Сомалидегі «Аш-Шабаб» лаңкестерінің қос жарылысы салдарынан елдегі Африка Одағы Миссиясы құрамындағы (AMISOM) төрт Бурунди әскері қаза болды. Бұл туралы аты-жөнін жасырғысы келген AMISOM өкіліне сілтеме жасап «Anadolu» агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, жарылыс Орталық Шабелле провинциясындағы Махадай қаласының ауданында болған.
Бір күн бұрын Сомалидің Джоухар қаласында лаңкестер ұйымдастырған жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 5 адам жараланған болатын.
«Аш-Шабаб» лаңкестері Шығыс Африка елінде қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарға жиі шабуыл жасайды.
Африка Одағының Сомалидегі миссиясы құрамында континеттің әртүрлі елдерінен 20 000-ға жуық әскер бар. Мандат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен жыл сайын жаңартылады.