«Егер ақиқатты көремін десеңдер, Алла оны көрсетеді,
Түзу жолды іздесеңдер, түзу жолға түсіреді»
(Әли ибн Әбу Талиб)
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) мынадай ғажап оқиғаны айтады:
«Мен, Омар ибн Хаттабтың (р.а.) халифалық кезінде түс көрдім. Түсімде Алла елшісінің (с.ғ.с.) артында тұрып, таң намазын оқып тұр екенбіз. Намазды тәмамдап, мешіттің есігіне беттеген кезімде, ауызда тұрған бір әйелді көрдім. Оның қолында бір леген құрма бар екен деймін. Әйел маған:
– Ей, Әли! Мына легенді алып, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бер. Құрманы өз сахабаларына таратып берсін, – деді.
Мен құрманы алып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына қойдым. Ол өзінің шарапатты қолдарымен бір түйір құрманы алып, менің аузыма салды.
Мен:
– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Неткен дәмді еді. Тағы бірін салыңыз, – дедім. Бірақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) екінші құрманы бермей тұрып, таң намазына шақырылған азанның дауысынан оянып кеттім.
Сөйтіп пайғамбар (с.ғ.с.) мешітіне бардым. Омардың (р.а.) артында тұрып, таң намазын оқыдым. Намазды болып, мешіттің аузына барғанымда қолында бір леген құрмасы бар әйелді көрдім. Әйел маған:
– Ей, Әли! Мына легенді алып, мүміндердің әміріне бер. Ол құрманы өз жолдастарына таратсын, – деді. Мен құрманы алып, Омардың (р.а.) алдына қойдым. Омар бір құрманы алып, менің ауызыма салды. Мен оның дәмін татқан соң:
– Ей, мүміндердің әмірі! Тағы бір құрма берші, – деп өтіндім. Сол кезде Омар:
– Ей, Әли! Егер Алланың елшісі (с.ғ.с.) саған тағы бір құрма бергенде, әрине, біз де берер едік, – деді. Омардың мына сөзіне аң-таң қалған мен:
– Ей, Омар! Сен оны түсіңде көрдің бе, әлде саған ғайыптан көрінді ме? – деп сұрадым. Омар (р.а.) маған:
– Уа, Әли! Аллаға қасам! Оны түсімде көргенім жоқ, не ғайыптан хабар келген жоқ. Алайда, мүміннің жүрегі шынайы Аллаға ықылас танытса, жүрек Алланың нұрымен көреді, – деп айтты».
Әңгімеден алатын ғибрат:
Алла Тағалаға құдайшыл пенде болу. Алла Тағала «Бол!» деген нәрсе сол сәтте болады. Алла Тағаланың құдіреті шексіз. Бұған шүбә жоқ. Алла Тағала тақуа адамдардың көкірегін ашады, дұғасын қабыл алады. Себебі Алла тағала Өзінің сүйікті құлдарымен бірге. Кім Алла тағаланы көп зікір қылса, Алла тағала да оны зікір етеді. Алла тағала Құранда былай деп хабар береді:
«Шынында Алла тақуалармен, сондай-ақ жақсылық істеушілермен бірге» (Нахыл: 128).
Алла тағала тақуа пендесіне сұрағанын береді. Бірақ, тақуа адамдар өзінің мүддесі үшін Алладан еш нәрсе сұрамайды. Олар кедейлер мен мұқтаж адамдар үшін алақанын жаяды, сағаттап Аллаға мінәжат етеді. Мысалы, халифа Омар ибн Хаттабтың, Ибн Аббастың (Алла ол екеуіне разы болсын) Аллаға жалбарынып жауын дұғасын айтып, көктен жаңбырдың нөсерлетіп жауғаны туралы Ислам тарихынан да жақсы білеміз. Әлбетте Алла тақуа пенделерінің сұрағанын жауапсыз қалдырмайды. Өйткені, олар Алланы жүрекпен сүйеді. Ал біз Алланы жүрекпен сүйеміз бе?..
Адамның ой-пікірі жүрекке тікелей әсер етеді. Өйткені, ой мен пікір үздіксіз жауған жауын тамшысындай тамшылап, жүрекке түседі. Жүрек нені әмір қылса, адам соны орындайды. Жүрек кімді сүйсе, адам соны сүйеді, жүрек нені қаласа, адам соны қалайды, жүрек нені жек көрсе, адам соны жек көреді. Сол себепті де пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамның бойында бір кесек ет бар. Егер ол жақсы болса, онда барлық дене жақсы. Егер жаман болса, онда барлық дене бұзылады. Шынында ол – жүрек», – деп айтқан (Бұхари мен Мүслим).
Расында да адам бір нәрсені сүйсе немесе жек көрсе де жүрегімен қалайды. Жүрек нені әмір қылса, пенде соны орындайды. Жүрек ізгілік қылғанды, садақа бергенді, жақсы амалдарды сүйсе, адам сол нәрселерді қалауымен орындайды. Ал егер керісінше, адамның жүрегі зұлымдықты, жәбір көрсетуді қаласа, онда адам сол нәрселерге ынтығып тұрады. Абай атамыз да бұл пікірді: «…Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. …мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады…», – деп растап, жүректі адам денесінің патшасы ретінде қарай отырып, оны адамгершілік сипаттарының қайнар көзі, ұлы мекені деген танымды ұқтыруға тырысқан (Құнанбаев А. Аудармалар мен қара сөздер). Сондықтан да адам жүрегінің айнасы – оның жасаған амалдары мен айтқан сөздері екен. Адамның қылығынан, басқалармен қарым-қатынасы мен амалдарынан оның кім екенін білуге болады екен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ