Жиһадқа барамыз деп, үмітсіз дүниеге сеніп, ИШИР-дің қатарына қосылған жас жеткіншектердің көпшілігі азын-аулақ сауда-саттықпен айналысушы немесе фабрикада жұмыс істейтін бозбалалар екені белгілі болды. ИШИР лаңкестік ұйымының жендеттері айлалы әрекеттерін мойнында үлкен қарызы бар отбасын іздеуден бастайды екен. Мұнан соң сол отбасының баласын сөзге тартып, «Әкең осынша қарызды қалай қайтармақ?» деп бауырмалдық танытқансып, қаржылай көмек береді. Бұл жерде мұсылманның мұсылманға бауырмал болуы керектігі туралы шариғат сөздерін де ұтымды пайдаланылады. Ал материалдық қиындық көрмеген жастарды мешіт маңы мен діни курстарда жүрген жерінен әңгімеге тартып, улы насихатының қармағына іліктіреді. Оларға тіптен «Егер де бесеудің басын алып келсең, жұмақтан осындай орын аласың» деген секілді негізсіз сөздерді не болмаса хадистерді ойдан құрап, дұрыс хадисті бұрыс мақсатқа бұрмалап, өздеріне тартудың сан түрлі тәсілін қолданып бағады.
Алдымен, Түркия жастары тікелей ИШИР-дің құрамына емес, «Сирияның азат әскеріне» қосылады екен. Мұнан кейін сол жерден әр түрлі топтарға бөлініп, жасақ құрылады.
ИШИР тұзағына іліккен құрбандарын өздеріне одан әрі тәуелді ету мақсатында жастарды некелестіре бастайды. «Сенің енді өз отбасың бар. Бұдан былай отбасың, ар-намысың үшін де күресуің керек» деп, жігерін жани түседі. Содырлар сапына қосылған жігіттің қайсысы қаза тапса, оның жұбайын өзгесіне әйелдікке өткізеді. Мұнан сорақысы, ИШИР, тіпті, өз сапындағы содырдың өлімінен де пайда табуға тырысатынын ресми дерек көздері айғақтайды. Әсіресе, қаза болған адам дәулетті отбасыдан шыққан болса, ИШИР марқұмның туыстарына хабар беріп, «Балаңыз қайтыс болды, қаласаңыз шекараға келуіңізге болады, марқұмның денесін беріп жібереміз» деген ұсыныс білдіреді. Байғұс әке уәделескен жерге келген кезде одан 3 мың түрік лирасын талап етіп, содан кейін ғана баласының мәйітін беретінін айтады.
25 жасар Хасан есімді досының Сирияға кетіп, 10 ай өткен соң Раккада қаза тапқаны туралы түрік жігіті әңгімелеп берді. Хасан ИШИР эмиссарларымен Стамбулдың Фатих деген ауданынан мекен тапқан сопылар жамағатының діни кештеріне (сұхбатқа) барған кезде танысты деп топшылайды досы. «ИШИР-дегі адам арбайтын әккілер жамағаттың діни дәстүрлерге беріктігін пайдаланып, өздеріне тартқан болуы керек», – дейді ол. Хасанмен танысқан адам оны Гюнгёрендегі орталығына тарта бастаған. Осыдан соң уақыт өте Хасан өзінің бұрынғы сырлас адамдары мен өз ортасынан алыстап, жамағатымен байланысын үзіп, сол орталыққа ғана баратын болды. Ол уақытта ИШИР-дің қандықол қылмыстары, қарақшылық әрекеттері қоғамға онша белгілі емес еді, сондықтан, достары Хасанның болашағына қандай қатер төніп тұрғанын сезбеді де. Тіптен, оның «жиһадқа барамын» деген сөздеріне сенбеген де болатын.
Хасан дәулетті отбасыдан шыққан. Әуел баста ол әкесінің кәсібіне қолғабыс тигізіп, бірге жұмыс істеп жүрді. Кейін келе Лалели ауданындағы ИШИР-мен байланысы бар тоқыма фирмасына ауысып кетеді. Жаңа жұмысқа ауысқан Хасанды көруге келген достары фабриканың жабық тәртіппен жұмыс істейтінін, ішіне адам кіргізбегенін, жұмысшыларының барлығы сақалды болғанын, сондай-ақ олардың қара киінгенін атап көрсетті. Хасанның өзі де қара түсті киім киюді дағдыға айналдырды.
Бұдан кейін Хасан Газиантеп лагеріне кіреді. Бүгінде аталмыш лагерь туралы түрік баспасөзінде жиі аталады. Сол жерде ұйым мүшелері жас жігітті Адыяман қызына үйлендірді. Хасан қызды ата-анасына таныстырмақ болған кезде олар мұны жақтырмай, тыйым сала бастады.
Осылайша күн артынан күн зулап, Газиантепке кеткен Хасан еліне оралмады. Ол – Сирияға аттанды. Сол жақтан Facebook желісі арқылы достарымен хат алысқан сайын Хасан «ИншаАлла, шахид болғанға дейін нәрестелі боламын» деп жиі жазған. Әйелі жүкті болған екен. Бірақ, баласын көрмей кетті – нәресте жарық дүниеге келерден 1 ай бұрын Хасан қарулы қақтығыста қаза тапты.
Хасанның жұбайы күйеуінің қайтыс болғаны туралы хабарды әкесіне жеткізісімен әкесі Газиантепке тұра шапты. Уақыт оздырмай Сирия шекарасына да жетіп жығылған әкесі ұлын жерлеу рәсіміне үлгере алмады. Мұнда содырлар өлгендердің тізімі мен фотосуреттерін күн сайын әкеліп ілетінін байқады. Хасанның әкесі оларға: «Балам әйелі бар еді, артынан ұрпақ қалуы мүмкін. Рұқсат болса, екеуін алып кетейін деп едім» дейді. Алайда, олар бұған тыйым салынатынын айтады. Артынша Хасанның Facebookтағы парақшасы да өшірілді. «Біреу қайтыс болғандардың парақшаларын әлеуметтік желілерден өшіріп отырады. Хасанның тағы бір жолдасын танитынмын, ол да жиһадқа кеткен. Бірнеше күн бұрын оның да парақшасы жоғалып кетті. Ол да өлген сияқты» дейді Хасанның досы.
Иә, бүгінгі жариялы қоғамда улы үгіт ашық жүріп жатыр. Ашығын айтар болсақ, қатерлі насихатқа бірнеше түркиялық баспа үйі қызмет етіп келеді. ИШИР-ге қызмет ететін баспа орталықтары тұтас Түркия жеріне кең таралған десе де болады. Маған Гюнгёрендегі орталықта әр жұма намазы аяқталған соң жастарды жиһадқа шақыратын астыртын үгіт-насихат жүргізіледі деген ақпар да келді. Мұндай орталық Фатихта да болған, бірақ көпшіліктің көтерілуімен оны жапқан деседі. Ондай орталықтар бастапқыда Құран мен хадистерді оқытамыз деген желеумен ашылып, онан соң «дүниеде залым көп, ал жиһад – әр мұсылманға міндет» деп уағыз жүргізеді. Ал, бүгінде баршаға мәлім, Конье орталығында бір топ жастар жиһад алдында жамағат болып намаз оқып, Сирияға аттанған.
Насихат кезінде жастарды «Түркияда ислам теріс оқытылады, сондықтан оны түзеу керек» деп сендірЕді. Мысалға, Хасанның өзі осындай насихаттың әсерімен өз анасының тариқаттардың тәртібіне сай чаршаф (түріктің тері шапан үлгісі) киіп жүргеніне қарамастан, қарсы келе бастады. «Намазхан әйелге бұл елде тұруға болмайды, шынайы ислам мемлекеті тек Сирияда ғана орнамақ» деген сөздерді анасына жиі айтқан.
Түркия жастарын содырлар сапына тартудың тағы бір тәсілі – лагерлер құру. Мұндай лагерлер құрамында санаулы ғана адамы бар кішігірім болуы да мүмкін. Ел ішінде аталмыш лагерлердің Конья маңынан, Стамбул айналасынан (Гарипчиден) пайда болғаны туралы сөз де бар. Ал Газиантаптағы лагер туралы тіпті неміс теледидары эфирден көрсеткен де болатын.
Содырлар жастардың отбасыларына материалдық көмек жасауда жан аянбайды. ИШИР-дің қолында қыруар қаржының бар екені бүгінгі қоғамға құпия емес. Хасанның досы: «Оның әкесі – бай адам, сондықтан Хасан соғысқа ақша сұрап кеткен жоқ. Ол кей адамдарға 10 мың долларға дейін материалдық көмек жасаған кездері болғанын айтқан еді», – деп еске алады. Ал ИШИР-дің арбауына түскен Коньялық жас баланың әкесі: «Топ құрамына кірген адамдардың қарызын өтеп, қаржылай көмек берді», дегенді айтады.
Түркиядан тұзаққа түскен 18-35 жас аралығындағы жастардың соңғы тұрақтар бекеті – Сирия. Олардың көпшілігі осы жерде жан тапсырады. Соғысқа аттанған балаларынан көз жазып қалған отбасылардың әлі күнге ешбірі де балаларының өлі денелерін болса да қайтара алмаған. Осындай 28 жасар ұлынан айырылған Фадыл Даг есімді қария баласының мәйітін алып кетуге барған кезінде оған «Ол шахид атанды. Біздің де тағдырымыз сондай болмақ. Қатарымызға қосыл, бірге соғысайық» деген ұсыныс жасаған. Қайғыға батқан әке Сирияда көрген қасіретті былай деп еске алды: «Бастары жоқ денелерді өз көзіммен көрдім. Төзімім тәулікке қалай жеткенін өзім де білмеймін. Бірақ, баламның өлі денесін қайтара алмадым, құр қайтуға мәжбүр болдым».
Таяу Шығысты зерттеу орталығының Сириядағы еуропалық содырлар мен қазіргі заманғы радикалданудың феноменін зерттеуші Омер Бехрам Оздемирдің пайымдауынша, жастардың ИШИР-ге ұмтылуының нақты бір себебін дөп басып айту қиын. «Сирияға біреулер қаза болған туыстарының кегін қайтару үшін кеткен, басқалары саяси мақсатты көздеп барған. Қалғандары ауыр жағдайға төзе алмай кетуге мәжбүр болған», – дейді ол. Сонымен бірге ғалым содырлардың қайдан келгені мен қоғамның қай табына жататыны да ИШИР-ге қосылу себептерінің мәнін айқындайды деп түсіндіреді. Мысалы, Тунистің 40 жастағы азаматы мен 18 жасар Ливерпуль жеткіншегінің ИШИР-ге қосылу себептері ұқсас деп айтуға келмейді. Әзірге бұл мәселе бойынша тереңдей зерттеу жүргізілген жоқ, әрі ондай еңбек 5-6 айдан ерте шыға қоймайды.
ИШИР-ге адам тартудың қуатты құралының бірі – әлеуметтік желілер. Ғаламтордағы «ғайыптан сөйлейтін діндарлар» даулы тақырыптар қозғау арқылы елдің назарын аударады. Талқылауға қатысқан адамдармен байланыс орнатып, өз мақсаттарын іске асырады.
Омер Бехрам Оздемир алғашқы кезде адамдарға, әсіресе, жастарға Башар Асад жендеттерінің жаппай адам өлтіруін бейнелеген бейнежазбалар әсер ететінін айтады. ИШИР осы мәндес бейнежазбалардың кең таралуына бар күшін жұмылдырады. Олар осы тектес адамның нәзік көңіліне тиер тұстарды тиімді пайдаланып, мұсылманды мұсылманға айдап салудың сан мың айласын жасап келеді.
Арифе КАБИЛЬ,
аударған Гульзат Билялова