1). «Отбасы хрестоматиясы» жобасы аясында жарыққа шыққан «Мың сұрақ» кітабында аталған лепестің шығу төркіні кеңінен баяндалған. Онда ол Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып жерге түскен соң, Жебірейіл періштенің екеуіне үш уыс дән алып келуі баянымен байланыстырылған.
Періште әуеліде: «Уа, Адам, Хауа екеуің осы дәнді бөліп алып, жерге егіңдер. Бұдан сендердің және әуелден ақырға дейін өмір сүретін ұрпағыңның ырзық-несібесі өніп шығады» деп, оларға құнды тұқымды жеткізген екен. Өз кезегінде, Адам мен Хауа екеуі жерді жыртып, оны егеді.
Бір ғажабы, Адам атаның еккенінен бидай, ал Хауа ананың жерінен арпа өсіп шығады. Кітап қисынынша, содан бастап «бидай» Адамның, ал «арпа» әйелдің үлесі саналатын болыпты. Қыздар не әйелдер арасында жалғыз еркек болса, «арпа ішінде бір бидай» дейтін сөз содан қалған екен дейді.
2). Жасыратыны жоқ, Қазақ әдеби тілінің сөздігінде бұл тіркесімге «Жалғыз, бөлек, көп ішінде ерекше, дара» мағынасында түсінік берілген (Он бес томдық. 3-том. / Құраст.: Б. Сүйерқұлова, Т.Жанұзақ, О.Жұбаева және т.б. – Алматы, 2011).
Мысалы:
«Бір бидай арпа,
Өзің біл қалқа» (Халық өлеңі).
Осынау фразеологиялық тіркес ертеректе балалардың ойынында да айтылған екен. Этнографиялық жазбаларға қарағанда, бөтен ортаны жатырқаған баланы қатарлары ортаға алып, түрткілеп әзіл түрінде «арпа ішінде бір бидай, шоқып алды бір торғай» деп, «етін үрететін» болыпты (Н.Уәлиұлы, Фразеология және тілдік норма).
СОНЫМЕН, ОНЫҢ ЖИЫНТЫҚ МӘНІ «ТОП ІШІНДЕГІ ТАҢДАУЛЫ, ҚАДІРЛІ, ОҚШАУ, АЛАБӨТЕН» ДЕГЕН ТІЛДІК ОБРАЗҒА САЯТЫНЫН КӨРЕМІЗ.
Бүгінгінің ақыны М.Шахановтың өлеңінде ол орам:
Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай, – деп жыр өзегіне негіз болған.
Ал мұндай мысалдар қаншама! Бірақ, осының барлығына қарамастан, оның негізінен ер жынысты адамды ишаралау үшін қолданылатынын аңдаймыз.
Осы орайда айта кетерлік бір жайт, ежелгі түркілерде арпаны «абра» формасында да айтқаны. «Сөз сандық: Қазақтың көне сөздері» жинағында осы баса айтыла отырып, «Бұл сөз қазір жер аттарында кезігеді» деп, «Абыралы таулары» мысалға келтірілген (К.Қайыржан, «Өнер» баспасы, 2013).
Абыралының арабтың «Афдал» сөзімен де байланысты болуы мүмкіндігін ескерсек, мұны әлі де зерттей түсу керек. Өйткені, өңір атауы арпадан шыққан болса, мұның не шаруашылықтық, не түп қайнары Хауа анаға барып тірелетін әлдеқандай мифтік бір түсінігі болуы кәдік.
3). Қисса Адам ғалайһи-уәссәләм-да «Адамның еккен бидайы егін болып шығып. Хауаның егіні арпа» болғанда, Адамның: «Иә, Раббым! Менің егінім бидай болып, Хауа егіні неге арпа болды?» деп сұрағаны және Хақтағаладан: «Хауа алғаш шайтан сөзіне азғаны себепті» деген жауап алғаны айтылады (Аударған Роза Мұқанова, жазушы/kozhalar.kz). Яғни бидай мен арпаның символдық мәні бар.
Мысалы, мұсылмандық түс жоруда олар негізінен арзаншылық пен молшылықты білдірсе де, бидайдың жорылуының діни реңкі басым. Былайша айтқанда, «мумин» адам түсінде піспеген бидай жегенін көрсе – істеген құлшылығы мен тақуалығының шынайы екендігін білдіріп, жалпы жақсылыққа жорылады.
P.S. Жебірейілдің жұмақтан тұқым жеткізу оқиғасы ораза ұстаудың бұйырылуымен байланыстылығымен де құнды:
«Адам (…) еккен бидайын тартып, ұнға айналдырғанда Жебірейіл (…): «Ұнды қамыр етіп, пісір» – деді. «Әй, Адам! Саған Хақтағаланың өмірі бар. Күннің екі үлесі өтіп, бір үлесі қалды. Сен сабыр етіп, күн батқанша ораза ұстасаң, Хақтағала саған үш жақсылыққа уәде бермек. Біріншіден, саған разы болмақ. Екіншіден, күнәңді кешіріп, жарылқамақ. Үшіншіден, жұмақтан орын бұйыртпақ», – деп, Алла тағаланың әмірін естіртті» (Аударған Роза Мұқанова) делінеді киелі баянда.
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист