Бүгінгі таңда Ақтау қаласында екі мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзінің фейсбук парақшасында жазды.
“39-шы шағын ауданда салынып жатқан “Ержан Хазрет” атындағы мешітке тоқтала кетейін. Бүгінгі таңда құрылысы бітуге жақын. Осы көктемнің аяғында қасиетті азанның дауысын еститін боламыз.
“Алты құлаш Әулие” мешітіне келсек, фундаментінен шығып, ғимараттың қабырғаларының құрылысына кірісті азаматтар. Бұйырса, келесі жылдың жазының басында 1 500 жерлесіміз иық тіресіп тұрып Жаратқанға қазағымның даласына берген берекеті мен бақытына, ырысы мен ынтымағына мың алғыс айтатын болады.
Жақсы күндеріміз сарқылмағай!” – деп жазды әкім.
Сөз соңында ол екі мешіттің де демеушілері өздерін атамауды өтінгенін айта кетті.