Жауап: Армысыз, Айгүл!
Осы іспеттес сауалдар біздің елімізде тарихи-рухани туризмнің толық жолға қойылмағанын аңдататындай.
Өйткені баршаға белгілі, еліміздегі көптеген рухани қайраткерлердің кесене-мавзолейлері – тек рухани тарихтың көнеден келе жатқан көзі ғана емес, олар бірінші кезекте еліміздің ерекше маңызды тарихи-мәдени ескерткіштері болып табылады.
Сондықтан еліміздегі жүзден астам әулиелердің кесенесі ретінде танылған зиярат орындары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне» енгізілген.
Тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде зиярат орындары тарихи-мәдени мұра ретінде заң жүзінде мемлекет қорғауына алынған.
Мұндай жағдайда еліміздегі тарихи мұралардың рухани-тарихи туризм нысаны ретінде кеңінен насихатталуы, тиісті анықтамалықтардың көптеп шығарылып, Сіз сұрау салып отырған бағыттардың айқындап көрсетілуі қажет еді.
Сонымен сұрауыңызға жауап ретінде Арыстан баб кесенесінің Шымкент қаласынан екі сағаттық қашықтықта, Отырар тарапында орналасқанын, оған қаладан жеңіл көлікпен жетуге болатынын назарыңызға саламыз.
Рухани ниетпен сапарға шыққалы отырғаныңызды ескеріп, осы орайда өзіңізге соңғы кездері жиі жарық көріп жүрген қабір зияраты әдептері туралы материалдармен танысуды ұсынар едік. Мұндай материалдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 20-ға жуық сайтының кез келгенінен табуға болады.
Біздің ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының niac.gov.kz сайтындағы «Дін және дәстүр» айдарынан да зиярат әдебіне қатысты бірқатар мәліметтер таба аласыз.