Қорғалжын ауданының Арықты ауылдық округі – талай асыл, абзал жандар өсіп өнген қасиетті жер. Бұл өңірдің бар байлығы адамдар десек, жөн шығар. Солардың қатарында, өмірдің көп уақытын ауылына арнаған, еңбек етіп, өзіме ерекше, қабағы жарқын-ақ, бауыр досым, қамқоршымыз ағам еді.
Ағам Тулеуленов Майдан Хамидоллаұлы, 1942 жылы туылған ерекше тұлға, жеті ағайынның ең үлкені. Соғыс уақытында туылған ағамның аты да тек емес. Хамидолла әкеміз соғыста жүргенде, анамызға хат жазып, ағамды Майдан деп атын қоюды ұсыныс береді. Әрине анамыз бұлжытпай алдында өзі қойған атын Майданға ауыстырады.
Қиын кездер мықты адамдарды шығарады. Мықты адамдар жақсы уақытты жасайды. Осы сөз тура ағам туралы айтылған. Өмірлік жолында жақсылық та, қиындық та болды. Барлығын көтере білген, бәрімізді түсіне білген, әрқашан қол ұшын созып отбасымыздың басы да, заңы да ағам болған. Жора-жолдастардың арасында орны ерекше, жүрегі жұмсақ әке, ата болған ерекше тұлға, жан ағамның ортамыздан кеткеніне бір жыл болды. Бір жыл, өзімізге қиын бір ғасыр өткендей. Алпыстан ассам да әрқашан еркелетім, сөзімді, өзімді көтеретін ағамның қасымызда болмағаны, «Ақ сақал жарасса – шал көрікті, сүйікті болса – ағайын көрікті, Үлкен шаңырақтың жанында отау көрікті» – деп, шаңырағымыздың шаттығы түспейтіндей болып әулетіміздің бір қабырғасы қайысты.
Ол 1974 жылы Петропавл педагогикалық институтын бітірген, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып ұстаздың жолын бастаған.
1963 жылы Қорғалжын ауданындағы «Арықты» кеңшарына тракторшы, 1969 жылы Арықты орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып тағайындалды. Осы тұста ұстаздық, спорттық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, жастардың жанашыры болған, жан-жақты маман ретіңде, көптеген алғыс-наградалардың иесі болып, бәрімізге үлгі болған ерекше тұлға еді. Тіпті әскерде жүргенде, әр уақытта алдыңғы қатарда болатын. Әскерден келгені әлі есімде. Мойнына отырғызып алып, сағынып бар ағалық қамқорлығын көрсеткен жан ағам.
1984-1991 жылдары партия-кеңес жұмысында, атқару комитетінің төрағасы болып сайланып елге қызмет жасайды. Бұл тұста газет бетінде, радиодан сөйлеп ауылдың, ауданның мәселелерін шешуге атсалысып, партияның алдыңғы қатарында адал қызметімен ерекшеленетін.
1997 жылдың мамыр айынан бастап 2000 жылға дейін Қорғалжын ауданы, Арықты ауылдық округінің әкімі болып қызмет етті. Бұл жылдар елімізде ең қиын уақыты болғанын бәріміздің есімізде. Су, жылу, жарық, көмір, ұн, жалақы, жұмысқа тапшы болған халқымен бірге болған Майдан ағам, бұл қызметті де абыройымен атқарып, күні-түні қызметте болатын.
Өмірлік жолында, серігі, жұбайы төрт ұлын сыйлаған Раушан жеңгеміздің орны ерекше. Бар бастамаларын қолдап, қоштап, ағайындылардың басын қосып, әулиеттің ұйытқысы болған асыл ана, адал жар болғаны сөзсіз! Ауырған кезде шырылдап, ағам бар махаббатын төгіп, жеңгеміз кеткеннен кейін көп уақыт орын таба алмай сауығып қалған еді. Төрт ұл, немере, ағайын, жолдас қайғысын тарқатуға тырыстық. Махаббаттың үлгісі осы ағам мен жеңгем болған. Топырақтары торқа жандары жәннатта болсын.
«Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасады» дейді қазақта. Ағамның қасында Мұхтарима жеңгем табылып, ол да өзінің төрт баласы, немерелері қара шаңырағымызды қайта жандандырып, бақытқа толтырды. Бұл тұста ағам шүкір 8 ұл-қызды болып, немере, шөбереге байыды. Балажан, жүрегі ашық, таза, абзал ағама бұдан асқан байлықтан еш нәрсе керек емес-тін.
Кенже ұлы Елбек: «Балалық шағымда әкеміздің бізге деген тәрбиесі әрине өзінің үлгісімен есімде. Әкеміздің қолынан М. Әуезовтың «Абай жолы» романы, І. Есенберлиннің «Көшпенділері», Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы т.б. тарихи құнды шығармалар түспейтін. Төрде кітаптың түр-түрі болған! Әсіресе тарихшы болғандықтан. Әңгіме, өмірлік мысалдың барлығы, өмірдің тауқыметін басынан өткізген ол мақалдап сөйлеп, оқыған кітаптарын өмірмен байланыстыра айтып отыратын. Жыл сайын басылымдарға жазылатын. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен»), «Балдырған», «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» атанды) журналдары, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газеттері т.б. облыстық, республикалық таралымдарды құшақ-құшақ алып, қызыға оқитынбыз. Газет, журнал беттеріндегі жаңалық, мақала, шығармаларды үзбей оқып, өмірге керекті деректі үйренетінбіз.
Әлі есімде, біздің үйде түрлі техникаға толы болатын. Үш теледидар болатын. Көрсетпей қалса, бірінен соң бірін сатып алатын. Ол күндері қазіргідей шетелдік кинолар емес, қазақша фильмдер, айтыс, көкпар т.б. ұлттық тәлім-тәрбиеге бай хабарларды тамашалаймыз. Рухани жан-дүниеңді шыңдар әке-шеше тәрбиесінен нәр алып өстік. Әкеміздің темірдей қатал тәрбиесін көріп, анамыздың мейірімге толы ыстық аялы алақанында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ержеттік. Күншуағы мен көлеңкесі қатар жүретін өмір белесінің алғашқы баспалдақтарын осылай аттағанбыз…
Жазда үйдің алдына шағын бақша салатынбыз. Қолмен суарып, арамшөбін жұлып, күту біздің мойнымызда. Малды өріске айдап, кешке түгендеп аламыз. Мал азығын дайындауға көмектесеміз. Шөп, жем жинау науқанында қызу жұмыс басталатын. Үй құстары тауық, үйрек, қаздың балапанд-рын көгалға жаямыз, уақытында жем шашып, тұратын сарайдың ішін әлсін-әлсін тазалаймыз. Осындай күнделікті үйдің күйбең тірлігіне қолғабыс беріп келгенде әкеміз «құлша жасап, бише ішіңдер» дейтін, анамыз болса, үстелге ұлттық құнарлы тағамдарды толтырып қоятын. Әкеміз: «Күнкөріс қайда? Арыстанның аузында, Түрікменнің төрінде» деп тақпақтап жөнелетін. Ол өте сөзге шебер, әңгімешіл, ашық жарқын, қарапайым, болмысынан кісілігі, парасат-пайымы бөлек адам болатын. Еңбекшіл болуға үйрететін. «Бүгінгі жұмысты ешқашан ертеңге қалдырмаңдар» деп отырушы еді. «Бар үлгілі тәрбиені осы әкемнен көрдім. Қазіргі таңдағы жетістіктерім сол кісінің арқасында. Маған деген әрқашан, нағыз азамат, беледі тұлға болып қалады.
Әке-шешеміз дүние-мүлікке қызықпаған ар-ұятын сатпаған, ешкімге ғайбат сөз айтпаған жандар еді. Көз-қуаныштарына айналған балаларына дұрыс жол сілтеп, сарқылмас тәрбие беріп, ұядан ұшырды. Бар саналы ғұмырын бала болашағына арнаған әкемізді анамызды сағынышпен еске аламыз. Биыл әкеміздің дүниеден өткеніне жылдық асын береміз. Мейлі, қанша жыл өтсе де, әкем мен анам берген тәрбие есімізде мәңгі сақталады», – деп еске алады.
Сәуле ТӨЛЕУЛЕНОВА