Біздің қоғам өміріндегі өзгерістермен қатар мемлекеттің дін турасындағы саясаты халықаралық қауымдастықта бейбітшілік пен дінаралық келісім орнату саясатымен үндесіп, дамып келеді.
Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан діннің өзіндік мәні зор. Дінге көзқарас әр дәуірде, әр қоғамда әртүрлі болып келген. Сондықтан дін дегеніміз не, оның тарихы қандай екендігін білу бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әр азамат үшін мәдени қажеттілік деп ойлаймыз.
Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын ерекше құбылыстар. Дін – қоғамдық құбылыс болса, қоғам – мемлекеттің негізі. Қазір біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да өркениетті қоғамның әрбір азаматы өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі қажет.
Діни келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі. Діни келісім мен конфессияаралық бейбітшілік, бірлік, тұрақтылық көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге әлемдік діни, рухани орталық ретінде танымал. Елордамыз Астана қаласында әлемдік дін басшыларының форумын өткізу дәстүрге айналды. Оған бүкіл әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары діни мәселелерді шешу үшін жиналады. Президент Қ.Ж Тоқаевтың бастамасымен Астана қаласында 2022 жылы 14-15 қыркүйекте әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезі өтті. Оған әлеуметтік және дәстүрлі діндердің лидерлері, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Съезд қорытындысында Астана декларациясы қабылданды.
Декларацияның «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидері съезінің жұмысы, түрлі діндер, конфессиялар мен діни ілімдер өкілдері үшін халықаралық, дінаралық диалог алаңына айналғанын тағы да құптай отырып бір ортақ ұстанымға келдік» деген мәлімдемесі көп нәрсені аңғартады. Бұл құжатта «Дін өркениеттерді байланыстырушы болуы керек» деп атап көрсетіледі. Бейбітшілік пен халықтың гүлденуі барлық діндер мен әлем мәдениетінің ақырғы мақсаты. Біз барлық халықтарға әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастақты орнату үшін дінаралық және конфессияаралық үнқатысуды іске асыру жөніндегі практикалық бастамаларды қолдауға шақырамыз делінген декларацияда.
Қорыта айтсақ, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу, аймақтық қауіпсіздікті қолдау механизмі ретінде мәдениеттер мен өркениеттер диалогін дамытуға Қазақстанның қосқан үлесі деп білеміз.
Б. ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің Философия
ғылымдарының докторы, профессор