Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ашу – шайтаннан», – деген. Яғни ашуға ерік берген адамның Ібілістің тұзағына түсетінін айтқан және хадистерінде адамның бойын кернеген ашуын жеңе білудің жолдарын да көрсеткен.
Бір күні Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдында отырған екі кісі бір-бірімен салғыласып, аяқ астынан ренжісіп қалады. Біреуі қатты ызаланып, терісіне сыймай қып-қызыл болып кетеді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен бір сөз білемін. Егер мына ашуға булыққан адам сол сөзді айтса, Алла оның ашуын басады. Ол сөз – «Ә′уузу билләәһи минәш-шайтаанир-ражиим» (Алланың мейірімнен мақұрым қалған шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынамын)» – дейді. Яғни бойын ашу кернеген кезде ашудың шайтаннан екенін еске алып, осы сөзді дұға ретінде айтса адам тез арада сабырға келе алады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім ашуланған кезде түрегеліп тұрса, дереу отырсын, онда да ашуы тарқамаса, созылып жатсын», – деген. (Әбу Дәуід, Сүнен.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисінен адам бір жағдайдан екінші жағдайға ауысқанда ашуының тарқайтынын ұғамыз.
Егер мұнымен де ашу тарқамаса, суық сумен дәрет алған жөн. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Ашу – шайтаннан. Шайтан болса оттан жаралған. Отты тек қана сумен сөндіреді. Кімнің бойын ашу кернесе, дереу дәрет алсын», – деген. (Әбу Дәуід, Сүнен)
Дәрет алғаннан кейін де ашуы тарқамаса, бойын ашу билеген кісінің нәпіл намаз оқығаны жақсы. Себебі Құранда: «Шынында намаз адамды арсыздық пен жамандықтан қорғайды» («Анкәбут» сүресі, 45-аят) деп айтылған. Намаз оқығанда адам нәпсісін басып дүниеден алыстайды. Көңілінде сабыр салтанат құрып, өткінші қиындыққа бола күнәға бармайды. Ашу қысқанда адамның аулаға шығып, бой жазып қайтқаны да пайдалы. Мұндай жағдайда ашу тудырған жағдайға басқа қырынан қарауға тырысып көруі тиіс. Себебі Құранда Алла Тағала: «Бәлкім ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ, жақсы көріп, қалаған нәрселерің түбінде өздерің үшін зиянды болар» («Бақара» сүресі, 216-аят) – дегеніндей, көңілімізге ұнамаған нәрсеге бірден жаман деп баға бермеуіміз керек. Күллі адамзат баласы кемшіліктен кенде емес, жақсы мінезі мен жаман қылығы араласа жүреді. Ешкімнің төрт құбыласы тең болмайды. Сондықтан, қандай жағдайда да адамдар бір-біріне кешірімді болуы тиіс. Алдынан шыққан оқиғаны жамандыққа баламай, оның түбінен жақсылық іздеуге, істің хикметтеріне терең үңіле білуге тырысуы қажет. Сонда адам болмашы нәрселерге тез ашулана бермейтін, ашуланған жағдайда да ашуын сабырмен баса алатын болады. Ең бастысы нәпсіміздің жетегінде кетпей, өзімізді жігерлілікке, көркем мінезділікке тәрбиелеуіміз керек.