– Асан Қайырбекұлы, Абыз Абай: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген-ді. Енді сол Құдайға құлшылық қылудың мәнісі неде?
– Қарапайым халықтың ұғымында Құдайға құл болу – дүниеге құл болмаудың амалы. Қазақ халқы ежелден ішкі иманды осылай түсінді және оны сыртқы тағаттан айыра білді.
Имандылық – жүрек тазалығында деген принцип тұғыры кеңестік дәуірде де шайқалған емес. Алдыңғы буын, біздер көріп өстік, ар – ұяты жоқ, әділдікті белінен басқан, қиянатшыл қылықтарға барған пендені ғана халық «әй, кәпір-ай» деп сөгетін. Яғни «кәпір» ұғымы намаз оқымайтын кісіге емес, ар-ұяттан жұрдай, Құдайдың мейірім, әділет заңынан бейхабар наданға қарата айтылушы еді.
Абай қолданған «надан», «хас надан» деген сөздерде «құдайсыз» деген астар бар, бүгінгі тілімізде «атеист» деп ұқсақ та болады.
Қысқасы, құлшылық қылудың мәнісі – Алланың пендесіне салған тура жолына, тазалыққа ұмтылуға саяды. Ынталы жүрек, шын пейілмен. Егер бұлай талпынбайтын болса: «Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді, – дейді Абай 38-ші сөзінде.
– Ал Құдай ісін дін ісінен қалай ажыратуға болады?
– Құдай ісін дін ісінен айыру да аса маңызды ілім. Бұл екеуін бір деп біліп, адасып жүрген азаматтар арамызда баршылық. Ғасырлар бойы қалыптасқан құлшылық ғибадатын (діни рәсімдер, ғұрыптар, догмалар, культтік ғимараттар т.б.), жинақтап айтқанда, «дін ісі» дейді.
Құдай ісі мүлде басқа ұғым. Оған он сегіз мың ғаламның жаратылуы, жер мен аспан, күн мен түн, өлім мен өмір, жан мен тән, ақиқат пен жалған сияқты дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырлары кіреді.
Жаратушының сипаттары мен есімдері, мейірім, әділет сияқты заңдары да осы қатарда. Көрдіңіз бе? Құдай ісі мен заңы мәңгі, олар ешқашанда өзгермейді. Ал дін ісі өзіндік даму жолынан өтіп барып, орнығады. Мәселен, христиан дінінде католиктер солдан оңға қарай алақанмен, ал православтар оңнан солға қарай қос бармақпен шоқынады. Мұндай өзгешеліктер (намаз оқығанда бірі қолын жоғары, екіншісі төмен байлау деген сияқты) ислам әлемінде де жетіп артылады. Сөйтіп, дін ісін Құдай ісімен жарыстырып, оны қатып қалған қағидаға айналдыруға тырысушылықтың арты жақсылыққа апармайды. Араб елдерінің қазіргі хәл-ахуалы – сөзіміздің бір дәлелі.
– Абайтанушы ретінде, Абай рухымен тыныстау, Абайды толық тану мәселесі жөнінде не айтасыз? Абай қазаққа не қалдырды?
– Тән сияқты жан да азық іздейді. Базарда қатар-қатар тұрған сатушылар сияқты, әрбір дін иелері «жан азығы – міне» деп өздерінің ілім, танымдарын тықпалайды. Бұл орайда, қайсысы көңіліне жақса, жастарымыз соған ауып кетуі ықтимал. Сондықтан бәсекелестік жағдайында шаң қауып қалмау үшін жан нәр алатын бұлақтарды мейлінше күшейту ләзім.
Бір данышпан: «Жақсы әфсанасыз ұлы халық болмайды», – депті. Қазақ халқы әфсанасының көмбесі – Абай мұрасы екені талассыз. Әсіресе, қазіргі алмағайып заманда қоғам ұлы Абайдан нәрленуге, сол арқылы болмысы бөтен ой-танымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға зәру.
Хакім Абай қиыр шеттегі Шыңғыстау бөктерінен-ақ Еуропаның ақыл-ойы дамуын қалт жібермей қадағалап отырған. Қалың елі қазағының діншілдігі туралы Абай былай дейді: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. …Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды». (16-сөз).
Абай мен Шәкәрім – күллі адамзатқа жол сілтеген рухани көсемдер. Жастардың құлағына алтын сырға, олардай данасы бар халыққа ұстазды сырттан іздеу жараспасы анық. Дін феноменін Абайша түсіну және қабылдау – уақыт талабы деген пікірдеміз. Сонда ғана тура жолды адаспай таба аламыз.
– Абай өзінің қарасөзінде имандылық, ар-ұят туралы терең зерттеп-зерделеген. Адамгершілік, әділеттілік ұғымы ақын өлеңдерінен өміршеңдік сипат алды. Ақын дінді ұғыну арқылы кемелдіктің шыңына шықты. Абайдың әділеттілік ілімі нені меңзейді?
– Төрткүл дүниені төңкеріп өткен талай ұлы төңкерістерді білеміз. Олардың әділет сезімге сүйенбегені, оны желбіреген туына жазбағаны кәне. Бірақ бұл «әділет» пен Абайдың «ғаделеті» арасы жер мен көктей алшақ. Алдыңғысы бір қоғамды түбірімен қопарып тастап, келесісін орнатуға бағытталса, Абайдікі Тәңірінің ісі, заңы аясында болғандықтан жұртшылықты тыныштыққа, береке-бірлікке ұйыстыруға қызмет етеді. Кемеңгердің жай ғана «әділет» демей, оған міндетті түрде шапағат, махаббат, мархамат ұғымдарын қосақтауының мәнісі осы арада, осылайша жаңа сападағы категорияны, кеңірек алғанда ілімді қалыптастырған деуге керек.
Абайдың әділет, махаббат іліміне Шәкәрімнің «ар ілімі» сабақтасады. Мысалға Абайдың әйгілі концепциясы «үш сүюдің» бірі – осы әділет. Яғни Абай Алланы сүй, адамзаттың бәрін сүй дей келе, үшінші әділетті атайды: Және хақ жолы осы деп әділетті. Адамзаттың тыныштығы ғаделет-мархаматпен болса, әлемдік діндерге ақиқат таным арқылы ғана жан бітеді. Айнала дүниенің қиянатшыл болуы – әлеуметтік әділеттің жоқтығынан.
Сондықтан Абай: «Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді» дей отырып, бұзықты азайтып, әділді молайту хақында ой-пікірлерін ортаға салады.
Бесінші қарасөзінде: «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен…» деп басталатын сөйлем бар. Бұл сөйлемді, әрине, «әділет үшін» деген тіркеске бола келтірдік.
– Абайдың санасында қоғамдық ортаны һәм заманды түзету қажет деген шешім не себептен туындаған?
– 1890 жылдардың басында ақылына білімі сай болып толысқан кемел Абайды, исі алаштың ұстазы, ақылшысына айналған Абайды осы мәселенің толғандырғаны хақ.
Бірінші қарасөзінде: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деуі сөзіміздің кішкене дәлелі.
Бір ғажабы, Абай «дүниеге көзін ашқан» Михаэлистің өзі пір тұтқан Чернышевский, Добролюбов сынды төңкерісшіл-демократтарды еш жерде атамайды, аузына да алмайды. Семей қаласына жер аударылып келген кілең оқымысты орыс зиялыларының оларды басына көтергені жақсы мәлім ғой. Осы ғылыми ортада он-он бес жылдай үлгі-өнеге көргеніне қарамастан қазақ ойшылының қоғамды күшпен өзгертуге негізделген, төңкеріс исі аңқыған идеялардан бас тартқанына таң қалмасқа лажың жоқ. Ол ол ма, Абайдың қоғамды тек тыныштық жағдайда, имандылық тәрбие негізінде ғана өзгерту қажеттігіне сенімі кәміл: «Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол» (1889) дейді.
Сөйтіп, Абай терең ой еңбегіне ден қойып, қоғамға қайтсем адамгершілік тәрбие беремін деген мақсатын іске асыруды қолға алады. Тың өрісте тапқаны – «Менсінбеуші ем наданды» (1891) деген өлеңінде өзі айтқандай, «адам түзелмей, заман түзелмейді» деген парадигма (мұны ойшылдың Шығыс жағалауына қайта өтуі де де қой) болды. Ол бойынша, заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға «іштегі кірді қашырса», яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің өзгедей амалы, жолы жоқ.
– Қазіргі таңда қоғамның діни сауаттылық деңгейіне қандай баға бересіз? Шын дін мен шатақ діннің айырмасы неде?
– Қоғамымыздың бүгінгі күнгі діни сауаттылық деңгейі көңіл көншітеді деуге ертерек. Қазақстан үшін дәстүрлі емес діндердің құрған торына жас буынның топырлап түсуі қалың жұртшылықты алаң еткен мәселенің біріне айналып отыр. Шатақ діннің тамыр жаюы жайлы әңгіме әріден басталады.
Халқымыз төл дінімен қайта қауышқан 1990 жылдар әлі күнге есімізде. Дінді меңгеруде, әсіресе, жасы 20-ға дейінгі жеткіншектер белсенділік танытты. Бірақ дәстүрлі дін (ислам, православие) ұстаздары жоқтың қасы еді. Сондықтан мешіт, шіркеудегі діни уағыздар ғибадат қылу тәртіптерін үйретуден әрі қарай аспады.
Дәстүрлі дін өкілдері «ең абзал, ең дұрыс дін – біздікі» деумен шектеліп, таяз, біржақты сөйленді. Ең жаманы, теология қатысты қиын, бірақ жастар үшін аса маңызды, сұрақтар жауапсыз қалып келді. Сана-сезімді жаулап алу тетіктерін жетік меңгерген шетелдік жаңа діни ағымдардың іздеген өрісі де осы-тұғын. Бір сөзбен айтқанда, дін саласындағы олқылық пен таяздықтар біртіндеп қордалана берді.
Қазіргі таңда солардың «жемісін» татудамыз. Өзіңіз де ойлаңыз, қай ұлттың өкілі болмасын, егер ол адал, мейірімді кісі болса, кім кімнің де оны «кәпір» дей алмасы анық. Керісінше қатігез кісіден аулақ болуға тырысады. Мысалы, мешітте намаз оқып тұрған, өзін кәміл мұсылман санайтын, түсі суық «салафистке» жақындаудың өзі қорқынышты. Сүйіспеншілік пе, әлде қатігездік уағыздала ма? Шын дін мен шатақ діннен айырудың ең басты кілті, амалы осы арада.
– Хакім Абай имандылық тәрбие үшін нені маңызды деп білді?
– Зайырлы мемлекет жағдайында діндарлықты емес, ғылымды және қоғамның интеллектуалдық байлығын арттыру маңызды. Сондай-ақ, қоғамның мақсаты – жастарды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екеніне кім таласар? Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы деп тынбай ізденген хакім Абай махаббат, әділет және ғылымды бұл жолдың үш айқын белгісі деп анықтап береді.
Сондай-ақ, Абай адамдарды жарым адам, адам және толық адам деп үшке жіктейді. «Жарым адам» дегені – жоғарыда айтылған надан адам. Зайырлы қоғамға керегі – адам және толық адам. Қазіргі рухани жаңғыру, яғни қоғамды сауықтыру бастамасы осы бағытта белсенді қызмет жасауы керек.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасхан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ