Хазіреті Ибн Омар (р.а.) былай дейді:
«Біз Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге намаз оқып тұрғанымызда жамағаттан біреу:
«Аллаһу әкбару кәбира, уәлхамдулилләһи кәсира, субхәнАллаһи букратәу уә әсыйлә» (Мағынасы: «Ұлықтардан Аллаһ ұлық, Аллаға көптеген мадақ-мақтауымыз болсын, таңнан кешке дейін Алланы кемшіліктен пәктейміз»), – деді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Бұл сөздерді кім айтты?» – деп айтты. Сөздің иесі:
«Мен айттым, уа Алланың елшісі!» – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да:
«Қандай керемет сөздер! Бұл сөздер үшін аспан есіктері ашылды!» – деді.
Ибн Омар:
«Бұл зікірді естіген күннен бері аузымнан тастамадым», – дейді.
Нәсаи бір риуаятында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзіне жалғас ретінде: «Он екі періштенің бұл сөздерді аспанға көтеруде таласқандарын көрдім», – дегенді қосады.
Хадисте баяндалғандай, «аспан есіктерінің ашылуы» – бұл зікірдің Алла Тағаланың құзырында қабыл болғандығына дәлел.
Сұлтан КЕРІМ