Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы VІ республикалық Құран жарысы өтті.
Сайысқа Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Сайысқа қатысушы барлық жасөспірімдерге сәттілік тілеп, батасын берді. Құран жарысына мешіт имамдары мен ұстаздары қатысты. Екі номинация бойынша яғни 29,30 және 30 пара бойынша бақ сынасқан қатысушылар Орталық мешіт залын әуезді Құран үнімен әуелетті. Жарысқа түсіп, жүзден жүйрік шыққан қатысушыларды бас имам Төлеби Дәділұлы құттықтап, арнайы қаржылай жүлделермен және сыйлықтармен марапаттады.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырғаны мәлім. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаятта былай баяндайды: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды», – деген. Осы орайда бар ықылас-пейілімен Құран оқуды үйренген жасөспірімдерге зор алғысымды айтамын. Алла разы болғай!» , – деді бас имам Төлеби Оспан.
29, 30 пара бойынша:
1-орын (200 000 теңге) – Қазен София Ринатқызы
2-орын (170 000 теңге) – Абдулғани Жасмин Мұхаммедалимқызы
3-орын (150 000 теңге) – Мариям Ринатқызы
30 пара бойынша:
1-орын (100 000 теңге) – Құралбай Әмина Ерменбетқызы
2-орын (70 000 теңге) – Тұрдыбакиева Муслима Рашидқызы
3-орын (50 000 теңге) – Тәсним Жарасқызы
Сонымен қатар барша сайысқа қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі