Шынайы күйде рухани тәрбиемен айналысып, кәмілдікке талпынған адамдар үнемі Алланың разылығына себеп болатын амалдармен айналысқаны үшін Алла Тағала олардың кейбір істеріне кепіл болады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) Израил ұрпақтарынан болған мына бір жайтты баршамызға ғибрат болу үшін баяндайды.
Бәни Израил қауымынан біреу танысынан бір мың динар қарыз сұрайды. Әлгі танысы да:
– Маған куәгерлеріңді ертіп кел, солардың көзінше саған қарыз берейін. Олар да бұған куә болсын, – дейді. Қарыз сұрап тұрған адам да:
– Куәгер ретінде Алла жеткілікті! – деп жауап береді. Қарыз беруші:
– Олай болса, бұған кепіл болатын біреу әкел, – дейді. Қарыз сұраушы тағы да:
– Кепіл ретінде Алла жеткілікті! – дейді. Қарыз беруші әлгінің ықыласына сенім артып:
– Дұрыс айтасың! – деп, әлгіге белгіленген күнге дейін қайтару шартымен 1 мың динар қарыз береді.
Әлгі адам кемеге мініп, шаруаларымен сапарға шығады. Қарызды қайтаратын уақыт та жақындайды. Қарыз алушы да қарызын қайтару үшін теңіз жағасына келіп, қарыз берген досының елдімекеніне баратын кеме іздейді. Алайда, ол күні баратын кеме таба алмайды. Әлгі қарыз алушы қарыздың кешігетінін уайымдап, бір ағаш алып, ортасын жарып, сол жерге мың динар ақшасын салып, қарыз берушіге хат жазады да, теңіздің жағасына келіп:
– Уа, Аллаһым! Өзің білетіндей мен пәленшеден қарызға ақша алған едім. Ол да менен куәгер боларлық адам сұрады. Мен «Куәгер ретінда Алла жеткілікті!» дедім. Ол да сенің куәгерлігіңе разы болды. Ол бұған енді кепіл боларлық біреу сұрады. «Кепіл ретінде де Алла жетеді» дедім. Ол да кепіл ретінде саған разы болды. Қарыз берушіге қарызын қайтару үшін бір кеме іздедім, алайда таба алмадым. Қазір бұл қарызды өзіңе аманат ретінде тапсырамын», – деп әлгі қарыз алушы ақша салынған ағашты теңізге лақтырды да, көзден ғайып болғанша қарап тұрды.
Қарыз берушіге апаратын кеме іздеуін жалғастырып кете бастайды.
Мына жақтан қарыз беруші де қарызы кеп қалар деген үмітпен жағаға көз салумен жүреді. Осылайша қарап жүріп теңіздің жағасынан бір отынға кезігіп, пеш жағуға керек болар деп, әлгі отынды алып, үйіне келеді. Отынды жарса, ішінен ақша мен хат шығады. Біраз уақыттан соң үйіне қарыз алған адам да кіріп келеді. Келеді де қарызға алған мың динарын иесіне қайтарып тұрып:
– Қарызыңды қайтару үшін дамыл таппастан кеме іздедім. Бірақ, осыдан ерте келетін кеме таппадым, – дейді.
Қарыз беруші де:
– Сен маған бірдеңелер жіберген бе едің?
Қарыз алушы:
– Мен саған келген кемемнен ерте келетін кеме таба алмағанымды айтып тұрмын, – дейді.
Қарыз беруші болса:
– Алла Тағала ағаштың арасына салып жіберген ақшаңды бізге жеткізді, сенің қарызыңды өтеді. Мына әкелген 1 мың динарыңды өзің ал да, еліңе аман-есен орал! – дейді (Бұхари, «Кәфалат», 1, «Буйуғ», 10).
Міне, берік әрі таза бір сенімге ие адамның жары үнемі Алла болмақ.
Сұлтан КЕРІМ