Сұрақ: Несиесі немесе қарызы бар адамға қажылыққа жолдама берілсе, оған шариғат қалай қарайды?
Жауап: Мойнында қарызы бар мұсылманның қарызын өтемей тұрып, ұмра немесе қажылыққа баруын шариғат құптамайды. Қажылық жасау шариғатта парыз болып бекітілгенмен, оның белгіленген шарттары бар. Соның бірі, қажылық ғибадатын атқаруға мұсылманның материалдық (қажылық шығындарын көтере алатын дүние-мүліктің болуы) жағдайының болуы – міндетті. Одан өзге ақыл-есі сау, балиғат жасына толған, басы азат (құл емес) және денсаулығы күйлі болуы қажет. Ал, қарызы бар мұсылманның ұмра немесе қажылыққа баруын шариғат құптамайтын себебі, дінмізде «құл ақысы» деген маңызды түсінік бар. Құл ақысы дегеніміз – мойнында өзге адамның ақысы бар болса, ең алдымен соны өтеу керек. Құл ақысы өтелмесе, ақыретте оның сұрауы зор болады. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің хадис-шарифінде былай дейді:
«Қиямет күні үмбетімнен намаз оқыған, зекет берген муфлистер (банкротқа ұшыраушы) келеді. Осы кезде ақысын жегізген өзге адамдар да келіп, ақысын сұрайды. Әлгі адам жиған сауабын ақысын жегізген адамдарға таратып бере бастайды. Соңында сауап түгесіліп, бірақ жұрттың ақысы бітпесе, онда олардың күнәларын бұл адам арқалайды. Нәтижеде, ол тозаққа жіберіледі» (Муслим, Бирр, 59).
Яғни, қарыз болу дегеніміз құл ақысының өтелмегенін білдіреді. Оны қайтармай тұрып, ұмра немесе қажылық ғибадатын атқару дұрыс емес. Дегенмен, қарызды өтеуге әлі бірталай уақыт бар болса, сондай-ақ, қарыз беруші адам қарыз алған жанның қарызын өтемей тұрып, ұмра немесе қажылық ғибадатын атқаруына келісім берсе, онда бұл ғибадатты атқарған сөлекет саналмайды.
Ал, мойнында қарызы бар адамға ұмра немесе қажылыққа тегін жолдама берілсе, шариғат оған қалай қарайды дегенге келер болсақ, фиқһ кітаптарында: «Мойнында қарызы бар мұсылманға өзге адам қол ұшын беріп, қажылық шығындарын өтесе және бұл кезде (қажылықты атқару барысында) қарызы бар адам қарызын өтеу мүмкіншілігін жоғалтпайтын болса, онда ол мұсылманның қажылыққа баруына рұқсат етіледі (жайз)» (Мажму әл-Фатауа, 16/26) деп жазылған. Демек, қарызы бола тұра, тегін жолдамамен ұмра немесе қажылыққа баруды шариғатқа қайшы емес амал деп айта аламыз.
Мұхан ИСАХАН
Өзің жетіспей жүргенде қажыға қалай барасың? Дегенмен, жұрттың бәрі барып жатқанда қасиетті мекенге барғымыз келетіне анық. Сол себепті осы сұрақты да қозғағаны дұрыс болыпты.
Көрпеңе қарай көсіл, – дейді халқымыз. Қажылық парыз болса да, оған қарызданып баруды жөнсіз деп санаймын.