Сұрақ: Ақыреттің бар екеніне қалай сенуге болады?
Жауап: Негізінде мұсылман адам иманның шарттарына сәйкес ақыреттің бар екеніне және өлгеннен кейін қайтып тірілуге иман келтіруі шарт. Ақыреттің бар екені Құран аяттарымен және хадистермен де расталады:
«(Мұхаммед Ғ.С.) олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрыңғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» (Бақара: 4)
«Кім Аллаға, ақырет күніне сенсе, Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (Бақара: 62). Ақыреттің бар екенін айқындайтын мұндай аяттар жетерлік.
Енді осы аяттан көргеніміздей Алла Тағала ақыреттің бар екенін айтады. Мұсылман бұған иман келтіруі міндетті. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, соның сенімі зая кетпейтіні және сол үшін сыйға бөленетіні туралы хабар береді. Ақыретке иман келтірген адам келешекте өмірінде қайғырмайды әрі оған қорқыныш жоқ. Ал енді жағдай солай бола тұра ақли дәлел келтіруді қажет ететін жан болса, онда оған мынадай мысал келтіруге болады.
Алла әлемде барлық нәрсені жұп етіп жаратқан: ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, сауап пен күнә, сылық пен жаза, күн мен түн, ер мен әйел, жұмсақ пен қатты, тәтті мен ащы, тұсшы мен қышқыл, сұлу мен ұсқынсыз, жағымды мен жағымсыз, яғни жұпсыз нәрсе жоқ. Барлық нәрсенің жұбы немесе қарама-қарсысы бар. Тіпті аспандағы бұлтың плюс пен минус зарядтары бір-бірімен қосылған уақытта ғана жауын жауады.
Қазақ «Жалғыздық Аллаға ғана тән» демекші, дүниеде Алладан басқа барлық нәрсе жұп. Дәл сол сияқты бұл дүниенің де жұбы бар, ол – ақырет. Дүние – өтпелі, жалған және алдамшы әрі уақытша, ал ақырет – керісінше мәңгі, шынайы, тұрақты. Дін исламның сеніміне сәйкес дүние – ақырет алаңына дайындық, дүниеде адам жақсылық жасайды, жылы сөйлейді, ізгі амалдар қылады. Есесіне сауап жазылып, ақыретте марапатқа бөленеді. Ал енді күнә істесе, бұзық амал қылса, онда жасаған амалына сәйкес жауапқа тартылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ