Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Бұл шаралар елімізде ұлттық құндылықтар мен қазақы болмысымызды дәріптеуге үлкен серпін бермек. Осыған орай, «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен елордада «Zeket village» этноауылы ашылды.
Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу үшін аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан 500 баланы этноауылға апару.
7 қыркүйекте Zeket village этно ауылының ашылу салтанаты өтті. Оған ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев пен ұлттық салт-дәстүрге құрметі ерекше жасөспірім балалар қатысты.
Айта кетейік, бұл этноауылда балалар ат әбзелдері, садақ ату, асық ату секілді ұлттық ойындармен қатар қазақ үйдің жабдықтарымен танысып, ұлттық кәсіп түрлері – қыш-құмыра жасау өнері, ағаш, темір ұсталық секілді этно кәсіптермен танысады. Осылайша балалар демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізбекші.
«Дәстүрді сақтау – елдігіңді сақтау» демекші, бұл бастама келешекте балалардың этно-волонтерлік бағытта үлкен жұмыстар жасап, ата-бабадан қалған асыл мұрамыз – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды ары қарай дамытып, еліміздің болашағын жарқын етеді деп сенеміз.