Бұл халықаралық іс-шараға Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры, профессор Махмуд Ерол Кылыч, Қазақстанның Түркиядағы Бас консулы Әлім Байел, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD докторы Жандос Болдыков қатысты.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы мәдениеті мен өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) арасында 2018 жылы меморандумға қол қойылды. Бірлескен ғылыми байланыстар негізінде Ұлттық орталық қорында жинақталған араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптар сарапталып, «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының араб графикасындағы кітаптар жинағы» каталогы баспадан жарық көрді. Каталог әзірлену барысында орталықтың қызметкерлері үлкен жұмыстар атқарды. Қордағы әрбір кітапқа толықтай сипаттама берілді.
Каталогтың ерекшелігі оның құрылымында: қолжазбалар және литографиялық кітаптар мен баспа кітаптар тарауларға бөлініп, салала бойынша топтастырылды және әрқайсысына толық ғылыми сипаттама берілді. Оның ішінде Сарахсидың «Аль Мабсуд», Тафтазанидың «Шерх Ақаид Насафия», Ахмед Ясавидің «Диуани Хикмет» және т.б. ортағасырлық ғұламалардың шығармаларын айтуға болады. Каталог Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорымен кеңінен танысуға, жазба мұраларды кеңінен насихаттап, ғылыми айналымға енуіне үлкен серпін береді. Аталған каталог шығыстанушы, түркітанушы, дінтанушы, тарихшы жалпы зерттеушілерге арналды және еліміздегі кітапханалар мен архивтерге арналған ғылыми құрал.