90-шы жылдардың бел ортасы. Ел рухани азығын өзін әулие деп жариялағандардан және кесене аралаумен қанағаттардыруда еді. Әрине, елдің барлығы емес. «Аңқау елге, арамза молда» дегендей, елдің бұл сұранысын тиімді пайдаланып, бағзы біреулер бизнеске де айналдырып үлгерді. Осылайша, «ата жолдың» жолы болды. Олардың өздеріне тән рәсімдері мен діни-жоралғылары да бар еді. Бірақ, әңгіме олар туралы емес. Олардың тигізген залалы жайлы. Солардың кесірінен, жастардың біразында қазақта мұсылманшылық жоқ деген пікір қалыптасты. Қазақтың діні – аруаққа сиыну деген стериотип пайда болды.
Әсілі, қазақ мұсылмандығына берік халық. Оның жүрегіндегі иманын ешбір жүйе ала алмады. Өйткені, дін оның тек діліне ғана емес тілі мен салт-әдстүріне де бойлап кеткен. Шал ақынның:
…Жарлығы екі болмас Хақ құдайым,
Жанында серігі жоқ, дақ құдайым,-деген жыр жолдарында нағыз таухид бар. Ал, Қаблиса жырау:
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз,-деп жырлауы да қазақтың Алла Тағалаға деген сенімін аңғартады.
Демек, «қазақтың мұсылман болғаны кеше ғана» деушілердің үш себебі бар. Бірінші, қазақ тарихынан бейхабар. Екінші, тілі мен дәстүрінен алшақ өскен. Үшіншісі, ең сорақысы – біреудің сойылын соғуда.
Қазақ тілеуін аруақтан емес Жалғыз Алла Тағаладан сұраған. Әрине, әулиенің басына барып, қабірдегі пендеден сұрау Жаратқанға серік қосу. Бұл – үлкен күнә. Райынан қайтып тәубеге келмесе кешірілмес күнә. Ал, серік қосудың ең белең алған түрі аруаққа сиыну. Бұған түрткі болатын діндар тақуа да ізгі адамдар жайлы хикаяларды тым асыра-сілтеп жіберу. Әсіресе, ақиқат пен аңыз арасын ажыратпай, оларға деген сүйіспеншілік адамның көзін тұмшалап, асыл діннің шеңберінен шығуға алып барады.
Құран Кәрімде: «Және олар: тәңірлеріңді тастамаңдар: Уад, Суағ, Яғұс, Яғұқ және Насырды әсте тастамаңдар (бұлар бұттардың аты) деседі[1]», – деп айтылған. Ибн Аббас (р.а.): «Шын мәнінде Уад, Суағ, Яғұс, Яғұқ және Насыр бұлар Нұх (ғ.с.) қауымының ішінен шыққан ізгілердің есімдері. Олар қайтыс болған кезде шайтан елдің көңіліне марқұм ізгілер отырған орынға олардың тас мүсінін орнатып, (тас мүсіндерге) аттарын беру ойын салады. Жұрт дәл солай етті. Бірақ, олар тас мүсіндерге құлшылық жасаған жоқ. Алайда, көзін көргендер қайтыс болып, тас мүсіндер жайлы ел арасында дерек жойылған соң, кейінгі ұрпақ құлшылық ете бастады[2]», – дейді.
Ия, еліміздің түкпір-түкпірінде әулие және тақуа жандардың кесенесі бар. Олардың ғұмыры ұрпаққа өнеге һәм ғибрат. Ал, сол ғұламалардан қалған діни мұра ұлтымыздың рухани қазынасы. Бақилық болған діндарлар бейітіне барып дұға бағыштау мұсылмандық. Ал, сол қабір басын құлшылық орнына айналдыру мүшріктерге тән әдет. Алла тағала одан сақтасын.
Жаратқанның ең ұлық әмірі тек Өзіне ғана иман етіп, Өзіне ғана құлшылық ету. Жайнамазда тұрып құлшылық етуші намаздың әр ракағаттында «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз[3]» деп жалбарынуы, сондай-ақ : «Алла тағаладан басқа тәңір жоқ, Ол Жалғыз, Оның серігі жоқ, барлық мүлік (иелік) Алла тағаланікі, барлық мақтау Аллаға тән. Тірілтуші және өлтіруші Алла. Ол Мәңгі», – деп намаздан кейін айтуымыздың сыры да осында жатыр.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңғы өсиеттерінің бірі де Алла Тағалаға серік қоспауға үндеу болған еді. Сахаба Жундуб (р.а.): «Мен Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болатынан бес күн бұрын: «Сендерден алдыңғы үмбеттер пайғамбарлары мен ізгілерінің қабірін құлшылық орны етіп алатын. Қабірлерді құлшылық ететін орынға айналдырмаңдар. Расында мен сендерді мұндай әрекеттен тыямын», – деген сөзін естідім[4]», – деп риуаят етеді.
Жалпы, қазақ халқы хақ Ислам дінін бұзбай ұстап келген. Қандай зұлымат заманды басынан өткерсе де діннің отын өшірмей ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп отырған. Мұқағалидің әлемге бар дауысымен:
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құм менен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның[5],-деп жаппай құдайсыздық белең алып, діндар тұрмақ оның отбасының өміріне де қауіп төнген дәуірде жырлауынан байқалады.
Ия, қазақ әлмисақтан мұсылман. Оның салт-дәстүрі асыл дінмен біте-қайнасқан. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, осыны жастар біліп жүрсе екен.
Руслан Қамбаров
Исламтанушы