Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 2022 жылдың 12 мамыр күні Ақтау қалалық «Бекет-Ата» мешітінде жамағат арасында «Исламдағы алғашқы үш ғасыр» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы Төлепов жүргізді.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың діни кошбасшылары, сондай-ақ радикалды идеологтардың көп қолданатын «бидғат, такфир, мүшрик, ширк» сөздерінің дәстүрлі ислам тұрғысынан дұрыс анықтамалары берілді. Сонымен қатар мазхаб, ақида, мүжтәһид және тағы басқа діни терминдердің түсіндірмелері талқыланды.
Өкінішке орай қазіргі күні жастар арасында мазхабты ұстанбаймыз, құран және суннамен ғана жүреміз дейтін діндарлар кездеседі. Олардың бұл ұстанымдары дінде орта жолдан ауытқуға, адасуға алып келеді. Себебі мужтаһид деңгейіне жеткен ғалым болса, ол адамға тікелей құран және хадистен үкім шығарып, амал етуіне ешқандай қарсылық жоқ.
Мазхабты жоққа шығарудың артында мұсылмандарды күпірлікпен айыптау, олардың қанын адал санау және де мұсылман жамағатының арасына іріткі салу екендігі бәрімізге аян.
Семинар соңында діни радикалдану – қоғам, мәдениет, ғылым-білім мен өнерден ажыраған кезде бірден пайда болатын құбылыс екені айтылды.