Сұрақ: Араб тілі – ғылым тілі болғаны рас па?
Жауап: Ортақ араб-мұсылман мәдениетінің (оның қалыптасуына көптеген мұсылман елдерінің өкілдері атсалысты) біріктіруші факторы болған араб тілі тарих сынынан сүрінбей өтіп, ғылым мен білімнің, халықаралық қатынас тіліне айналғандығы тарихтан белгілі.
Деректер орта ғасырдағы толыққанды мәдени жасампаздық үрдістер туралы баяндайды, осы уақытта ғылыми және философиялық терминологияларды жасауға бағытталған араб тілінің сөздіктері дүниеге келді. Мұның өзі араб тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, тереңдетті.
Араб тілінің барлық салада – ғылымда, философияда, құқықта, саясатта және т.б. негізгі және жетекші тіл ретінде орнығуы ислам әлемінің мәдени дамуының маңызды факторы болды.
Араб тілі әртүрлі мәдениет өкілдерінің сұхбаттасуына дәнекер және негіз, көптеген білімнің таралуына ықпал етті. Араб поэтикалық дәстүрінде айқын байқалатын сөзге деген құрмет, филологиямен терең әуестену ортағасырлық ислам мәдениетінің өзіндік сипатына айналды.
Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшы және ойшыл ғалымдар сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған.
Өйткені, орта ғасырлардағы Еуропа Сократ, Платон, Аристотель сияқты т.б. грек ойшылдарымен және олардың шығармаларымен араб тілі арқылы танысты. Еуропаның оқып, түсінуге шамасы келмеген грек шығармаларын әл-Фараби араб тіліне аударып, түсіндірмелер жазды.
Бұған қоса, XII-XIII ғасырларда араб-мұсылман математиктерінің, дәрігерлерінің шығармалары ортағасырлық Еуропа ғылымының негізі болды. Тіпті Ибн Синаның «Әш-Шифа» (Исцеление) кітабы күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар медицина факультеттерінде қосымша пән ретінде оқытылатыны мәлім.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ