– Терроризмнің исламдық санамен ешқандай байланысы жоқ. Діни сана терроризм тудыра алмайды. Өйткені Ислам дінінің қоғамда беделі күшті болған кезде лаңкестік деген орын алмаған. Терроризмді тудырған модернистік сана деп айтсақ қателеспейміз (фашизм, атеизм мен әсіре коммунизмді де тудырғаны сияқты). Қазіргі таңда Ислам атына жабылып жатқан жала қай жағынан алып қарағанда да оның рухына жат. Әсіресе, «11-қыркүйек» оқиғасынан кейін батыс бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар Ислам мен терроризмді бір етіп көрсетіп, адам санасына сіңіруге тырысуда. Лондонның мэрі Кен Ливингстон: «Батыс әлемінің мұнайға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 80 жылдан бері Араб елдерінің істеріне араласудамыз. Егер І дүние жүзілік соғыстан кейін Орта Шығыстағы мұнай қойнауларын басқарып-қадағалаудың орнына уәде еткеніміздей бұл жердің басшылықтарына бостандық беріп, тек қана мұнайды сатып алып отырсақ, қазіргі қайғылы оқиғалар болмас еді», – деп қазіргі болып жатқан оқиғалардың себептеріне ишарат жасайды. Соныман қатар Ливингстон ағылшын жастарының көпшілігінің АҚШ-тың Израилді қолдауы және Гуантанамодағы ешқандай қылмыстары анықталмаған жүздеген кісінің тұтқында ұсталуы ретінде пайда болған Батыстық екі ұшты саясатты жақтамайтындығын айтуда. Бұған Әбу Гирейб және басқа да түрмелердегі зорлық-зомбылықтармен қатар АҚШ қорғаныс министирлігінің ресми түрде мойындаған Құран-Кәрімге қарсы жасалған масқаралық әрекетті де қосады. Әрине, бұл себептердің ешқайсысы бейбіт адамдардың өліміне жол ашқан оқиғаларды ақтап ала алмайды. Бірақ бұл лаңкестікке бастайтын факторлар екендігі шындық. Мұсылман елдеріндегі қарапайым халық арасында мұсылман ғалымдарының беделінен гөрі исламнан терең ілімі жоқ, өзін «Исламның қорғаушысы» санаған кейбір адамдар мен топтардың сөзінің өтімдірек болуы да террорлық актілердің күшеюіне өзіндік ықпалын тигізуде. Олар Ислам ілімдерінің негізін білмегендіктен әлемдегі оқиғаларға саяси призмадан қарап, баға береді. Сондықтан олардың пікірлері Батыс пен Шығыс арасына іріткі тастап, арандатып, араздық отына май құйып, маздата түседі. Сонымен қатар қандыбалақ террорлық әрекеттерге итермелеген негізі факторларға мұсылман әлемінің соңғы бір ғасырдағы басынан өткерген бөлінушілік, Батыс әлемінің өзгелерден оларды төмен санауы, алалау, отарлау саясаты, мемлекеттік террор, геноцид, жаппай қырып-жою сияқты себептерді де қосу керек. 1980-2004 жылдар арасында болған өзін-өзі өлтіру акцияларын зерттеген Роберт А. Пейп (Раре) бұл оқиғаларды алғаш бастаушылардың марксистік ұйым болған Тамил жолбарыстары қолданғандығын, ұлтшыл марксист палестиналық ұйымдар бұл дәстүрді Шри-Ланкадағы терроршыл Тамил ұйымдарынан үйренгендігін және әлемде болып жатқан бүкіл осындай жанкештілік оқиғаларының негізгі себебінің діни сенімдер емес, өз отандарының азат болуы үшін жасалып жатқандығын соңғы 20 жылдың тәжірибесіне сүйене отырып, басқыншы әскерлер кеткен кезде бұл лаңкестік акциялардың пышақкесті сап тыйылғанын айтады. Кейбір аздаған топтардың әрекеттері жаңылыстықпен жалпы мұсылмандарға телініп, Ислам діні терроризм ретінде көрсетілуде. Исламды құбыжық етіп, тероризммен қатар қойып, қаралау Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында қарқынды жүріп жатыр. Тіпті жағдай мүшкіл дәрежеге жеткені соншалықты исламдық қозғалыстарды жамандамау да дұшпан жағында болумен бірдей саналатын болды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрсерік Жолбарыс, арнайы “Е-islam.kz” сайты үшін.