Аталмыш сұрағыңыз – мына хадистерді түсінуге байланысты туындаған мәселе. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Түндерден тек жұма түнін құлшылыққа, күндердің ішінде тек жұма күнін ораза ұстауға арнамаңдар. Ал өзі ұстауға әдеттенген ораза бұған жатпайды»,– деген. (Муслим, Сиям, 148; Әбу Дәуіт, Саум, 50).
Сонымен қатар, Бұхари мен Муслимде Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисте: «Араларыңнан ешкім тек жұма күні ораза ұстамасын. Тек жұмадан бір күн бұрын немесе жұмаға бір күні қосып ораза ұстау бұдан тыс»,– делінген.
Осы хадистерге сүйенген ғалымдар тек жұма күнін арнайы белгілеп алып, сол күні ораза ұстауды мәкруһ деп санаған. Алайда, осы хадистердің өзінен жалғыз жұма күнін арнайы ораза ұстауға белгілемей, ұстауды әдетке айналдырған өзге оразаларды ұстауға болатындығын көруге болады. Олай болса, айдың ортасында, шәууәл айының алты күнінде, арапа күні т.б. секілді ұстауға әдеттенген оразалары (қаза, нәзір, кәффарат оразалары) жұма күнге сәйкес келсе, оны ұстау мәкрух емес.
Сондай-ақ, ашура күніне бір күн қосып ұстаудың мұстахаб екенін, ескерсек осы жылғы ашура оразасын осыған сай жұмадан бір күн немесе жұмаға бір күн қосып ораза ұстауға әбден болады.