Жақында Батыс Қазақстан облысында жан түршігерлік оқиға орын алды. Екі қызын әйелімен қосып өртеп жіберген еркек айуандық әрекетке барды. Бойын кернеген ашу мен ыза, санасын улаған кек әлгі ащы судың дерт болып дендеп кеткендігінен болып отыр.
«Арақтан аулақ болыңдар.Өйткені, ол барлық жамандықтың қайнар көзі». Барша адамзатқа дұрыс өмір сүрудің үлгісін көрсеткен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұл сөзді неге сүйеніп айтты? Ащы су ішкен адамның тура жолдан тайып, көзін шел басатынын білді. Тіпті бір жұтымын ұрттап ішсе де, асқазанына барған соң, бұзық ой мен іс-әрекет жасайтынын ұғындырды. Өйткені пайғамбар (с.ғ.с.): «Көбі мас қылатын ішімдіктің азы да харам болмақ», – деген болатын.
Қаншама ғасыр бұрын айтылған ақиқатқа мойын бұрып, аузын тыйғандар кемде-кем. Бұрын ауылдағы жұмыссыз, бос жүргендер арақты ермек етеді деп ойлаушы едік. Қазір бұл үрдіс қаланы да, даланы да таңдап тұрған жоқ.
Қандай да бір той-мерекелер арақсыз өтпейтіндей жағдайға жеттік. Халал тойдың өзінде де «ақ құманнан» құйылатын болған. Бұл қанда жоқ қасиетке құмарлық пен азғындықтың шегі еді…Алланың біліп һәм де көріп тұрғанын көбісі ұмытып кетті.
Жаратқан Алла Құран Кәрімде мас қылатын ішімдіктер туралы: «Әй иман еткендер, шарап, құмар, тігілген тастар (пұттар) бал ашу, бұлар тек қана шайтанның арбауы. Бұлардан аулақ болғанда ғана құтыласыз. Шайтан сіздің араңызды жауластыру, өзара өштестіру үшін арақ пен құмарды қолданады. Сізді Алладан жаздыруға ұрындырады ендеше бұндайдан баз кешкен шығарсыз», – деп баяндайды («Мәйда» сүресі, 90, 91-аяттар).
Адамдарға асқан зияны болғандығы себепті арақ күллі жамандықтың басында тұр. Адамдардың арасына жік салып, жауластырады. Бір-бірімен өштестіріп, сау адамды ақылы мен жолынан адастырады.
Жаратқан құлдарының әлсіздігін білуші Алла Тағала арақты харам етуінде терең сыр жатыр. Арақ болған жерде отбасының берекесіздігі, тыныштығының бұзылуы белең алады. Қаншама отбасы ажырасып, соның салдарынан бала әкесіз өсіп келеді.
Баласын ешкімнен кем қылмаймын деген жаулықты ебіл-дебіл болып жүріп, отбасының бар жауапкершілігін өзі мойнына алады. Бүгінде сөз көтере алмайтын, шеше тәрбиесін ғана көріп келе жатқан жасық ұлдар көбейді.
«Анасының баласы» деген сөздің өзі өңмеңінен өтсе де, өмір көші тоқтап қалған жоқ! Бірақ әкенің жігері мен темірдей тәрбиесін көрмеген балада бәрібір қайрат болмайды!
Батыс Қазақстан облысында орын алған жан түршігерлік оқиға «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, ішкен сайын әйелін көкала қойдай сабап, алдына салып жүретінінен ауыл адамдары түгелдей хабардар болған. Өкінішті!
Міне, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы үлкен қайғыға әкеліп отыр. Жылдар бойы жаны азапталса да, «ұят болады» деп үйінің іргесін сөкпей, екі қызын тәрбиелеген ана ақыры озбырлықтың құрбаны болды.
Айналасынан мейірім, жылу таппай, мына жер бетінен екі қызын құшағына басып алып кетті… Бұл оқиға бір ғана қазақ әйелінің басындағы жағдай емес. Ішіп алса, баласы мен әйеліне күші жететін еркектердің әлі де бар екендігін байқауға болады.
Дәл осындай өмірі астаң-кестең, балалары рухани жарымжан күй кешіп жатқан мыңдаған жанұя болуы әбден мүмкін.. Осылай жалғаса берсе, бұл келешекте жаны жаралы ұрпақ көп болады деген сөз. Тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер кешенді түрде жасалмаса, жәй сөзбен тоқтау болмай тұр. Адам құқығы ескерілмей, қоғамның жарасы асқына берері сөзсіз.
Санаулы күндерден кейін қасиетті Рамазан айы келеді. Адамды рухани кемелдендіретін мүбәрак ай ел басына сынақ келген сәтпен тұспа-тұс келіп тұр. Осындай өзекті өртейтін оқиғадан соң өзгелер сабақ алса, қанекей!
Қасиетті айда Аллаға жақындайық! Азық-түлік дүкендерінде арақ-шарап сатылмаса, тым болмаса бір жамандықтың беті қайтар еді. Сонда ғана берекелі айда үйіңізге береке кіреді, балаң алаңсыз ойнап-күледі, әйелің уайымсыз жүреді.
Құранда Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед) сен айт: Харам етілген нәрселер сендерді қанша тәнті етсе де, харам мен халал бірдей емес. Ей, ақыл иелері! Өздеріңді құтқарам десеңдер, Алладан қорқыңдар», – дейді («Мәйда» сүресі, 100- аят).
Сахаба Омардың (р.а.) заманында ішкілікке салынған бір мұсылман болыпты. Жақындары қанша ескерту жасаса да, жаман әдетін тастай алмайды. Тіпті туыстары: «Бұл әрекетіңнен Омар хабардар болса, жағдайың қиын болмақ!» деп ескерту де жасайды.
Бір күні әлгі адамның әрекеті халифаның құлағына жетеді. Омар (р.а.) хатшысын шақыртып: «Рахман әрі аса Рақымды Алланың атымен (бастаймын). Ха Мим. (1) Кітаптың түсірілуі, өте үстем, аса білуші Алла тарапынан. (2) Күнәні жарылқаушы, тәубені қабыл етуші, азабы да қатты және кеңшілік иесі. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Әрі қайтар орын Сол жақ. (3)» деп басталатын «Мүмін» сүресінің алғашқы үш аятын жаздырады.
Жазылған хатты қызметшісіне табыстап: «Егер ол мас болатын болса, толығымен өз-өзіне келгенін күт. Мастығы тарқағаннан кейін ғана хатты қолына ұстат», – деп тапсырма береді.
Хатты жеткізуші қызметшісі үш күн күтеді. Үш күннен соң, мастығы тарқаған адамның қолына хатты ұстатады.
Қызметші хатты Омардың (р.а.) беріп жібергенін айтады. Сол кезде хатты оқып тұрған әлгі кісі: «Мұны жіберген Омар емес. Менің тәубеме келуім үшін хатты Раббым жіберді. Мендей күнәһар құлын назардан тыс қалдырмаған Жаратушым неткен мейірімді еді! Арақты біржолата тастаймын, мүлдем аузыма алмаймын», – деді. Тамағына өксік тығылды. Үлкен өкінішпен үн қатты…
Заман басқа, заң басқа. Бірақ барлық адамның өмірі қайсыбір қоғам үшін ең басты байлық пен құндылық. Сондықтан халифа Омардай бола алмасақ та, ізгілік үшін бір ауыз үн қату – азаматтық міндетіміз. Бұл – қоғамның жарасы, бұл – әр баланың болашағы, таяқ жеп жүрген қаракөз қарындастың көз жасы.
Қоғамдағы жайдайларға немқұрайлылық танытып, көзге көрініп тұрғанды көрмеген болсақ, адамшылыққа жатпас еді. Дінімізде жақсылыққа шақырып, жамандықтан тосу құпталады. Жамандықты көріп тұрып, оны тоқтату, шамаң келсе айту, ең әлсізі – жамандық жасаушы адамның сыртынан дұға ету екен.
Алла адасып от басқандарға тура жол, жүрегіне иман, жасаған қателігі үшін тәубе ету нәсіп етсін!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы