«Нұр-Мүбарак» университетінің бірінші күрсында оқып жүрген кезіміз. Мектеп бітіргенге дейін үйден ұзап шығып көрмеген біз, ауылымызды сағынып, бірге оқитын досымызбен пойызға отырдық.
Билет алуға ақшамыз жетпей, ресторан вагонына төрт жүз теңгеге келісіп міндік. Вагон ішінде бізден бөлек екі қазақ жігіті отыр екен. Әңгімелесе келе Алматыда құрылыста жұмыс істеп, нәпақа тауып келе жатқандарын айтты.
Әлгі екі жігіттің бірімен әңгімеміз бірден жарасып кетті. Екіншісі имандылық турасындағы біздің сөзімізді жақтырмағандай болып, арырақ тұрған үстелге барып жайғасты. Ол үшін қасындағы бізбен әңгімелесіп отырғаны қысылғандай болып, «Мінезі сондай, мән бермеңдер, жігіттер» деді.
Жалғыз отырған оның қасына сол жерде істейтін, орта жастан асқан орыс әйелі келіп отырды. Екеуі бір жайттарды айтып, таныс адамдарша бірден сөйлесіп кетті. Әңгімелері жарасып, сыра ішумен жалғасын тапты.
Біздің қасымызда отырған жігіт досы жайында: «Жақсы жігіт-ақ. Бірақ анда-санда ішіп қоятыны бар. Құрылыста жүргенде де қой деп айтамын деп талай байланысып қалдық», – деді.
Шынымен де біраз уақыттан соң сыраның аяғы ақ араққа ауысты. Сау кезінде салмақтылау көрінген жігітіміз мас болған соң қолын сермеп, батырсынып, төбелескенін, ұрғанын-соққанын шатып-пұтып орысшалап айтып отыр. Дауысын көтеріп, қолымен көкірегін соғып «мен андаймын», «мен мындаймын» деп те жатыр.
Сылқия мас болғаннан кейін қанша ақшасын құртқанын білмейміз, әйтеуір әлгі орыс әйелдің рестораннан алып бер дегенінің бәрін әперді. Бас шайқаудан басқа амалымыз қалмады.
Таң ата пойыздан түскенімізде әлгі жігіт аузынан ақ көбік ағып, сілейіп ұйықтап жатты. Оның «Әкем келе жатыр», «Қандай сыйлық әкеле жатыр екен?» деп, үйінде сарғая күтіп отырған балаларын ойлап, қатты жанымыз ашыды.
Бізге табыс табумен қоса, оны орынды жұмсап үйрену де керек. Оның қаншасын отбасыға, қаншасын кәсібін дөңгелетуге, қаншасын жинауымыз керек деген сияқты нақты жоспар мен бақылау болуы тиіс.
Дініміз Исламда арам ақша табуға болмайтындығы сияқты, адал жолмен табылған ақша болса да, оны орынсыз жұмсау – ысырап, ал арамға жұмсау – күнә.
Абай атамыз да мына бір қара сөзін осындайларды көріп айтқан болуы керек:
«Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «Маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі».
Думан Сайфулланың Фейсбук парақшасынан