Бабаларымыздың ерекше қадірлеген әйгілі Исмайыл Хаққы Бурсевидің «Рухул-Баян» тәпсірінде мынандай бір ғибратты әңгіме өрбиді.
Бір күні Әли ибн Хусейн (Алла одан разы болсын) дастархан басында қонақтармен бірге отырғанда, тамақ әкеле жатқан күңі (бас бостандығы жоқ үй қызметшісі) абайсызда сүрініп кетіп, ыстық тамақты халифаның үстіне төгіп алады. Сол мезетте не істерін білмей қорыққан күңі:
– «Тақуа құлдар ашуын жеңе біледі», – деген Құран Кәрім аятын оқиды. Бұны естігенде хазіреті Әли ибн Хусейн:
– «Ештеңе етпес», – деп сол мезет сабасына түседі. Бірақ күңі:
– «Олар кемшілік жібергендерді дереу кешіреді», – деген әлгі аяттың жалғасын да еске салады. Бұны естігенде хазіреті Хусейн сөзге келместен:
– «Жарайды, сені кешірдім», – дейді. Қызметшісі:
– «Алла жақсылық жасаған құлдарын жақсы көреді» (Әл-Имран сүресі, 134 аят),-деп аяттың соңын оқығанда, Әли ибн Хусейн (Алла одан разы болсын):
– «Онда Алла разылығы үшін басыңа бостандық бердім, бүгіннен бастап азатсың», – деген екен.
Халқымыз «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп айтылғандай, ашулы кезінде дереу сабаға түсуі, сабыр етуі, тез кешіре білуі оңай шаруа емес. Сондықтан қандай жағдайда да адамдар бір-біріне кешірімді болуы тиіс. Сонда адам болмашы нәрселерге тез ашулана бермейтін, ашуланған жағдайда да ашуын сабырмен баса алатын болады. Ең бастысы нәпсіміздің жетегінде кетпей, өзімізді көркем мінезділікке тәрбиелеуіміз керек.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz