Белгілі ресейлік шоу-бизнес өкілі, “Муз-ТВ” телеарнасының бұрынғы бас директоры Арман Дәулетияров ауылдағы анасы тұрған үйді жергілікті діни басқармаға беріп, мешітке айналдырады. Бұл туралы ол бүгін әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында мәлім етті.
Айта кетейік, ол Ресейдің Орынбор облысы, Соль-Илецк ауданының Томарөткел ауылында туған. Ұлты – қазақ. Үйдегі балалардың бәрі жан-жаққа кеткенде қара шаңырақта анасы ғана қалған. Әкесі ерте дүние салыпты.
Кейін Арман ескі үйлерін бұзып, орнына анасына барлық жағдайы жасалған жаңа үй салып береді. Анасы Айман апай өзі осы үйде тұрды. Жуырда Арман Дәулетияров әлеуметтік желіде анасының кенеттен қайтыс болғанын жариялаған болатын.
“Бұл біздің қара шаңырағымыз. Мен осы аулада туып өстім. Ескі үйімізді бұзып, анама жаңа үй салып бердім. Бұл жерде барлық жағдай бар: монша, жазғы асүй, қосымша ғимарат. Бұл үйде анам өмірінің соңына дейін тұрды.
Мен енді бұны ауданымыздың діни басқармасына беремін. Бұл жерде Айман Дәулетияров атындағы мешіт болады. Кез келген адам мұнда кіріп намаз оқи алады, сондай-ақ балалар Құран оқуды үйреніп, исламнан сауаттарын ашады.
Біздің ауылда, тіпті айналамыздағы ауылдарда мешіт жоқ. Сондықтан бұл құлшылық үйінің ашылғаны ауылдастарымыз үшін қажетті нәрсе.
Анам тірі кезінде оған осы ойымды жеткізіп, ақылдасқанымда ол өте қуанды. “Біз бақытты ғұмыр кешкен үйіміз менен кейін адамдар үшін қызмет ететін болса, ол өте жақсы”, – деп еді көзіне жас алып.
Анамның жылын бергеннен кейін (ол өзі маған солай айтып еді) мен ауласына мұнара тұрғызамын, содан кейін мешіттің есігі барлық адам үшін ашық болады.
Мен өз отбасыммен де мұнда жиі келіп тұрамын. Ендеше сіздер де келіп тұрыңыздар”, – деп жазды Арман Дәулетияров.
Өте керемет шешім! Алла сауаптан жазсын.