Сұрақ: «Әрбір істе орта жолды ұстану қажет» делінген. Мұның мәні неде?
Жауап: Алла Тағала әлемді белгілі өлшемге сәйкес жаратқан: «Әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» (Фурқан: 2). Мұның мағынасы, Алла әлемді реттілікпен, тәртіппен және өлшеммен жаратқан.
Сол себепті де қандай мәселеде болмасын, тым асыра сілтеу немесе керісінше асыра кері тарту да дұрыс емес. Екі жағдайда да адам шектен шығады немесе белгілі өлшемнен алыстайды.
Ислам мұсылманға ұстамдылық танытып, түрлі астамшылдықтан аулақ болуымызды әмір қылды. Алла ұстамдылық танытпаған және шектен шыққан пендесін жақсы көрмейді: «Шынында Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Мәйдә: 87).
Дінімізде асыра сілтеуді «исраф» немесе «ифрат» десе, артта қалуды қалуды «тәфрит» деп айтады. Ең дұрысы – орта жол. Тепе-теңдікке осы арқылы қол жеткізеді. Мұны «иғтидәл» деп айтады. Бұрынғы қариялар айтқандай: «Төменде жатпа, сел алып кетеді. Биікте жатпа, жел алып кетеді» деген сөз осыған саяды.
Расында да орта жол дегеніміз жақсылыққа, дұрыс шешімге бастайды. Мысалы, бір жақта «сараңдық», екінші жақта «ысырапшылдық» тұр делік. Мұның екеуі де зұлымдыққа жатады. Екі жағдайдың бірін таңдайтын болсаңыз, дұрыс шешім болмайды. Себебі дін екеуін де құптамайды. Ең дұрысы әрі екеуінің де ортасы – жомарттық. Жомарттық – мақтаулы мінез. Бірақ, жомарттық қыламын деп ысырап қылмайсыз әрі ысырап етпеймін деп сараңдық та жасамаңыз.
Дәл сол сияқты бір тарапта «қорқақтық», екінші тарапта «ашу» делік. Бұлардың екеуі де жеке қалған уақытта жақсы қасиеттерге жатпайды. Екеуінің ортасы – батылдық қасиеті. Орташа жол дегеніміз, осы іспеттес өлшеммен жасалады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ