Сұрақ: Біз не үшін барлық нәрсені «бисмилләмен» бастауымыз керек?
Жауап: Мұсылман үшін «бисмиллә» сөзінің мазмұны да, мәні де өте маңызды. Мұның кейбір негізгі қасиеттерін атап өтуге болады.
Біріншіден, мұсылман адам Алланың барлығына және Оның бірлігіне иман етеді. Сондықтан да ол әрбір істі Алланың есімімен бастайды. Себебі «Бисмиллә» сөзі бір істі Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарын зікір ете отырып бастауды білдіреді.
Сондай-ақ, «Бисмиллә» деген уақытта «бисмилләһир-рахманир-рахим» деп айтуды меңзейміз, яғни қазақша мағынасы – Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Құдай Тағала Құранда: «Алланың көркем есімдері бар, солар арқылы Оған дұға қылыңдар. Оның есімдерін теріске шығарғандарды қоя беріңдер, олар қолекі істегендерінің сазайын тартады» деп хабар берген (Ағраф: 180).
Қазақ ағартушыларының бірі Ыбырай Алтынсарин:
«…Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап», – деп, аяттың мазмұнын аша түскендей. Демек, мұсылман әрбір ісін «Бисмиллә» деп бастаған уақытта Алладан сол ісін қайырлы етіп оңғаруын сұраған (дұға қылған) болып саналады.
Екіншіден, пайғамбар (с.ғ.с.) әрбір ісін «Бисмиллә» мен бастауды үмбетіне сүннет етіп қалдырды. «Бисмилләмен» бастау – сүннет.
«Адам үйіне кірерде және тамақ ішерде «бисмиллә» деп айтса, шайтан: «Бұл жерде қонақтай да, тамақтана да алмаймыз», – дейді. Егер ол адам үйіне кірерде «бисмиллә» деп айтпаса шайтан: «Түнді өткізетін жерді таптыңыздар», – дейді. Егер ол адам тамақ жеуден алдын «бисмиллә» айтпаса, шайтан тағы да: «Паналайтын әрі тамақтанатын жер таптыңыздар», – дейді» (Мүслім).
Үшіншіден, пайғамбар (с.ғ.с.) мына хадисінде «Бисмиллә» сөзін жиі айтуға жігерлендірген: «Алланың 99 есімі бар. Кімде-кім сол есімдерді жаттап, соларға лайық амал жасайтын болса, жәннатқа кіреді» (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ