни шегі, шекарасы көрсетілгені рас. Бірақ ол міндетті түрде үйленіңдер деген сөз емес. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Біреулер шиеттей баламен жесір қалады. Тағы біреулер егде тартқанша тұрмыс құра алмай қалады. Біреуді ағасы қайтыс болып, жеңгесі қалып кетеді. Міне, сондай кездерде үйленіп, Алла разылығы үшін сондай жарымжан адамдарға пана болайын, қорған болайын деген ниеттегі ер азаматтар шығуы мүмкін. Аталмыш мазмұндағы аятта осыған рұқсат берілген деп түсіну керек. Әйтпесе, өмірге қадамын енді ғана басқан өрімдей жас қыздарды «қатын қылып», біраз уақыттан соң «талақ қылып тастай сал» деген бассыздықты шариғат қолдамайды.
Жат ағымның әуселесі мұнымен бітпек емес! Некедегі адамды бірте-бірте тағы да исламдағы негізгі ұғым боп саналатын «һиджратқа» шақырады. Ол хиджрат деген нәрсе негізінен өткен. Оның тарихы кезінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Мекке қаласынан Мәдина қаласына көшкен уақыттан басталады. Осынау қасиетті көшті біз Һиджрат дейміз. Ал қазіргі кезде мысалы ораза ұстауға, намазын оқуға, шариғатын толық ұстанып жүруге кедергі жасап отырмаған елді тастап, басқа бір мемлекетке көшіп кету деген ол ешбір Һижратқа жатпайды. Егер сенің дініңді ұстануыңа, намаз оқуыңа, құлшылық жасауыңа жалпы мұсылмандыққа тыйым салып, ол сенің өміріңді кәдімгі ішкеніңді ірің, жегеніңді желім қылып жіберердей бір қысым көріп жатсаң, онда ойлануға болады көшу мәселесін. Ал негізінде дәл Қазақстан сияқты жаймашуақ, тыныш, бейбітшіл мемлекет әлемде қазір таба алмайсыз. Мұсылмандыққа ең керемет жағдай қазір Қазақстанда жасалып жатыр. Осындай мемлекетті тастап, басқа жаққа һижрат жасаймыз деген нәрсе бұл ешкімнің ақылына сыймайтын нәрсе.
Өз елінен, ортасынан, отанынан бөлінген бейбақты енді олар «Алла Тағаланың жолында күресу» деген мағынаны білдіретін «жиһадқа» шақыра бастайды. Қарапайым қыздарды Сен Алланың жолында жиһад жасауың керек дейді. Жиһадтыңда түр-түрін ұсынады.«Егер сен қолыңа қару ұстай алмайтын болсаң, сен өзіңнің тәніңмен, өзіңнің әйелдік сипатыңмен жиһад жасауың керек. Сол жақта Алланың разылығы үшін соғысып жүрген бауырларымызға өзіңнің тәніңді ұсынатын болсаң, ол сенің жиһадың болады деп, қаракөз қазақ қыздарын жиһадқа да шақырып жүрген адамдар бар.
– Иә, өкініштісі сол, арам пиғылды топтың мүддесіне арын құрбан еткен қыздар арамызда жүр. Бұрындары аналарымыз «әйел үйдің ажары, сол барған жеріңе адалдық, жарыңның, ата-анаңның разылығы – Алланың разылығы» деп ұғындырушы еді. Осы тәрбиеден айрылып қалдық па? Қазақ қыздары аялаған арын неліктен арзан ойыншыққа айналдырып жіберді?
– Қыз баласының осындай ақылсыз, парасатсыз, сауатсыз іске баруы – бұл мүлде дұрыс емес нәрсе. Біле-білгенге, қыз баланың жиһады үйінде. Егер тұрмыс құрмаған болса, өзінің ата-анасының үйінде, тұрмыс құрған болса, өзінің Алла алдында ақ некесі қиылған күйеуінің үйінде соған қызмет етсе, соның жағдайын жасаса, бала-шағасына дұрыс тәрбие берсе әйел баласының ең үлкен жиһады сол.
Осы орайдағы Сіздің ұлттық тәрбие турасындағы сұрағыңыз орынды. Нарықтық заманға дейінгі қыз баласының тәрбиесі көбіне көп этно-мәдени сабақтастықтан тамыр алып жатты. Шын мәніндегі қазақ мәдениеті исламмен тікелей үндестік тапқан болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде не дейді? «Қыз бала Аллаға иман келтіретін болса, күйеуіне бағынатын болса, бес уақыт намазын оқитын болса, жұмақтың қалаған есігінен кіреді» дейді. Міне бұл жерде «әйел адам жиһадқа барсын немесе көлденең көк аттыға тәнін ұсынсын» деген әңгіме жоқ. Санасы сау кісі осыдан-ақ үлкен ғибрат алар болар.
– «Шейіт» болуға құмартқан кей жүректер айналып келгенде оп-оңай жұмақтың төріне бара қалуды көздейді. Осы орайда «шаһид» сөзінің исламдағы мән-маңызы мен осынау үлкен мәртебенің кімдерге берілетінін егжей-тегжейлі түсіндіре кетсеңіз?
– «Шейіт болу» деген бар. Қазір де бар. Алла жолында жан тапсыру. Бұл тек қана жаңағы соғысқа барып, сол жерде жаныңды тапсырсаң, жұмаққа кіресің деген сөз емес. Онда миллиардтаған мұсылмандар, сол жаққа барып соғысып өле қалсақ, жұмаққа барады екен деген түсінік шығады. Ол дұрыс емес. Шейіт деген ол басқа мәселе. Кез-келген адамның тағдырына, кез-келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін нәрсе ол. Ал оның өзіндік шарттары бар. Айдалаға барып, мен шейіт болам деп, өлсең, ол – шейіт емес, күнәһар өліммен, надан өліммен өлесің! Пайғамбарымыз не дейді? «Кімде кім өзінің қауымынан бөлініп барып өлетін болса, ол надандық, жаһилия дәуіріндегі надандық өлімімен өлгенмен бірдей болады», – дейді. Міне сондай өлім боп қалмасын ол. Өзіңнің еліңнен бөлініп, жұртыңнан жалығып, шетел асып немесе өз еліңде жаның мен тәніңді бопсаға салғандағы әрекетіңнің тозаққа түсірмесіне кім кепіл? Есіңде болсын, қаракөз қарындас, жұмаққа өзіңнің еліңде жүріп-ақ барасың. Ол үшін жоғарыда біз тілге тиек еткен мәселенің байыбына барғаның абзал.
– Исламды интернет арқылы үйренетін қыз-келіншектерге айтарыңыз бар ма?
– Кейбір бауырларымызға, әсіресе қыз балаларға айтарымыз – өзі танымайтын адамдардың «Фэйсбук», «ватсап», «в контакте» немесе «твиттер» деген сияқты әлеуметтік желілеріне кіріп, «мен исламды солардан үйренем» деп, кейде адасып қалмауы керек. Исламды танымайтын адамнан үйрену өте қиын қазір. Қазір неше түрлі адамдар өздеріне топ құрып алған. Мысалы таяуда ғана бір қарындасымыз хабарласты. Ол «мен өзімнің иманымды күшейтуім үшін, құлшылығымды дұрыс атқаруым үшін өзіме интернеттен ұстаз іздедім. Сөйтіп іздегенімді таптым. Сонда орамал таққан қыз балалардың сұрақтары мен үшін бөлек болды. Неге десеңіз, олар бірінші «Ақидаң дұрыс па?» деген сұрақтан бастады. «Сен қандай ақидадасың» деп сұрай бастады. Одан кейін егер біздің «браттарымыз» сенің үйіңе баратын болса, соларға тұрмысқа шығар ме едің деген нәрсені айтқызады. «Никяхқа келісесің ба?» дейді. Ол екінші бола ма? Үшінші бола ма сондай нәрселерге шақырады. Одан кейін ата-анаң сенің намаз оқымай жүрген болса, күнәлі істер жасап жүрген болса олармен араласудың қажеті жоқ. Алла Тағала тұрған кезде, Алла Тағаланың шариғаты тұрған кезде ата-ананың не қажеті бар? Туысқанның не қажеті бар? Осы Алла жолында жүрген адамдармен топтасып жүрер болсаң, жұмаққа баруың оңай болады. Алла Тағалаға қарсы келіп, сен туысқаныңмен жақсы қатынаста болғаның дұрыс болмайды» деп бізге уағыз айтатын». Міне осы тақылеттес жайттармен, уағыздармен бетпе-бет келген қазақ қызы бірден есін жиып, аяғын тартқаны абзал. Дінді енді ғана үйреніп келе жатқан қарындастарымыздың «дін деген осы екен» деп арбалуына қатты алаңдаймыз.
– Бүгінгі қоғамдағы кей мәселелердің күрделенуі исламды дұрыс үйрену түсінігін тудырды. Сондай-ақ, кей азаматтар арасында «исламды мүлдем танымау, ислам аты аталған жерден қашық жүру» туралы ой қалыптасуда. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Исламды үйрену керек. Бірақ оны дұрыс үйрену маңызды. Исламды үйренбей-ақ қоя салсам да болады, деп жылы жауып қоя салуға болмайды. Исламды бүгінде қаласаңыз да, қаламасаңыз да үйренуіңіз керек. Өйткені адам дінсіз болмайды. Бір нәрсеге сенгісі келеді, бір нәрседен қорыққысы келеді. Бір жерге барғысы келеді, міне сондай кезде адамға дін керек болады. Сондай дінге қажеттілік туындап тұрған кезде өзге діннің, немесе өзге ағымның соңына еріп кететін болсаңыз, одан кейін сізді ешкім қайтара алмайды. Сол жолда кетесіз. Құдайға шүкір елімізде мешіттер көп, медреселер бар, сол жерлерге барып кәдімгідей ҚМДБ-ға қарасты мешіттерден, соның молдаларынан, әйел ұстаздардан үйрену керек исламды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы XII ғасырдан бері осы қазақ жұрты ұстанып келе жатқан исламды ұстанады. Сол қара шаңырақтың ұстанып отырған дінін ұстанып отырған мекеме қазіргі ҚМДБ. Ал енді одан бөлініп сыртқа кеттіңіз бе? Онда ағымдардың жетегінде кетуіңіз әбден мүмкін.
– Жоғарыда өз сөзіңізде нақтылағаныңыздай, жат ағым қазақты қазаққа тұл етті. Осы орайда тәкфіршілердің «күпірлікпен айыптау» идеясының астарын ашықтап берсеңіз?
– Тәкфіршілер үш нәрсені күпірлікпен айыптайды. Күпірлікпен айыптау деген, жеке адамды сен кәпірсің дейді, немесе бір қоғамды мынау кәпір қоғам дейді немесе бір мемлекетті мынау – күпірлік мемлекеті деп айыптайды. Үшеуі де өте қауіпті нәрсе. Жеке адамды кәпірсің дейтін болса, отбасының берекесі қашады, отбасында баласы шешесіне немесе сіңлісі өзінің әпкесіне «сен кәпірсің, сенімен бір дастархан басында отырмаймын» деп адамды кәпірге шығарып жатса, ол отбасында береке болмайды. Ұрыс-керіс айғай шу, бірін-бірі жек көру, одан кейін ақырында үйден көшіп кетумен тынады. Бұл үлкен мәселе. Екіншіден, белгілі бір қоғамды кәпір деп айыптау. Қоғам әртүрлі болады. Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, қоғамның ішіндегі адамдардың барлығын бір сыпырғымен сыпырып шығуға болмайды. Оның ішінде 12 ғасырдан бері мұсылмандықты ұстанып келе жатқан мұсылман жұрттар бар. Ислам деген нәрсе, мұсылмандық деген нәрсе адамның ішінде болады. Жүрегінде болады. Оны өкінішке қарай ашып көруге ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Ашып көрсеңіз де ешкімнің жүрегінде мынау мұсылман, мынау мұсылман емес деген жазу таппайсыз. Оны Алла біледі. Тіпті арақ сататын дүкеннің маңында арақ ішіп аунап жатқан адамның тағдыры ертең мына Алланың жолында жиһад жасаймын деп жүргеннен жақсырақ болуы мүмкін. Ол ертең-ақ түзеліп өзінің қорқып жүрген, сеніп жүрген Алласына иман келтіріп, үстіндегі кір киімін тастап, шомылып, ғұсылын құйынып, намазға тұрып керемет бір мұсылманға айналуы мүмкін. Арақ ішкені үшін ол адамды сен кәпірсің деп айта алмаймыз. Осындай оқиғалар көп болған тарихта. Мысалы біздің имамымыз Әбу Ханифаның кезінде де Хариджиттер топырлап, қолдарында қарулары бар мешітке баса көктеп келеді де «Ей имам, – дейді. Біреуі арақтан өлген, біреуі зина жасап, зинадан кейін өзін асып өлтірген адам. Олардың жағдайы қалай болады айтшы маған дейді. Сонда имам «жатқан адам яһуди ма, христиан ба, әлде отқа табынатын мәжуси ма»,- дейді. Жоқ олардың үшеуі де емес дейді. «Енді кім?». «Алланы бір, пайғамбарды Мұхаммед» деп танитын үмметтен дейді. «Онда жауапты өзің беріп тұрсың» дейді имам. Олар арақ ішсе де, күнә жасаса да «Лә иләһа илалла» деген екен ғой. Енді сен маған мынаны айтшы дейді. Осылардың иманы үшке, төртке, беске бөліне ма дейді. Нешеден бір бөлігі олардың бойындағы иманы дейді.
– Жоқ, қалай бөлінеді? Иман тұтас болады, – дейді,- Иман бөлінбейді екіге, үшке, беске, – дейді.
– Онда жауабын тағы да өздерің бердіңдер. «Лә иләһа иләллаһ» деп иман келтірген екен, оларға байланысты ешқандай сын таға алмайсың, яғни олардың мұсылмандығына сен күмәнмен қарай алмайсың дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Кезінде Ибраһим пайғамбардан өзіне бағынбаған күпірлік жасаған елге жақсылық тілеп дұға етті дейді. Кезінде Иса пайғамбар да өзінің адасқан қауымы үшін жаны ашыды… Ал енді Мұхаммедтің үмметімін деп жүрген мұсылман қауымды сен күпірлікке ешқашан шығара алмайсың!» дейді. Осындай жағдайлар Исламның тарихында өте көп, пайғамбарымыздың дәуірінде де болған.
– Сөз соңында исламдағы санаулы ұғымдарды алдыға тартып, түзу жолынан жаңылғандарға айтарыңыз болса, мархабат…
– Ғылымның ғибадат екенін дұрыс түсінуіміз керек. Кезінде ғибадат, Құран адамның өмірімен тығыз байланыста болған. Осы тығыз байланыста болған кезде алгебраның да, географияның да, барлық ғылым салаларының негіздерін мұсылмандар қалаған. Ең керемет теорияларды солар жасап кеткен. Міне, солар жиһад жасады. Сол кездің жиһады сол еді. Енді бүгінгі жиһад қолыңа қалам аласың. Ғылыммен айналысасың! Адамзатқа пайдалы іс жасайсың! Бейкүнә адамдардың өліміне себеп болу еш уақытта жиһад болған емес, болмайды да. Сондай-ақ, бұл нәрсені үлкен тығырық деп түсінетін болсақ, бұл нәрседен шығу жолы – ағартушылық. Діни ағартушылық. Одан басқа жол көріп отырған жоқпыз. Әрбір қазақтың үйіне дұрыс мұсылмандық жету керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы