Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде наиб имам, «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) директоры Бекжан қари Әлденовтің шәкіртіне ижаза беру рәсімі салтанатты түрде өтті.
Айтулы шараға облыс, қала, аудан имамдары мен ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мешіт жамағаты т.б қатысты.
«Маған Нұрислам Ғабитұлы келіп Құранды басынан соңына дейін Хафс ‘ан ‘Асим риуаяты, әш-Шатыйбия жолы бойынша толық Құранды жатқа оқып берді. Алланың жәрдемімен толық оқып аяқтаған соң менен ижаза беруімді өтінді. Өз кезегінде мен оған қашан және қай жерде болмасын оқуға әрі үйретуге рұқсат беретін осы сала өкілдерінің шарттарына сай (ижаза) бердім. Сондай-ақ мен оған жоғарыда айтылған риуаятпен Құранды құрметті шейх Халид Хасан Рашид Дәруишаға оқып бергенімді жеткіздім. Ал ол кісі Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін жалғасатын иснәдпен өзінің екі ұстазы шейх Мұхаммед Фәһд Харуф пен шейх Мустафа Әқсауи әл-‘интәбиден ижаза алған.
Алла Тағала бұл рұқсатнаманы ынталы алғырларға жеткізсін әрі оларға көркем мінез-құлық беріп олардан қабыл алсын! Әмин!» деді шәкірттің ұстазы Бекжан қари Әлденов.
Айта кетсек, салтанатты шарада Нұрислам қари Ғабитұлына облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман жамағат тарапынан сый ретінде Ұмраға жолдама табыстады. Нұрислам қари Ғабитұлы 2003 жылы дүние келген. Түркия астанасы Стамбул қаласындағы «Cennet Kur’an kursu»-ның 2019-2021 жылғы түлегі. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы, «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің шәкірті. Сондай-ақ Нұрислам Қабат – Ақтөбе облысынан шыққан үшінші ижазалы қари. Діни білімін жетілдіріп, барлық қиындықты еңсеріп, жоғары дәрежеге жеткен Нұрислам қари Ғабитұлы мен ұстазы Бекжан қари Аманкелдіұлын зор табысымен құттықтаймыз. Әрдайым Алланың қолдауы болып, игі қадамына нұр жаусын!