Астанада «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогты нығайтудағы рөлі» тақырыбына арналған алғашқы Жас діни лидерлер форумы өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 30-дан астам елінен келген делегаттар қатысып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Отырыстың нәтижесінде жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданып, алдағы ортақ жұмыстың басым бағыттары белгіленді.
Форумды ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынғанын атап өткен. Бұл бастаманы делегаттар бірауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игілікті іс табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Жас діни лидерлер форумы.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Форум жас көшбасшылар арасындағы дінаралық диалогтың бірегей платформасына айналып, қазіргі сын-қатерлерді еңсеру ісінде жастардың күш-жігерін біріктіретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейді.
«Қазіргі таңда жаһандық проблемалар ушыға түскені белгілі. Форум өткізу идеясы осы сын-қатерлерге төтеп беретін тетік ретінде қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бүгінгідей алмағайып кезеңде диалог орнату – жаңа қағидаттар мен нормалар арқылы келісімге қол жеткізетін қолайлы орта құрудың жалғыз жолы. Әлемде қақтығыстар мен қайшылықтар күшейіп тұрған тұста рухани дипломатия мәдениеттер мен діндер арасындағы алтын көпір ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ бұл қадам жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруде ерекше мәнге ие. Жас дін лидерлерінің алғашқы форумы осы миссияның маңызды бір бөлігі. Біз жас көшбасшылар дінаралық диалогқа тың серпін беріп, бейбітшілік, толеранттылық және өзара түсіністік сабақтастығын сақтап, оны әрі қарай нығайта түседі деп сенеміз», – деді Съезд Хатшылығының басшысы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жастар оң өзгерістердің өзегі және орнықты дамудың кепілі екенін атап өтті. Сондықтан жас ұрпақтың үніне құлақ асып, олардың идеялары мен бастамаларын жаһан саясатына қатысты түйткілді мәселелерді шешу кезінде ескеру аса маңызды.
Осыған байланысты Хатшылық басшысы бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, цифрлық ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, әділеттілік, тұрақтылық және келісімге табан тірейтін ортақ болашақ қалыптастыру жолында жас көшбасшылардың әлеуетін тиімді іске асыруға арналған бірқатар маңызды бағытқа тоқталып өтті.
«Зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің кез-келген көрінісіне төзбеушілік ахуалын қалыптастырудың, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге және қоғамда үйлесімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етудің маңызы зор. Бұл ретте жастардың рөлі стратегиялық сипатқа ие. Қоғамда жалған ақпарат пен теріс насихатқа иммунитет қалыптастыру, балалар мен жастарға білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның сапасын арттыру да өзекті мәселе. Сондай-ақ бүгінде инклюзивті білім беруді дамытуға арналған бастамаларды қолдау, орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге белсенді үлес қосу және цифрлық технологияларды адамзат игілігі үшін жауапкершілікпен әрі әдеппен пайдаланудың маңызы да артып отыр. Сіздер осы басымдықтарды кеңінен дәріптеуге үлес қосасыздар деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев жас лидерлерді аталған бағытта белсенділік танытуға шақырды.
Өз кезегінде Форумға қатысушылар түрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың жас өкілдеріне, ғалымдар мен саясаткерлерге қазіргі өзекті проблемаларды талқылауға, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесіп табуға мүмкіндік бергені үшін Съезд басшылығы мен Хатшылығына ризашылықтарын білдірді. Съездің дінаралық және мәдениетаралық диалог пен рухани дипломатия сабақтастығын сақтауды қамтамасыз етуге қосқан үлесі зор екені де атап өтілді.
Панельдік сессиялар барысында жас дін көшбасшыларының әлемнің тұрақты дамуындағы рөлі, жаңа технологиялар дәуіріндегі рухани құндылықтар, оның ішінде жасанды интеллекттің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Форум кезінде Қасиетті Тақтың дінаралық диалогы жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акаше, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри, Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Бэйли Уэллс, «Діндер бейбітшілік үшін» үкіметтік емес ұйымы Бас хатшысының орынбасары Дипика Сингх, Тонаф институтының президенті Эммануэль Ганс, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Ершат Оңғар және басқа да жас дін лидерлері сөз сөйледі.
Секциялық отырыстар барысында Форумға қатысушылар жас көшбасшылардың әлемнің тұрақты дамуындағы, мәдениеттер мен діндер диалогындағы рөлін, сондай-ақ, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтарды талқылады.
Форумның нәтижесінде қорытынды құжат – Жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданды. Онда қатысушылар Съездің және бірінші Форумның ұйыстырушы әрі жасампаз рөліне баса мән берді. Құжатта жастар өзара құрмет пен келісім, мейірімділік пен жанашырлық, түсіністік пен ынтымақтастық салтанат құрған әлем қалыптастыруға өздерінің білімдерін, күш-қуатын және ерік-жігерін жұмсауға дайын екендерін де атап өткен. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар 2025 жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында Жас дін лидерлерінің екінші Форумын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.
Мәулен Әшімбаев Форум аясында мазмұнды талқылаулар болғанына және маңызды идеялар айтылғанына назар аударып, өзекті мәселелерді шешуге арналған ұсыныстарды – батыл қадам, ал, бірлескен үндеу – ортақ күш-жігердің символдық нәтижесі екенін атап өтті.
«Жас дін лидерлерінің бірінші форумына қатысушылардың бірлескен үндеуінде жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында адамзатты ұйыстыра түсетін конфессияаралық диалогтың маңызды рөліне баса мән берілген. Шын мәнінде, бірлескен жұмыс арқылы ғана кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі, дағдарыс сияқты проблемаларды тиімді шеше аламыз. Осы құжатта көрсетілген басымдықтар жас көшбасшылардың одан әрі бірлескен іс-қимылдары мен өзара тиімді ынтымақтастығының берік негізін қалайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жастар – әлемдегі оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Жас буынның күш-қуаты, ынта-жігері және идеялары дінаралық диалогқа тың серпін беріп, халықаралық қоғамдастықтың бүгінгі сын-қатерлерді еңсеруіне оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Айта кетейік, Жас дін лидерлерінің форумын өткізу туралы идея – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2023 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттардың бірі.