Семей – Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, республикадағы мәдени, тарихи орталық болып саналатын Алаштың астанасы. Бұл өңірде елін жаудан қорғаған батырлар, тілінен сөз маржаны төгілген ақын-жазушылар, бұлбұл дауысты әншілер, бармағымен күй өрген дәулескер күйшілер, тағылымды білім-тәрбие бастауларын қалыптастырған ғалымдар мен қайраткерлер туған.
Ал бүгінде бұл аймақта дін қызметі қалай жүзеге асып жатыр? Өңірдегі жат ағыммен күрес жұмыстары, имамдардың діни сауаты мен діни білім алғысы келген жандарға кеңестер туралы Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқановпен сұхбаттасқан едік.
Дінге қызығушылығым анам арқылы келді
– Асқар Әбітайұлы, өткен шаққа көз тастасақ, Мысырда «Шариғаттану» мамандығы бойынша білім алған екенсіз. Оқу жылдарында Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы елшілігінің тағайындауымен сол елдегі қазақ студенттеріне жауапты староста қызметін атқардыңыз. Мысырда діни білім алу жолдарына тоқталып өтсеңіз. Дінге деген қызығушылыңыз қалай басталды?
– Менің дінге деген қызығушылығым 18-19 жасымда басталды. Ең алғашқы дінге деген иммунитет анамнан берілді деп айта аламын. Менің анам діндар кісі. Намаз бен басқа да құлшылықта сауаптың молдығын түсіндіріп, Алланың барлығы мен бірлігін әлі күнге дейін бізге айтып отырады. Анамның бойынан алған нәр арқылы дінге жақын болсам керек. Бірге өскен бауырларым мен достарымыздың дінге келуі де бізге жақсы әсер етті деп ойлаймын.
2004 жылдың соңында Алланың қалауымен Мысыр елінде білім алуға мүмкіндік туды. Ешқандай діни білімсіз, тек намаз оқу деңгейімен бардым. Әлі күнге дейін Мысыр елшілігіндегі азаматтарға, қазақ студенттеріне бас-көз болған ағаларымызға алғысымды білдіремін.
Себебі, тек намазбен ғана шектеліп, діни білімі әлі толық жетілмеген жастарды дұрыс жолға салып, бағыт-бағдар беріп, бізге көңіл бөлген сол кісілер еді… Әсіресе, сондағы діни ахуалды, ол жақта да діни ағымдардың бар екенін түсіндіріп, қандай жолда жүру жайында үлкен нұсқау көрсетті.
Атап айтқанда, Бағдат Әмреев, вице-министр болған Берік Арын ағаларымыз бізге қазақи ұстанымдағы ханафи мәзһабын ұстану керек екендігін айтып, ақыл-кеңестерін беріп отырды. Әйтпесе, ол жаққа барып, жат ағым жолына түсіп, тіпті, әрі қарай Сирияға өтіп, терактілерге қатысқан Қазақстан азаматтары да болған еді.
Білім жолында бізді дұрыс бағытқа салып жіберген әрі үлкен ілім жолына көпір бола білген – Қазақстан елшілігі. Ең алғаш барғанда Әл-Азһар университетіне түспей тұрып, елшіліктің бағыттауымен қазақи тәлім алып, негізгі іргетасымыз қаланды.
Сол кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти қызметін атқарған Ержан қажы Малғажыұлы сабақ берді және қазіргі наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Шоқанов, Сәбит Ибадуллаев ұстаздарымыз болды.
Сонымен қатар, Рахымжан Әкімбеков бізге тәпсірден, араб тілінен сабақ берген болатын. Старосталық жолды Қазақстан Республикасының Мысырдағы елшілігі бізге жүктеді. Біз сол уақытта оқуымызбен қатар қазақ студенттерінің жұмыстарын бірге атқарып, ауызбіршілікті сақтап жүрдік. Сондай-ақ, халыққа қызмет ететін бір бағытта оқып кетулеріне үлес қосу үшін старосталық қызметті бірге атқардық.
Шетелдіктер ҚМДБ тәжірибесіне қызықты
– Терроризмнің алдын алу – біздің елдің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, сіз Мәскеуде өткен «Терроризм мен экстремизмнің алдын алу жолдары» атты семинарға қатысып, тәжірибе жинап қайтқан екенсіз. Сол тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз?
– Иә, ол кезде Ресей мұсылмандары діни басқармасы мен ҚМДБ арасындағы меморандумға байланысты бұрынғы кеңестік мұсылман елдерінің барлығы қатысқан 17 күндік семинар өткен болатын. Терроризм мен экстремизмнің алдын алу жолдарында жақсы бір семинарға қатысқанымыз біз үшін өте жақсы үлкен тәжірибе болды.
Сол кезде түрлі елден: Татарстан, Дағыстан, Қырым, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген дін қызметкерлерімен тәжірибе алмастық. Ресейдің теологтары, түрлі саясаттанушылардың дәрістеріне де қатыстық, пікір алмастық, өз тәжірибемізбен бөлістік.
Бір аңғарғанымыз – еліміздің дін қызметкерлерінің терроризм мен экстремизмнің алдын алу жолындағы тәжірибелері мен ҚМДБ бастамалары өзге ТМД елдеріне қарағанда алға жылжығаны көріне білді. Яғни, республикалық және жергілікті ақпараттық насихат топтарын құру тәжірибелеріміз кейбір елдерді таңқалдырған болатын.
ҚМДБ-ның терроризм мен экстремизмнің алдын алу жолындағы жұмыстарына өзге елдердің дін қызметкерлері қызыға қарағаны бар. Өзіміздің кемшін тұстарымызды да аңғарып, пайдалы сабақ алдық.
Имамдар қазақтың асыл мұрасын насихаттауда
– Сіз айтып отырған ақпараттық-насихат топтарының басты мақсаты – жат ағымның алдын алу. Өзіңіз де аталған топтардың жұмысына белсене араласып жүрсіз. Бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асып жатыр?
– Иә, мен 2013 жылдан бері ҚМДБ жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының, елорда мен Алматыда қызмет еткен жылдары жергілікті ақпараттық-насихат тобының тұрақты мүшесі болдым. Көп жұмыстар атқарылды. Қазақстанның барлық дерлік облыстарында болдым. Оның ішінде, түрмелерде, жеке кездесулерде жат ағым өкілдерінің түрлі санатындағы азаматтармен жұмыс істедім. Шүкір, нәтиже де бар.
Осы РАНТ және ЖАНТ жұмыстарының арқасында көптеген жат ағым өкілдері дәстүрлі дін жолына қайтты. Жат ағымдармен жұмыс жасау үшін ғаламторға көп күш салдық. ҚМДБ сайтындағы және жергілікті имам-ұстаздарымыздың онлайн дәрістерін де барынша таратуға мүмкіндік жасап отырдық.
Қазіргі күні Семей өңірінде 110-нан аса мешіт бар. Негізі 7 ауданды 9-ға бөліп жұмыс жасаймыз. 350 мыңнан аса халқы бар Семей қаласының өзінде 11 мешіт бар. Жалпы 758 мындай халқы бар жерде біздің өкілдік қызмет атқарады. Қазір карантиндік жағдайға байланысты көп шараларымыз онлайн режимде өтуде.
Жылды имамдарды оқытудан бастадық. Яғни, оларға Абайдың 175 жылдығына байланысты 2 рет «Абай хәкімнің рухани мұралары» атты 15 күндік семинар өткіздік. Сол жерде Абай хәкімнің қара сөздерін, діни өлеңдерін шариғаттың аят-хадистерімен салыстыра отырып, шарықтап үйрендік.
Ондағы мақсат – имамдарымыздың қазақи болмыстағы уағыз-насихаттарын дамыту. Наурыз айының басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Абай хәкімнің рухани мұралары» атты республикалық конференция өткіздік. Онда абайтанушылар, алаштанушылар мен дінтанушылар қатысты. Ғарифолла Есім секілді белгілі абайтанушы, дінтанушы азаматтар тұлғаларымыздың асыл мұраларын дәріптеп, конференцияның көркін аша түсті.
Теріс ағыммен айналысатын қызметкерлерге қаражат бөлінсе…
– Жат ағым демекші, кезінде елордада «Әзірет Сұлтан» мешітінде сауат ашу курсы мен теріс ағыммен жұмыс жасау бағыттары бойынша наиб имам қызметін атқардыңыз. Жалпы, бұл бағытта не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
– Жалпы «Әзірет Сұлтан» мешіті дін жолында, оның ішінде сауат ашу курсы, теріс ағыммен жұмыс жасауда үлкен тәжірибе берген мешіт. Ол жерде қыруар жұмыс атқарылды. Яғни, жеке кездесу, жалпы кездесу, теріс ағымға қатысты ақида сабақтарын жүргізуде де біраз тер төктік. Әлі де жасалуы керек талай нәрсе бар.
Бұл бағытта жетіспейтін нәрсе көп деп айтуға болмайды. Аллаға шүкір, ҚМДБ-да Оқу-білім бөлімі бар. Онда көп жұмыстар жасалып жатыр. Сауат ашу курсы да бар. Арнайы дәрістер де белгіленген. Карантин кезінде онлайн түрде дәрістер де үзілген емес.
Сонымен қатар, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей бастамасыменен тұңғыш рет ҚМДБ-да Оңалту бөлімі ашылды. Ол тікелей теріс ағыммен жұмыс жасайды әрі онда тәжірибелі маман Қанат Алшынбаев бауырымыз қызмет етеді. Осы бөлім ашылғалы жүйеленіп, жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл оңалту жұмысын жүргізу мен теріс ағымдармен жұмыс істеу үшін біздің теологтарға, исламтанушыларға, сондай-ақ имамдар мен ұстаздарға тұрақты түрде жетерліктей қаржы бөлінсе деген тілек бар. Мысалы, бізде Оңалту бөлімінің бастамасымен топтар құрылды. Өңірімізде арнайы атаулы тобымыз бар. Онда 10-нан аса оқыған тәжірибелі имам жұмыс істейді. Шіркін, сол имамдарымызға мемлекет тарапынан арнайы тіркелген қаржы бөлініп отырса…
«Әттеген-ай» дейтін бір жері осы.
Имамдардың білімін жетілдіріп отырамыз
– Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы адамзаттың асыл қазынасы – дінге қатысты ойлар назардан тыс қалмаған. Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, биік сауаттылықты, әсіресе, жан тазалығын қажет етеді. Осыған байланысты өңірдегі имамдарының діни сауаты қаншалықты және ауылдардағы имамдардың білім деңгейі тексеріле ме? Олардың жергілікті дәстүр туралы білімі қандай?
– Өңірдегі имамдардың діни сауатына келер болсақ, Семейде қала имамдарына қарағанда ауыл имамдарының саны көп. Имамдарымыздың 30%-ы жоғары білімді, яғни бакалавр деңгейінде білім алған. Сондай-ақ, аудан, қала имамдарына жоғары білімді маман қою талабын орындап, жылдан-жылға көбейтудеміз.
Биылдың өзінде Семей қаласына Әл-Азһар университетін, «Хасеки» академиясын бітірген, Пәкістан Ислам Институты Академиясын оқыған, Малайзия Ислам университетінің магистратурасында оқып жатқан мамандарды Семей өңіріне жұмысқа тарттық. Биылдың өзінде Нұр-Мүбәрак университетін бітірген бірнеше азаматты жұмысқа алып отырмыз.
Биыл Семей өңірі бойынша 30-ға жуық шәкірт діни оқуға түсті. Соның 14-і биыл жоғарғы оқу орнына түсіп, білімін жалғастырып жатыр. Дін қызметкерлерінің сауатын ашу үшін біз тұрақты түрде семинарлар өткізіп тұрамыз.
2019 жылдың аяғында Семей өңірінің имамдары жалпы аттестациядан өтті. ҚМДБ басшылығымен ұйымдастырылған сараптамада білімі тексерілді әрі оны жетілдіріп отырамыз. Имамдарымызды кез келген курстардан шет қалдырмаймыз.
Семей өңірі – қазақи жер. Абайдың, Шәкәрімнің, Әлиханның, Мұхтардың кіндік қаны тамған жері болғандықтан көбіне біз имамдардың шешен сөйлеуіне мән беріп, соған байланысты талаптар қойып отырамыз. Соның бірі – осы имамдардың арасында «Абай рухани мұралары» атты еңбектері, мақала жазу сайыстарын өткізуді қолға алдық. Семей өңірі бір облыстан алда немесе басқа облыстардан артта емес, орташа діни ахуалы дамып келе жатқан өңірдің бірі болып саналады.
Онлайн академия құрылды
– Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистратура түлегісіз, сонда ұстаздық қызмет те атқардыңыз. Аталған оқу орнында діни білім алғысы келген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Араб тілі мен шариғат ілімін алам деген азаматтарға Нұр-Мүбәрак университетін ұсынар едім. Ол ТМД кеңістігіндегі белді әрі терең білім бере алатын деңгейдегі жоғары оқу орындарының бірі. Мұнда шетел мамандары, академик деңгейіндегі исламтанушылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, отандық ғалымдарымыздың қатары да көбейді.
Соның бірі қазіргі проректор Қайрат Құрманбаев және ректор көмекшісі бұрынғы бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы секілді белді исламтанушы ұстаздар. Ризабек Батталұлы және теріс ағыммен жұмыс жасап жүрген Серік Тәжібаев, наиб мүфти қызметін атқарған Алау Әділбаев, ұстазымыз Мұхитдин Исаұлы секілді көптеген тәжірибелі ұстаздарымыз қызмет етеді. Тіпті, онлайн академия да қолға алынды.
Сондықтан кім діни білім аламын десе, бірінші медреседе немесе Нұр-Мүбәракта, кейін шетелде білім алса, нұр үстіне нұр болар еді. Нұр-Мүбәракты бітіргеннен кейін кез келген ислам әлеміндегі университетте әрі қарай ғылыми жұмыстарын алып кете алатындай деңгейге жету мүмкіндігі зор…
Балаларымыз қари болса деген арманым бар
– Төрт баланың әкесісіз. Балаларыңызды қаншалықты руханиятқа, тарихқа баулып келесіз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Аллаға шүкір, екі ұл, екі қыздың әкесімін. Бала тәрбиесі өте қиын, өзекті мәселе. «Балаңды тәрбиелемей тұрып, алдымен өзіңді тәрбиеле» дейді. Қазіргі карантиндік жағдайда ата-аналар ұстаз орнына ұстаз болды. Бірақ, ең қынжылатын нәрсе – балалардың тілі. Тіліне, олардың қазақша сөйлеуіне көңіл бөлу керек. Жеті атасын жаттатып, қазақи мұсылманды тәрбиелеу өте маңызды.
Ұлдарымыз республикалық «Абай өлеңдерін оқу» сайысында бас жүлдеге ие болды. Оны үйімізде Абай өлеңдерін жаттатып, конкурстарға ұсынып, қолымыздан келгенше балаларымызды қазақ руханиятымен, мұсылманшылықпен тәрбиелеуге әрекет жасап келеміз. Болашақта балаларымыз қари болса деген арманымыз бар. Алла Тағала, сол күндерге жеткізгей!
Әуелі Абайды, Шәкәрімді оқу керек!
– Қазір кітаптардың тасқынынан көз сүрінетін әрі ақпараттың заманы. Бұл ретте дін төңірегінде, әсіресе, теріс ағымдарға байланысты қандай кітаптар оқуға және тыңдауға кеңес берер едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Қазір діни кітаптардың, ақпараттардың көбейген заманы. Кейбірін оқып, кейбірін оқып үлгермей жатамыз. Бірақ қанша дегенмен де, кітап оқу керек. Ол адамға рухани азық береді. Әуелі Абайды, Шәкәрімді оқу керек дер едім. Абайдың «Қара сөздері» қандай керемет! Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» шариғат кітабы да ғажап.
Екінші, қазіргі исламтанушы ғалымдардың кітаптарын айтар едім. Мысалы, ақида кітаптары, иман негіздеріне байланысты Смайыл Сейітбектің, ақида бойынша Ризабек Батталұлының және Құран тәпсірлерін оқу қажет. Сосын матуриди негізі жайындағы Асқар Әкімханұлының, Қалмақан Ержанның, Қайрат Жолдыбайдың кітаптарын оқуға кеңес беремін.
Ең маңызды кітаптардың бірі Бас мүфти Наурызбай қажының «Мәзһабсызбен сұхбат» атты еңбегін де айтар едім. Онда теріс ағымдармен қалай диалог жүргізу, олардың бойында қандай нәрселерді білу керек деген секілді өте маңызды тақырыптар қозғалған. Осыларды оқыса, жалпы дін қызметкері немесе қарапайым жамағат ретінде өте жоғары рухани иммунитет қалыптасады деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет! Игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН