Сұрақ: «Араб тілі – ғылым тілі» дейді. Бірақ бүгінде арабтар неліктен ғылымда алда емес?
Жауап: Кезінде ортақ араб-мұсылман мәдениетінің (оның қалыптасуына көптеген мұсылман елдерінің өкілдері ортақ атсалысты) біріктіруші факторы араб тілі болды, ол тарих сынынан сүрінбей өтіп, ғылым мен білімнің, халықаралық қатынас тіліне айналған.
Деректер орта ғасырдағы толыққанды мәдени жасампаздық үрдістер туралы баяндайды, осы уақытта ғылыми және философиялық терминологияларды жасауға бағытталған араб тілінің сөздіктері дүниеге келді, мұның өзі араб тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, тереңдетті. Араб тілі мәдениеттің барлық салаларында – ғылымда, философияда, құқықта, саясатта және т.б. негізгі және жетекші тіл ретінде орнығып, ислам әлемінің мәдени дамуының маңызды факторы бола білді.
Араб тілі түрлі мәдениет өкілдерінің сұхбаттасуына дәнекер және негіз, көптеген білімнің таралуына ықпал етті. Араб поэтикалық дәстүрінде айқын байқалатын сөзге деген құрмет, филологиямен терең әуестену ортағасырлық ислам мәдениетінің өзіндік сипатына айналды.
Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшылар мен ойшыл ғалымдар сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған. Өйткені, ортағасырдағы Еуропа грек ойшылдарын және олардың шығармаларын араб тілінен латын тіліне аударып қана танысу мүмкіндігіне ие еді.
Бұған мысалы ретінде «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабидің өзі де жетерлік. Негізінен Еуропа антикалық Аристотель, Платон сияқты ұлы ойшылдардың шығармаларын әл-Фарабидің қыл қаламынан шыққан талдаулары арқылы түсінді десек артық айтпағандық болады.
«Араб тілі – ғылым тілі» деп аталып кеткені сондықтан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ