– Асқар Кәлімжанұлы, неосәләфизмнің көпшілік байқай бермейтін қауіпті тұстарына тоқталсаңыз?
– Деструктивті ағымдардың мақсаты – адамды Жаратқанның құлы емес, өмір бойы өздерінің құлы жасағысы келеді. Олардың ең жоғары мүддесі – сол ағымның мүддесі. Ол үшін дін атын жамылушылар заңды, дін, дәстүр, мораліңді, тіпті ата-анасын, бәрін аяқ асты етеді. Деструктивті топтың мүддесі үшін қылмысқа барып, пара да береді, алдайды, арбайды, жалған ақпарат береді – осының бәрі “Алла жолындағы күрес”, «халал» болып көрінеді.
Ақыл, сана, ойлану дегенді олар шектеп қойған. Соның салдарынан ащы да болса айтайын, сәләфия, яғни неосәләфи ақидасын ұстанған лаңкестердің нашақор болып кеткендерін талай көрдім, құранит, дін дұшпаны, маскүнемдікке салынып, педофил болып кеткендерді көрдім. Террор ұйымдарына кеткендері қаншама. Тіпті сәләфи жиһади болып сотталып, кейін шоқынып христиан дініне кіргенді де көрдік.
Бұлай кете берсе, «дәлел, дәлел» деп тобырлық деңгейіндегі адамдарды ең терең дәлелдің ішіне кіргізіп тастаған жүйенің әлі талай “жемістерін” көретін секілдіміз. Бұл руханиятсыз скриптуализмнің (мәтінге табынушылық) нәтижесі.
– Деструктивті ағымға ерушілердің ғылым мен технология дамыған кезеңде «жиһад» деп қару-жараққа қарай жүгіріп исламның негізгі мақсатын тәрк етіп жатқаны айдан анық елді шошытуда. Осындай көзсіздікке қатысты нақты мысалдармен бөліссеңіз?
– Бұл салада түрлі-түрлі жағдайларға куә болып қана қоймай, оларға ақиқатты нақты дәлелмен түсіндіруге барынша күш салудамыз. Мәселен, бір даишиге діни білім туралы айтсам, ол маған “Халид ибн әл-Уалид үш ақ сүре білген” – деп білімнен көрі сахаба Халидтің қылышы керек екендігін айтқысы келді. Бұл мысал ол азаматтың діни надандықты ақтау әдісі екенін түсіндім.
Ал енді ұлық саxаба Халидке келетін болсақ, бір де бір кітапта оның үш сүре жаттағаны туралы нақты (саxиx) “асар” келмеген. Ибн Әби Шәйба “Мусаннафында” саxаба Халидтің Құран оқуына байланысты үш xабар жеткізген.
1. «Алла жолындағы жиһад менің (Құранды) көп оқуыма кедергі болды». Бұл xабарды имам Аxмад «Фадаилус-Саxабада» және Әбу Убайд «Фадаилул-Құранда» жеткізген. Оны шарxтаған ғалымдар: «Саxабалар Құранды көп оқыған, мен солар секілді көп оқи алмадым»,- деп тәпсірлеген. Себебі саxабалардың Құран оқуындағы негізгі ұстанымы оны көп оқу еді.
2. “Жиһад менің Құранды (басқаларға) үйретуіме (тағлим) мүмкіншілік бермеді” (Мусаннаф-4/151). Бұл асарға ғалымдар әлсіз деп баға берген.
3. “Бірде әл-Хәррада Халид адамдарға имам болып намаз оқыды және бірнеше сүреден оқыды, кейін намазды аяқтаған соң, бізге бұрылып былай деді: “Жиһад Құран үйренуіме (тағаллүм) кедергі болды”.
Енді бұл асарларды шарxтаған ғалымдар, Халид Құранды көп білмеуін бір мақтаныш, жетістік немесе надандықты ақтау мақсатында емес, керісінше өкінішін, кемшілігін және үзірін білдіру үшін айтқанын жазады.
Екіншіден, Халид ислам дінін кешірек қабылдады (һижраның 8 жылы) және исламды бұрын қабылдаған Ибн Масғуд, Убай ибн Кағб секілді бола алмағанын жазады.
Сол радикалдар Құран оқу, жаттау, үйрету туралы, білім ғылым туралы, ғалымдар мен фақиһтар туралы жүздеген аят-xадистерді ысырып тастап, белгілі себептермен ережеден тыс қалған саxабаның «сөздерін» өзінің діни надандығын ақтау үшін келтірулері теологиялық спекуляция дер едім.
Ал қазіргі адасушылардың жиһадына келсек, оны бәзбіреулер «қасиетті соғыс» деп ақтап алғылары келіп, жастардың санасын улауда. «Қасиетті соғыс» деген ұғым Құранда, хадистерде мүлдем кездеспейді. Бір де бір ислам ғалымы «қасиетті соғыс» деген тіркесті ешқашан қолданбаған. Бұл мұсылманның да сөзі емес. “Біз тек сәләфтардың түсінігімен Құран және Суннаға ереміз” дейтіндер неге сәләфтардан мың жылдан кейін өмір сүрген уағызшының “Үш негіз”, “Төрт қағида”, “Кашфуш-шубуһат” т.б. кітаптарын оқытуға әдбен тырысады?!
Сөзбен амалың сәйкес болсын десең, сол бірінші ғасырда өмір сүрген ғұламалардың кітабын оқытсын, 12-ші ғасырдағы Ибн Абдул-Уаһабтың түсінігіне сүйеніп «Құран және Суннаға ереміз» деп айтуы қарапайым ғана логикаға қайшы екенін түсінбейді.
– Ақыл-ойды шектеп, Құран мен хадистерді дұрыс түсіне алмай сөзбе-сөз қабылдап, яғни буквализм салдарынан зардап шегушілер көп. Бұл исламның ішкі мазмұнға емес, тек сыртқы формасына ұрыну зардаптарынан арылудың жолдарына тоқталсаңыз?
– Буквализмнің тағы бір салдары өз көшбасшыларының соңынан соқыр сенімге (тақлид) ерулері. Тіпті олардың арасында ауызбіршілік жоқтың қасы. Егер мешіттерді бақыласаңыз, ханафиттер бір-біріне айып тағып, бірін-бірі қаралап жатқан жоқ.
Сәләфи ағымын ұстанушыларға келсек, олардың «жамағат» деп аталатын форумдары бір-бірін муржилер, өзгелерді кәпірге шығарып, мадхалит-джамизм, джархизм, куссасизм (өтірікшілер), хариджизм, хизбизм-ихванизм сынды тағы да басқа нәрселерде айыптап, кейбіреулері бір-бірінің сәлемдерін алмайды.
Шариғат бойынша Құран мен сүннетті түсіну методологиясы нақты мәзһаб туралы түсінікке ие – усуль аль-фикх білімінде. Мәзһаб – усуль аль-фикх ұғымында жүйе ретінде исламның түпнегізі.
Буквалистерде жүйелілік жоқ, олар құдды бір «Колумб» сынды, бұған дейін өздері білмеген аяттар мен хадистерге кездескенде жаңадан Америка ашқандай болып жатады.
Рационалды ойлай алатын дәстүрлі мәзһаб өкілдері радикализм мен терроризмге ұрынбайды. Ал буквализм о бастан ақидада абстрактілі атрибуттарды қорғауға негізделіп, фиқхқа (ислам құқықтануына) айналып, біздің жастар батып жатқан бірінші дереккөздің катализаторы болып жатыр. Буквализмге бой алдырушылармен күресте – рационалды ойлау жүйесі ғана көмектесе алады.
Фанатты буквализмнің профилактикасы – адам ойына рационализмді егу. Құранның (улиль-альбаб, кальб, фуад және т.б) ақыл-ой иелеріне арналған 40 аяты, сонымен қоса ойлауға, түсінуге, көру мен зерттеуге (татафаккарун, та`кылюн, тубсырун, лияддаббаруу және т.б.) берілген 100-ден аса аяттар бар. Бұл әдістердің әрқайсысын бөлек-бөлек талдауға болады.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет. Оқырманға ой салады деген сеніммен алғыс білдіремін!
Сұхбаттасқан – Айша КЕҢЕСБАЙ