Халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы, қазақтың аяулы қызы, «айтыскерлер кейуанасы» атанған ақтаңгер ақын Әселхан Қалыбекованың өмірден өткеніне де көп бола қойған жоқ. Ол кісі туралы ел ішінде естелік көп. Сол естеліктің денінің анамыздың алыптығына, ел мүддесін көздеген қайраткерлігіне қатысты қозғалатыны да жасырын емес. Қазақстанның Халық ақыны атағын алған санаулы жандардың бірі екендігі өз алдына бір бөлек әңгіме.
Белгілі сатирик Көпен Әмірбектің бауыры Төпенге бірде туыс інісі болып келетін Нұржан Әбілтаев Шәуілдірдегі қарашаңырақтағы үйіне Қазақ-түрік университетінде өзімен бірге қызмет жасайтын бірнеше жолдас жігіттерін шақырып, қонақ етіп жатыр екен. Осы университеттің денешынықтыру факультетінде басшылық жасайтын Нұржанның Зияддин деген досы да келіпті. Ауылдағы біраз зиялы қауым өкілдерін де қосып шақырған құрметті қонақтардың арасында Әселхан да болыпты. Әңгіме қызып, біраз жерге барғанда Әселхан Зияддинмен бұрыннан таныс екенін айтып:
– Жас кезінде оны талай рет мойнына салып арқалағанмын, – дейді.
Сонда өте ірі денелі, салмағы 150 келіден асатын Зияддинге Төпен қарап тұрып:
– Әселхан апай, сөзіңіз дәлелді шығу үшін осы жолы да тағы бір рет бауырыңызды мойыныңызға көтеріп көріңізші, – депті.
Десе дегендей-ақ, алып-алпауыттар өте көп шыққан Құлшығаш руынан тарайтын Әселханның ірі денелі, еңселі кісі болғанын көпшілік біледі. Тіптен, айтыскерлер ішіндегі ерлерді есептегенде де шоқтығы биігі де, беттісі де бір өзі еді. Сондықтан да жасынан «балуан ақын» атанған кездері де бар-ды. Бүгінде шәуілдірлік жұртшылық оның толысқан шағындағы отбасылық үйі орын тепкен Арыс өзенін бойлай, жерді солқылдата, көненің алыптарындай алп-алп басып жүргенін сағына еске алып жыласады.
Мысалы, 1984 жылы Алматыдағы осы дүр Әселханның жыр дүлдүлі Есенқұл Жақыпбековпен қасап-қырғын айтысында оның алыптығы сөзге көп ілік болғанын аға буын жыр қылып айта алады:
Әселхан (Ықшамдалған):
…Аяулы астананы айға балап,
Күніміз құлпырғандай майда ғажап.
Алыстан алты жасар бала келсе,
Қарсы алып, сәлем берер қайда қазақ?
«Дәу ғой» деп қаштыңдар ма тырағайлап,
Екен ғой сәлемге де керек айбат.
«Тығылып Алатауға қалды ма?» деп,
Тұр еді көрмеген соң ызам қайнап.
Егерде оңашада жолыққанда,
Жұтуға дайын едім бір-ақ шайнап.
Қызымын оңтүстіктің әлпештеген,
Шабытым шақ келтірмес шоқтай жайнап.
Көрейін жауаптасып өлеңменен,
Бұл жерде жағдайың бар төмендеген.
Есенқұл, өлеңіңді айта берші,
Жеңермін бассам-дағы денемменен.
Қыз алып қалу деген тым ескілік,
Тыңдасаң менің сөзім – бұл естілік.
Салмағым ауырлау боп қалғаннан да,
Қайтайын мен өзіңді ілестіріп.
Көп сені мазаламас бойдақ қылық,
Жүрерсің теңің тауып ойнап-күліп.
Жігіттің қадірін білмес жан емеспіз,
Қоярмыз тым болмаса қой бақтырып…
Есенқұл:
…Домбыра қолымдағы қарағайсың,
Сен мені дедің «кіші баладайсың».
Денең үлкен болғанмен өлең сөзде,
Қолыма су құюға жарамайсың.
Домбыра тарта алмадың жайлап, онша,
Олақтар көп екен-ау қайда барса.
Дәл осы қалпыңменен жарасқандай,
Қолыңа найза беріп жауға қойса.
Осыны көңіліңе түйгейсің де,
Басыңды мына маған имейсің бе?
Аңсағаның әу бастан мен едім ғой,
Бетімнен шөп еткізіп сүймейсің бе?!
Сүйем деп болма бірақ сарыуайым,
Сен – палуан, мен – қасыңда тарыдайын.
Тойға піскен тоқаштай жарым барда,
Толағайын біреудің не қылайын?!
Сонда Әселхан одан сайын екпіндетіп:
Өмірде сен секілді талай жан бар,
Сен ақын болсаң егер сөзімді аңғар.
Есенқұл, іздеп жүрсең домбырашы,
Менімен айтысуға келіп нең бар?
Айтысар әркім тауып теңіменен,
Кез келді бүгін қайын, сеніменен.
Қақтаймын Оңтүстіктің аптабымен,
Үрлеймін Арыстанның желіменен.
Көзің көк, өзің сары, сесің берік,
Айтасың «мықтымын» деп кесірленіп.
Соңынан Надя апаңның қалмай жүрсің,
Үйректің балапаны секілденіп.
Аулымның қызы өзімдей алып бәрі,
Ұл керек Қажымұқандай халыққа әлі.
Облыстың үлкені емес, ортасы деп,
Жіберген мені әдейі танытқалы, – деп отты да шоқты жырын әрмен қарай жалғай берген екен.
Әрине, «Әселхан балуан» дегенде жұрт елестеткендей біреулермен белдесіп, күреске түскенді айтқандық емес. Алайда жастық шағы, жалпы өмірлік жолы ердің еріне бергісіз екендігі тағы да шындық. Жерлес әрі сыныптасы Көпен Әмірбектің оның мықтылығын былай деп еске алғанын қайда қоямыз?
«Осы өңірді қақ жарып ағатын Сырдарияның сағасында, қамыс-тоғайдың арасында өстік. Әселхан оқушы кезінде басына бантик тағып көрген қыз емес. Жігіттердің киімін киіп алып, аспанға шаншылған асау аттарды бас білдіріп жүретінін білеміз. «Аттан ауып құлапты, ботадай боздап жылапты!» деп естіген емеспіз. Әкесі Әлішер көкпарға көп шабатын, ауыл-аймаққа белгілі шабандоз еді. Батырлар жыры мен басқа да жыраулардың қиссасын, арғы атасы әйгілі ақын Ергөбектің өлеңдерін еркекшора қызының құлағына құяды да жатады дейтін. Сол Әселханымыз мектепті бітірісімен күйеуге шығып кеткенде «Бұ қалай?» деп таңғалдық.
«Ойбүй-й-й, қыз боп та үлгермеді-ау!» деді құрбылары. Сөйтсе, жетімдер үйінде өскен Баянбай деген жігіт көрген қиыншылығы мен тағдырдың тауқыметін айтып, сөз соңында «Егер маған тұрмысқа шықпасаң, онсыз да көрген азабым аз емес, өлем!» дейді. Сырт қарағанда сыңар қылыштай қаһарлы көрінгенімен, ол аса мейірімді болатын. Кім-кімге де жаны қалмай жанашырлықпен қарайтын. «Қой, бір жігіттің обалына қалмайын!» – дейді де өзінен он жас үлкен Баянбайдың бағын ашып, тұрмысқа шығады. Сөйтіп, екеуі ақ таяқ ұстап, ақтылы қой айдап, 800 тоқты бағады. Сол жылы қыс қатты болып, шөп жоқ, мал қырыла бастайды. Бір совхоздың шанамен алып бара жатқан шөбінен он прес сұраса, анау бермейді. Әсекең ай-шайға қарамай шананың үстіне секіріп шығып, сұраған шөптерін жерге лақтырған. Сөйтіп, 400 тоқтысын аман алып қалған. Үсіп өлетін болған соң тоқтыларын кепеге қамаған. Сыймағанын үйіне кіргізіп, от жағып жылытқан. Шөбі таусылғасын қамыр илеп беріп асыраған.
Аудандағы тоғыз шаруашылықтың малынан тігерге тұяқ қалмаған. Әселханның отарында ғана 400 тоқтының аман қалғанын ауылдағылар аңыз қылып айтып жүрді».
Жалпы, айтыскерлер ішінде палуандық имиджін өзіне сіңісті еткен «Айтыстың Рүстем дастан палуанымын, Қалайша мына топта айқаспаймын» деп жырлаған семейлік Қалихан Алтынбаевтай арқалы ақынның өткенін де айта кету керек. Оның ұлттық мәдениет тарихы, Абай мен Мұхтар, белгілі ақындар мен жыраулар, атбегіліктен бөлек балуандық өнер туралы ғылыми-көпшілік, этнографиялық зерттеулер жүргізгені белгілі. Оның дүрілдеген ілкідегі айтыстардың бірінде:
Қыз қуу, теңге алысу, болса аударыс,
Ақсуат есе бермес ол бір алыс.
Түрініп етек-жеңін топқа түссе,
Жұтынған палуандары жас жолбарыс, – деп өлең-жырмен өз еліне сипаттама беріп, шымыр шумақтарды нөсерлете төккені ел есінде. Бірақ «алып балуан» атанып, онысын ел мойындағаны бір Әселхан екеніне де ешкімнің дауы жоқ. Шардаралық ақын Камал Ендібаевтың айтыста оған:
Өлеңге батыр нар қызым,
Палуан дене кең маңдай.
Тасқындай берсін талантың,
Сыр суындай сарқылмай, – деуі тегіннен тегін бе?
Сондықтан да болар, ақынның 70 жасқа толған мерейтойында айтыскер ақын Маржан Есжанова оны Күш атасына баламалап, «Қара өлеңнің Қажымұқаны өзіңсің!» деп жыр арнаған да болатын:
Ақын ғана емес, анам – батыр бұл,
Бар азапты іштей өзі татып жүр.
Науқас бала қиналғанда нәр татпай,
Талай таңы ұйқы көрмей атып жүр.
Сіз арқалап келе жатсыз қырық жыл,
Кейбіреулер сау баласын сатып жүр.
Сонда да анам сыр берместен қиналмай,
Өзі сүйген қазағына жақын жүр.
Қара өлеңнің Қажымұқаны өзіңсің,
Деген бүгін ел ішінде атың жүр.
Ел ішінде биік болды бағаңыз,
Ақын болды әке сүйген қара қыз.
Ел-жұртына бірлік тілеп бес мезгіл,
Намазымен тоқтамаған тобаңыз.
Тектіліктен жаралғандай бабаңыз,
Мықтылықпен өсіргендей анаңыз.
Сізге іштей қайран қалған талайлар,
Отырардай күш берген деп далаңыз.
Әселхан – ең алдымен, айтысқа түсуші суырып салма ақын болды. Бұл даусыз. Мұны өзі де БАҚ-қа берген бір сұхбатында растап, «Айтыс маған өле-өлгенімше таусылмайтын абырой берді» деп те кетті. Бірақ қандай ақын болды десеңізші?! Айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман «Өзі туып-өскен өлкенің әйгілі Арыстанды-Қарабас дауылындай, өлеңнен сұрапыл соқтырып, құйын тұрғызған» десе, ал белгілі журналист Анар Аспан «Өзі де, өлеңі де өзгеше Әселхан айтыс аспанының найзағайы болды» деп ғаламат зорға теңеген ақын образы мәңгілік ел жадынан өшпек емес.
Дүниеден қайтқанында да бүкіл хабарламаларда «Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған» деп зар айтты. Соңғы онжылдықтар ширегіндегі 5 парызын тұтып, тиісті құлшылықтарын қаза жібермеген тақуа-діндарлығы мен рухани ізденістері де анау-мынау дін жолындағы адамға зор өнеге.
«Алладан пәрмен сұраған» деген сынды кітабының атауының өзі сөйлеп тұрған тағы қаншама туындыларындағы иләһи жырлар сарыны оңтүстікке тән шайырлық-әулиелік бағытқа бет бұрғанынан хабар береді. Қазақтың айтыскерлік пен ақындық өнері де қаншалықты асқаралы болса, осы Әселхандарымен биік екені де анық. Өйткені ол сөздің тура да, ауыспалы да мағынасында әділдік үшін алысып өткен рухы да күрескер адам-тын. Шындықтан зор палуан жоқ. Ол жауды да жығады, қамалды да алады. Аллаһу Акбар!
P.S. Әселханға сөз киесін айтпағанда, осыншама қайраттылық қайдан келген? Мұндайда атам қазақтың «Тегінде бар тегі озар» дегендей-ақ, әке – қаны жағынан ғана емес, ана – сүйегі жағынан да келген деп топшылауға болады. Ақынның өзі бұл туралы көзі тірісінде: «Ергөбек жеті жасында ағасы Қалыбек жасынан бесіккертпе құда болған қайын жұртының қалыңдығын әкеліп той жасайды. Билікке, болыстыққа араласқан Қалыбек атамыз келіншегінің аяғы қоюлау, ылдым-жылдым еместігін көріп, ескі жекжаттарға барып тағы қыз іздейді. Атамыздың беделіне қарап, жекжаттары орта шаруаның қызы Айнагүл шешемізді «жүргенде аяғына шаң ілеспейді, осы қыз саған лайық жар болады» деп атының артына мінгестіріп жібереді. Ергөбек елді тағы да беташарға шақырады. Сонда үлкендер:
– Әй, Ергөбек, бұл жеңешең қандай екен? – дейді.
– Қалыбек алып келді жеңгемізді,
Көндірді үкіміне демде бізді.
Әуелі Қалыбектің аузын ұрып,
Айдайды-ау бір шыбықпен өңгемізді, – деген бала ақынның бір ауыз өлеңі ел есінде сақталған. Осы Айнагүл шешемізден менің әкем Әлшері туған» деп естелік айтқан.
«Айнагүл шешеміздің пысықтығы, ептілігі, ұсталығы сонша, апта сайын түйесін, биесін сауып, мейманын күтіп, баласын емізіп жүріп, бір шекпеннің жүнін иіріп тоқып, тігіп, керегенің басына іліп қояды екен. Қайындары кезегіне таласып, Айнагүл жеңешесінің шекпенін киеді екен» деп толғапты Әселхан ақын сөз соңында. Бұл да болса, «Алып анадан туады» деген сөзге кезекті бір дәлел болса керек.
Ә. Қалыбекованың шәкірті,
мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ