Елімізде жат ағымдардың жетегіне еріп кеткен қандастарымыздың қатары азаймай тұр. Осы орайда «Ақниет» АНОО» қоғамдық қоры өкілдігінің басшысы Асланбек Тыныштықов Маңғыстау аймақтық өңірінің оңалту орталығының аталған мәселені шешуге нендей істер атқарып жатқандары жөнінде KAZISLAM порталына әңгімелеп берді.
– Асланбек Сағынайұлы, сіз ұзақ уақыт жат ағымның жетегінде кеткен жандармен жұмыс істеп келе жатсыз. Қазіргі таңда сіздің орталық қандай қызметтер атқарып жатқандығы жайлы айтып бере аласыз ба?
– Қазір «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қоры республика көлемінде қызмет атқарып келеді. Жұмыс барысында басымдық ақпараттық-түсіндіру, қайта тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу және оңалту бағытына беріледі. Аудиториямыз ауқымды.
Азаматтарымыздың жат ағымдарға арбалмауы, жат жұрттықтардың жетегінде кетпеуі, қоғамда діни алауыздық тудырмауы біз үшін аса маңызды. Осы күнге дейін темір торға тоғытылғандармен, «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы аясында елге әкелінгендермен және жазасын өтеп шыққандармен тығыз байланыс орнату арқылы өзімізге жүктелген іс-шараларды атқарып келеміз.
Негізгі мақсатымыз – қандастарымызды өгейсінбеу, өзгелерге олардың өзектерін өртеуге бермеу.
– «Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан оралғандарды оңалту үшін орталық мамандары олармен қалай жұмыс істеп жатыр?
– Иә, бүгінгі кезге дейін олармен байланыстамыз. Жалпы отбасы мүшелерімен жақсы мәміледеміз. Біздің мамандар оларды елге алып келген күннен бастап тығыз жұмыс жүргізіп отыр. Қарагөздерімізді жай ғана қабылдап қоймай, өздерінің жауапкершіліктеріне алып, туыстай араласып кетті. Барлығына бірдей бауырмалдылық білдіріп, барымен бөлісті. Бұл да болса, жерлестерімізге деген мемлекетіміздің қамқорлығы деп есептеймін.
– Оңалту орталығына қандай мамандарды қабылдайсыздар?
– Оңалту орталығына келісімшарттың негізінде психологтар, дінтанушылар, теологтар және тарихшылар мен заңгерлер қызметке алынады. Сондай-ақ мамандарға арналған біліктілікті арттыру және білім жетілдіру курстары ұйымдастырылады.
– Қандай курстар ұйымдастырылатыны жөнінде толығырақ тоқтала аласыз ба?
– Өркендеу мен өрістеуді қалайтын орталықтар, діни бірлестіктер және қоғамдық қорлар өз қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруға мүдделі болуға тиіс. Өзінің өміршеңдігін дәлелдеуге тырысатын мекемелер және үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік немесе халықаралық гранттарды ұтып алып, мамандарының білімдерін үнемі жетілдіруге барынша ат салысулары қажет деп білемін.
Осы ретте, «Ақниет» АНОО» қоғамдық қоры теологтарды қайта даярлау және біліктілікті көтеруге байланысты алыс-жақын шетелдерде оқытуға ынталандырып отыратын еді. Алайда, әлемді жайлаған індеттің кесірінен сырт жерге шығу кейінге шегерілді. Соған қарамастан, отандық жоғары оқу орындарында аталмыш курстардан өтуге мүмкіндіктер қарастырылған.
– Орталық өз жұмыстарына қатыстыру мақсатында бұрынғы сотталғандарды немесе радикалды идеялардан бас тартқан азаматтарды жұмысқа ала ма?
– Әлбетте, радикалды идеялар мен қасаң идеологиялардан безген және түзеу мекемелерінен босап шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары орталықтың жұмыстарына жұмылдырылады. Өйткені, тәубе етіп, түзелу жолына қадам басқандарға көмек қолын созу – баршамыздың борышымыз.
Осы арада олардың атын атап, түсін түстемейміз. Себебі, жеке өмірлері мен қызметтеріне қауіп төндіруді қаламаймыз. Бірақ, бізбен бірге ел игілігі үшін бір сапта еңбек етіп жүргендерді шынайы түрде бағалайтындығымыз анық. Олар да өз кезегінде сөзіміз бен ісімізге сенімді екендерін нық сеніммен айта аламын.
– Олардың отбасыларына қандай да бір көмек көрсетіле ме?
– Орталықтан ҚР ҚК-нің діни экстермизм және терроризм баптары бойынша бас бостандығынан айырылып, мерзімді жазасын өтеп шыққандардың отбасыларына моральдық және материалдық тұрғыдан жәрдем етіледі. Неге десеңіз, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Осыны ескеріп, ата-бабаларымыздың салтымен тентектерді тізгіндеу арқылы тәрбиелеу тектілігімізге тән қасиет деп білдік.
Әрине, әуелгі әдеттерінен арылту оңайға соқпайды. Дей тұрғанмен, қажыр-қайрат пен қайтпас қайсарлық танытқан қызметкерлеріміз біліктіліктерімен қандастарымызды қоғамға қайтарды. Сонымен бірге, қаржылай демеушілік көрсетіп, қажет болған жағдайда қол ұшын берудеміз.
– Жалпы жұмыс барысында ұйымдастырушылық және қаржылық қиындықтар кездесе ме?
– Соңғы кездері әлемде және елімізде орын алған пандемияға орай, карантиндік режим кезінде уақытша қаржылық кедергілерге кезіктік. Алайда, барлығы шешімін тауып, орнына келтірілді.
Ал ұйымдастырушылық жағдайды сөз ететін болсақ, кез келген орталық үнемі жетілу мен жетілдіруді қажетсініп отырады. Сондықтан ізденіс пен ілгерілеу үстіндеміз. Әріптестерімнің ықыласты ынтасы мен ынтымақтастығы арқасында кез келген қиындыққа тойтарыс берудеміз.
– Әйелдер жамағатымен жұмыс жасайтын әйел теологтар бар ма?
– Нәзік жандылармен етене жұмыс жасайтын әйелдер орталықта бар. Олар өздеріне тапсырылған міндеттерді мінсіз атқарып келеді. Сондықтан кәсіби мамандарымызға көңіліміз толады.
– Адасқандарды қалыпты өмірге қайтару жұмыстары кезінде теолог жұмысының негізгі ерекшеліктерін атап берсеңіз?
– Бір сөзбен айтқанда, діни салада қызмет атқарып жатқан мамандардың жұмыстары сырттай көрінбеуі мүмкін. Бірақ, өз өмірлерін бәске тігіп, бас бостандығынан айырылғандармен, олардың отбасыларымен және жазасын өтеп шыққандармен әрі жат ағымдардың шырмауынан шыға алмай жүргендермен идеологиялық майданда күресетіндердің жүгі ауыр.
Сондықтан тынымсыз тер төгетін теологтардың тағдыры қыл үстінде тұр десек, артық айтпаймыз. Себебі, олар өзгелердің өткелінен өту арқылы рухани күйзелістерді бастарынан кешеді. Басқалардың басындағысын тұла-бойымен сезінеді. Сөйтіп, өзгелер үшін де өмір сүреді. Бұл айтылғандардың барлығын өз ісінің хас шеберлері жақсы түсінеді.
– Өздерінің теріс сенімдерінен бас тартып, үлгілі азамат болып жатқандар бар ма? Бірнеше мысал келтіре аласыз ба?
– Маңғыстау және Екібастұз аймағында тұратын азаматтарды үлгі ретінде айта аламын. Олардың біреуі түзеу мекемесінде, ал екіншісі бостандықта қайта тәрбиелеу және оңалту жұмыстары кезінде дәстүрлі дінге толығымен оралды. Мамандарымыз теріс топтардың тұзағына түскендермен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоғамға бейімдеу жұмыстары барысында нәтиже көрсетті. Қазіргі күні екі азамат ескі ойлары мен сыңаржақты ұстанымдарынан біржола бас тартып отыр. Олар соқыр сенімдерінен түбегейлі айықтырылды десем болады.
– Қызметкер радикалдармен, сәләфиттермен жұмыс жүргізуде қандай әдістерді қолданады?
– Радикалдармен немесе фанаттық ұстанымдағылармен жұмыс жүргізудің қыр-сыры әртүрлі. Әр адамға өзіндік әдіс-тәсілдер қолданылады. Медициналық тілмен айтсақ, кез келген сырқатты бір деммен дауалауға болмайды. Дерттің деңгейіне қарай диагнозы анықталып, ауруға шалдыққандарға дәрі-дәрмек ұсынылады. Осылайша, толық және кешенді курс аяқталғанша психологиялық (ем-дом), теологиялық жұмыстар жасалады.
Діни радикализм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ұзақ мерзімдік жоспарлар мен бағдарламалар бар. Оларды жүзеге асыруда жан-жақты жобалар іске асырылады.
– Орталық діни саладағы тенденциялар мен қауіптерді анықтау бойынша сараптамалық жұмыстар жүргізіп жатыр ма?
– Жалпы алға қойған жоспарларымыз баршылық. Осыларды басшылыққа ала отырып, діни саладағы тегеурінді тенденциялар мен қауіп-қатерлерді анықтау бойынша сараптамалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Осыған сай әр өңірдегі өкілдіктер өздеріне сеніп артылған қызметтерді дер кезінде еңсеріп, уақытылы орындап келе жатыр. Сонымен қатар, болашақта атқарылатын стратегиялық жобаларымыз да бар.
– Сіздер ҚМДБ имамдар корпусымен қандай да бір ортақ іс-шара өткізесіздер ме?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уәкілетті және жергілікті жерлердегі имамдарымен бірлескен түрлі шараларды мүмкіндігінше жиі ұйымдастырамыз. Білікті де білімді діни қызметкерлерді дәстүрлі емес бағытта жүрген азаматтарымызды қайта тәрбиелеу және оңалту шараларына шақырамыз. Мемлекетіміздің іргесін сөгуді қалайтын топтарға қарсы иықтіресіп жұмыс жасаймыз.
– Асланбек аға, жастар радикалданудан зардап шекпеу үшін қандай кеңес бересіз?
– Жастардың діни радикализмнің құрығына ілініп, құрбандыққа айналмаулары үшін отбасы және қоғамдық институттар жұмыла жұмыс жасаулары керек. Яғни бірігей тәрбие тетіктерін іске қосу арқылы бірігу қажет. Тағылымдық тәлім беретін бағдарламаларды тегін оқытып, басылым беттері мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-танымдық материалдарды көптеп тарату, сондай-ақ жаһандану процесі кезінде ғаламтордың көмегіне жүгінуді ұтымды пайдалану маңызды.
Отансүйгіштік пен ұлтжандылықты дәріптеумен бірге жасөспірімдердің зейіні мен зеректігін арттыру мақсатында креативті идеяларды тұрақты насихаттауға кеңес берер едім.
– Алтын уақытыңызды бөліп, берген мағлұматыңызға алғысымды білдіремін.
Әңгімелескен – Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ