Жауап: Сіздің мұны байқап түзелуге тырысуыңыздың өзі мәселенің жартысын шешкендігіңізді көрсетеді. Әрине, адамның мінезі бір күнде өзгере салмайды. Алайда, табандылық танытып, өзгеруге тырыссақ Алла тағалам өзі күш береді. Ал, «жаратылысым өзі осындай, мен өзгере қоймаспын» деп айтпау керек. Егер адам өзгермейтін болса, Алла тағаланың пайғамбар жіберуінің мәні қалмас еді. Хақ тағала пайғамбарлар арқылы адамдарды тура жолға салып, мінездерінің, өмірлерінің өзгеруіне мүмкүндік жасаған. Пайғамбарымыздан тәлім алған сахабалардың өмірі бұған керемет үлгі. Сондықтан да, біз түзелуге шынайы пейіл қойып, сол жолда нәпсімізге қиын келген нәрселермен күресе білуіміз керек. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) нәпсімен күресті үлкен жиһад деуі тегіннен тегін емес қой. Сондықтан сабырлықпен, төзімділікпен, осы жаман қасиетті жоюға тырыссақ жиһадқа қатысқандай сауап алатындығымызды еске алып, адамдардың кішігірім кемшіліктерін байқамауға, байқасақ та мән бермеуге бойымызды үйретуіміз қажет. Бұдан құтылу үшін алдымен осындай жаман қылыққа итермелейтін рухани кемшілігімізді дұрыс анықтап алып, жоюға тырысу керек. Көбіне мұндай кесел адамның өз пікірлерін ғана дұрыс деп есептеп, өзгелерге мұрнын шүйіре қараудан туындайды. Адам баласы өз кемшіліктерін түзеуге тырысса, өзгелердің кемшіліктерін көруге уақыт таппайды. Бұл мәселеді Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір жолын, тақуа, ғалым кісілердің өмірлерін көбірек оқып, сол мінездерді бойымызға дарыту үші көп жұмыс жасасақ, оның сауабы мен берекесін міндетті түрде көреміз.