Белгілі төрт мәзһабтың бірінің жетекшісі, мүжтаһид ғалым Мұхаммед ибн Идрис әл-Шафиғи (р.а.) анасы жайлы:
«Мен Палестинаның Ғазза қаласында дүниеге келдім. Әкем текті әулеттен болса да, кедей адам еді. Ол менің кішкентай кезімде қайтыс болды.
Анам мені екі жасымда Меккеге алып, көшіп барды. Жеті жасыма дейін Құран жаттауыма себепші болып, хафиздарға берді. Содан кейін үлкен мешіттегі ғұламаларға діни ілімдерді оқытуға жетектеп апарды.
Анам маған: «Балам Мұхаммед! Анау мешіттің ішінде әрбір ұстынның жанында, әртүрлі пәннен дәріс беретін ғалымдар отырады. Сен солардан барып білім ал, бірақ білімін ғана алмай ол ғалымның әдебін ал», – деп тапсырды. Содан бері анамның өсиетін өмірлік қағидам етіп алдым», – деп әңгімелеп берді.
Осындай алтын құрсақты аналар болмаса, әш-Шафиғидей (р.а.) ғалымдар дүниеге келер ме еді?
Дінмұхаммед Қонаев атамыз: «Пайғамбар да, әулие де, патша да, батыр да анадан туады», – деп айтқандай, Алла Тағала асыл аналарымыздан разы болсын!
Қуат ҚАБДОЛДА