Ел ішін жаппай аштық жайлаған қаралы жылдардан қалған архив құжаттарында, әсіресе көшпелі қазақ ауылдарының ауыр жағдайы туралы деректер жиі кездеседі. 1921 жылдың соңына таман қалалар мен іргелі елді мекендерде аш-жалаңаш жұртты тамақтандыру, халыққа азық-түлік үлестіру сияқты шаралар ұйымдастырыла бастағанымен, қырдағы қазақ ауылдары мұндай шарапаттан мүлдем шет қалып отырған.
Аштарға көмек комиссиялары
Орталық партия комитетінің мәжілісінде баяндама жасап, жаппай аштан өліп жатқан халыққа көмек көрсетуді талап еткен сол кездегі Қазақстан ОАК төрағасы Сейітқали Меңдешевтің: «Қырдағы қазақтар өз қыстауында үй іші, бала-шағасымен бірге қырылып жатыр», – деген бір ауыз сөзінен-ақ зұлмат кезеңнің көшпелі қазақ ауылдарына әкелген қасіретінің қаншалықты ауыр болғанын аңғаруға болады.
С. Меңдешевтің баяндамасынан кейін 1921 жылы Қазақ ОАК жанынан аш-жалаңаштарға көмек көрсету жөніндегі орталық комиссия құрылады. Ол 1921 жылдың 15 шілдесінен бастап жұмысқа кіріседі. Аш халыққа көмек қолын созу жөніндегі төтенше комиссия Қостанай өңірінде губерниялық азық-түлік комитетінің жанынан 1921 жылдың 1 желтоқсанында ғана құрылған. Артынша мұндай комиссиялар барлық аудандық және болыстық азық-түлік комитеттерінде пайда бола бастады.
Аштыққа қарсы күрес жөніндегі губерниялық төтенше комиссияның 1921 жылдың 28 желтоқсанындағы нұсқаулығына сәйкес өңірдің барлық аудандары мен жекелеген поселкелерінде тәулігіне кемінде 100 адам жүрек жалғайтын қоғамдық тамақтану орындары ұйымдастырылды. Мұндай ашық асханаларға қажет жабдықтар мен отын-су ерікті немесе мәжбүрлі түрде жиналып алынды.
Мысалы, әрбір диірмен иесі мен май шайқаушыға ашыққандарды күн сайын тамақтандыру, ал тұрақты сауда ләпкесі барларға бір-бір аш адамнан бағу міндеттелді. Мұндай қамқорлыққа алынған аш-арықтар комиссия ережесіне сәйкес өзін тамақтандырушының нұсқауы бойынша әліне қарай шаруашылық жұмыстарын атқаруы тиіс болды. Аудандық және болыстық комиссия әр айдың біріне қарай асханадан тамақтанатын және тұрғындардың қамқорлығына алынған аш-арықтың тізімін алып отырды.
1922 жылдың 5 қаңтарында Қостанай губерниялық әскери комиссариаты жанынан аштарға көмек көрсету жөніндегі әскери комиссия құрылып, әскери қызметшілердің азық-түлік пәйегі мен жалақысының кем дегенде 10%-ы аш-жалаңаштарға аударыла бастайды.
Бұл комиссия ең бірінші кезекте Бірінші дүниежүзілік және азамат соғысының мүгедектері мен олардың отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салды. Әскери комиссия аштарға тұрақты түрде көмек көрсетумен қатар, губерния аумағындағы барлық әскери бөлімше мен мекеме бастықтарына жедел түрде сенбіліктер ұйымдастыру, гарнизон моншаларын азаматтарға ақылы түрде ұсыну, қоғамдық және қызметтік тәртіп бұзғандардан аштардың пайдасына айыппұл алу, тізім бойынша ерікті садақа жинау, қайырымдылық кештер мен концерттер, дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан түскен қаржы түгелдей аштарға көмек қорына аударылып отырған.
Соған қарамастан, 1922 жылдың басына қарай аш-арықтар мен аштан өлгендер саны күрт өсіп кетеді. Өйткені аштарға бөлінген көмек әу баста губернияға әр 10 күн сайын келіп тұруы тиіс деп жоспарланғанымен, азық-түлік түрлі себептермен кешігіп, уақтылы жетпей қалған.
Мәселен, архив құжаттарында Мәскеуден аш-жалаңаштарға деп жіберілген нанды жолшыбай Саратов, Самара, Челябі мекемелері талап алғаны немесе ұрланғаны туралы мәліметтер сақталған. Осылайша, аштан өлгендер саны күн санап артып, ел ішін сүзек дендеп, оған қаңтардың үскірік аязы мен қарлы бораны қосылып, нәубеттің ауқымын кеңейтіп жіберген.
Аудандық және болыстық төтенше комиссияның есеп құжаттарында халықтың тамыр мен шөпті азық етіп, кейбір болыстарда ит пен мысық қалмағаны, адамдар тулақ қайнатып, сорпасын ішіп жатқаны, ел ішінде кісіжегіштер шыға бастағаны туралы мәліметтер кездеседі.
Көрнекті ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының «Қостанай – Торғай» атты мақаласында Тобыл-Торғай өңіріндегі аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның жұмысы ашық сыналады. Автордың «…Жүсіпбек Аймауытов соңғы бір мақаласында Орынбор азаматтарына «аштардың жанына барыңдар» деп ақыл берді. Жанына барғанмен, біздің әдемі көзіміз ашқа тамақ болатын көрінбейді», – дегенінен сол кездегі ұлт жанашырларының нәубет жайлаған өңірлерге барып, ел ішін аралап, қолдан келгенінше аштарға көмек көрсетуге күш салғандығы аңғарылады.
1921 жылы Орталық атқару комитетінің тапсырмасымен Тобыл-Торғайға келген Смағұл Сәдуақасұлының өзі де елді аралап, губерниялық төтенше комиссияның жұмысымен танысады. Осы сапарынан көрген-түйгендерін көлемді мақалаға арқау еткен қайраткер аштыққа қарсы өңірлік комиссиялардың қазақтарды алалап отырғанын ашына айтып, «Қостанайдың орыстарынан қазақтың халі жаман», – деп жар салады. Комиссия жұмысындағы біржақтылықты ашып көрсету үшін мақаладан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік:
«Қостанай мекемелерінің аштарға жәрдем беруі де басқаша. Өздерінің Қостанайынша! …Аштарға жәрдем беретін мекеменің бастығы Гроза …сөйлейді:
«…Қостанай гүбірнасында пәленше мың аш бар. Олардың пәленше мыңын ысталауай ашып, балалар үйін жасап, тамақтандырып жатырмыз. Жаздыгүні ысталауайлар астық бітіп қалып, ауыр халде болды. Малы бар адамдардың 10 қарасынан бір қара алып, ысталауайға беріп, екінші астық келгенше аман сақтап қалдық».
Мен сұраймын:
– Қазақ ішінде ысталауай, балалар үйі бар ма?
Жауап:
– Жоқ.
– Сондықтан тамақтандырып жатқандарыңыздың ішінде қазақ жоқ қой?
– Жоқ.
Мен сұраймын:
– Малы бар деп кімді айтасыңдар?
Жауап:
– Қазақты.
Мен сұраймын:
– Сонымен малды кімнен алдыңдар?
– Қазақтан.
Мен ашуланып сұрай бастаймын:
– Не себепті бұлай қыласыңдар? Кім сендерге қазаққа жәрдем берме, олардан мал ал деді?
Алдымда отырған орысым асықпай саспай, менің ашуланғанымды жақтырмай, қабағын шытыңқырап жауап берді:
– Мен сізге сөзімнің алдында айттым ғой: біз орыс-қазақ деп аштарды бөлмейміз. Маған бәрібір: қай жерде мал болса, содан мал алынады… Бұл айтқандар ертегі емес, шып-шын оқиға. Қостанайда болып отырған оқиға», – деп жазады Смағұл Сәдуақасұлы.
Осының өзінен-ақ Қостанай өңірін шарпыған нәубет кезінде жер-жерде жаңа өкімет жанынан құрылған төтенше комиссиялардың ауылдағы аш қазаққа онша бүйрек бұрып, жанашырлық таныта қоймағанын, керісінше өзектен теуіп, қолындағы бар малын тартып алып, негізінен қара шекпенділер қоныстанған қаладағыларға сорпа ғып беріп отырғанын аңғаруға болады.
Нәтижесінде, аштан қырылған есепсіз қазақтың саны санатқа енбей қалды. Нәубет жылдары неше адам өлді деген сауалға күні бүгінге дейін нақты жауап табылмай отырғандығының бір сыры осында жатса керек.
Мұны Қостанай қаласында тұратын Берік Арсаевтың өз анасынан естіген әңгімесі де растайды: «Анам нәубет жылдары Әулиекөл мен Қостанайдың арасындағы қара жолдың екі шеті адам сүйегіне толып кеткенін айтып жылап отыратын», – дейді зейнеткер.
Аштарға араша түскен АРА
Алапат аштыққа қарсы күресте дәрменсіздік көрсеткен Кеңес өкіметінің капиталистік елдерден көмек сұрауға мәжбүр болғаны белгілі. Бұдан кейін алғашқылардың бірі болып Герберт Гувер бастаған Америка әкімшілік көмегі (АРА) қолұшын созады.
АРА-ның Уфадағы өкілдігі Қазақстанның солтүстік аймағының біраз бөлігіне, соның ішінде Қостанай облысындағы ашыққан елге азық-түлік жеткізіп тұрған. Қайырымдылық шарасына АҚШ әскерінің отставкадағы полковнигі Уолтер Лаймон Белл жетекшілік етеді.
Облыстық Ассамблея жанынан жұмыс істеп жатқан ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғымбековтің айтуынша, АРА-ның Уфа округі кеңестік кеңістіктегі ең ірі қайырымдылық күштерінің бірі болған. Белл өзіне белгіленген аумақты Уфа – Башқұрт – Челябі – Екатеринбург – Қостанай округі деп жиі көрсетіп отырған. Сондай-ақ өзі жіберіп отырған хат-хабарларда бұл округтің аумағы бүкіл Францияның жерінен үлкен екенін айтады.
Бұл округте атқарылып жатқан жұмыстардың Польшаға көрсетіліп жатқан жәрдем шараларынан анағұрлым маңызды екенін ерекше атап көрсетеді. Америкалықтар аштыққа қарсы күрес шараларының нәтижесін біліп отыру мақсатында округке қарасты елді мекендерді картаға түсіріп отырған.
– Қостанай губерниясында АРА-ның ресми қызметі 1921 жылдың күзінде басталды. Бастапқыда тек мүмкіндігінше медициналық тексеруден өтіп ашыққан деп танылған 14 жасқа дейінгі балаларға ғана көмек көрсетілді. Алайда 1922 жылдың маусымында Қостанайда балалар 10 625 пәйек, ересектер 49 886 пәйек азық-түлік көмегін алады, – деді Айбек Шалғымбеков.
Қостанайдың маңайындағы елді мекендердің біріндегі АРА асханасының аштарды тамақтандыру барысы былайша сипатталады: «Иін тірескен аш-арық балалар мен ересектер, жүкті әйелдер, асыраушылар карточка алу үшін бірнешесағат бойы кезекте тұрады. Ғимараттың іші айқай-шуға толып кетеді. Көптен бері ботқа мен ақ нанды түсінде ғана көріп жүрген балалар қолдарына қасық ұстап ботқа салынған ыдысқа әзер дегенде жетеді. Көбі тамағын таусып іше алмайды, нанды өздерімен алып кетеді. Тамақ дәрігер куәлігін алған науқастардың үйіне беріледі. Жүкті әйелдер мен емшектегі баласы бар әйелдер бірінші кезекте алады…»
А. Шалғымбековтің айтуынша, АРА 1922 жылғы шілде айында аса белсенді жұмыс істейді. Мұның сыртында, 1922 жылдың 1 маусымында өңірге мемлекеттік көмек бөлініп, аштарға көмек көрсету жөніндегі губерниялық комиссия арқылы 50 мың пұт бидай жеткізіледі.
1922 жылдың 10 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Америка әкімшілік көмегі балаларға 35 мың пәйек, ересектерге 36 мың пәйек берген және өздеріне бекітілген аудандарға 45 мың пұт азық-түлік таратқан.
–1922 жылдың қыркүйегінде америкалықтар азық-түлік таратуды азайта бастады. Мысалы, 23 қыркүйекке дейін Қостанай губерниясында аш-жалаңаштарға күн сайын 50 мың пәйек үлестіріліп келсе, осы айдың соңғы аптасында бірде-бір адамға пәйек берілмеген. Америкалықтардың жәрдем шараларын кілт тоқтатуына халық аштан қырылып жатқанда Кеңес өкіметінің шетелге бидай экспорттай бастағаны себеп болды, – дейді А. Шалғымбеков.
Ғалымның қолындағы 1922 жылдың қыркүйегінде өткен 3-ші Қостанай кеңестер съезіндегі жарыссөз құжатында кездесетін «…Асханаларды жабуға әлі ерте. Кедей халыққа әлі де көмек қажет. Қамқорлық бірінші кезекте балаларға бағытталуы керек. Қазақ балалары қырылып жатыр…» деген деректер аталған басқосуда талқыланған негізгі мәселе қайырымдылық мекемелерінің жұмысын тоқтатпау төңірегінде өрбігенін айғақтайды.
Алайда ресми статистика аштар санының азайғанын мәлімдеген соң, 1923 жылғы көктемде АРА Қазақстан аумағындағы өз қызметін ресми түрде тоқтатады. Алайда көмекке мұқтаж аштар әлі де көп еді. Сондықтан АРА өз қызметін ресми тоқтатқаннан кейін де біраз уақыт Қостанай губерниясындағы көптеген балалар үйін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған. 1923 жылдың 15 наурызында америкалықтар Қостанайға екі вагон тамақ жеткізеді. Сәуір айында балаларға күн сайын 10 мың ас пәйегі беріліп отырған. Шетелдік ұйымның қайырымдылық қызметі 1923 жылдың мамыр айында түбегейлі тоқтайды.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ,
Қостанай облысы