Сұрақ: «Асхаб әл-Бәдір» деген кімдер?
Жауап: Асхаб әл-Бәдір деп Бәдірде мұсылмандар мен пұтқа табынушылардың арасында болған Ислам тарихындағы алғашқы шайқасқа қатысушылар ғана аталады. Бұлар мұсылмандар арасында ерекше құрметке ие әрі пайғамбардың (с.ғ.с.) ең беделді сахабаларының қатарына жатады.
Бәдір шайқасы 624 жылы – Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге қоныс аударғаннан кейін Құрайыш тайпасымен болған әуелгі ұрыс. Шайқасқа пайғамбармен бірге қоныс аударған муһажирлер мен мәдиналық ансарлар қатысты. Бұл шайқаста мұсылмандар жеңіске жетіп, Ислам қарсыластарының көбі жер жастанды.
Жасақтың бастапқы мақсаты Әбу Суфиан бастаған керуенді басып алу болатын. Бұны естіген құрайыш тайпасы 950 адамнан құралған әскер жинап, қарсы шығады. Мұсылмандардың саны 313 адам болатын. Екі жақтың әскері Бәдір құдықтары орналасқан аймақта кездесті.
Құран бұл жайында: «Бәдір соғысында дұшпаннан аз және әлсіз болған кезде Алла Тағала сендерге көмектесті және нақты жеңіс берді. Алладан қорқыңдар, шүкір еткен боласыңдар», – деп баяндайды («Әли Имран» сүресі, 123).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ