Ақша, байлық қай заманда болмасын көпшілік адамның қол жеткізуге тырысатын дүниесі саналған. Тарихтағы көптеген соғыстар мен қаншама сұмдық оқиғалардың артында да осы қу дүниеге деген ашкөздік жатты. Тіпті, дін мен өзге наным-сенім де баю жолындағы құрал ретінде қолданылған. Өкінішке орай, байлыққа құмартушылық кері сипаты бүгінгі таңда да ашық көрінеді. Оны тарих пен бүгінді салыстыру арқылы көре аламыз.
Бала күнгі үлкен кісілердің өмірін еске алсақ, қамсыз, риясыз әңгіме мен ашық-жарқын сұхбаттар ойға оралады. Үлкендердің (әке-шеше мен ата-әже) айтуынша, бұл кезде адамдар дүниенің соңынан көп қуа бермеген. Барға қанағат, жоққа сабыр қылған.
Ал, бүгінде күн санап бәсекелестік пен күйбеңшіліктің артып келе жатқандығын байқаймыз. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге ашық нарықтық қоғам күшеюде. Алайда, бүгінгі тақырыпта дәулет жинауды емес, байлық жинауда адамның қасиеттілікке қатынасы қалай қолданылады және оның тарихтағы көрінісі қандай деген мәселеге тоқталсақ. Яғни, адамдардың дінге немесе өзге де бір тылсымға сенгіштігі мен ақшаға құмарлығының және осыдан пайда табудың ара-қатынасына ой жүгіртсек.
Жоғарыда қазіргі кезде ақшаға деген қызығушылықтың артқандығын айтқан едік. Өйткені, ақша көп болған сайын материалдық иігілікке ие болу мүмкіндігі арта бермек. Алайда, көп ақша табу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан бір адам қылмысқа, ал бір адам табанды еңбекке, тіпті кейбірі өзгенің сенімінен ақша жасауға тырысады. Сонымен қатар, табыстың кілтін қандай да бір қасиетті зат пен ритуалдан іздейтіндер де бар.
Тарихтан мысал
Ресей патшалығы тұсында патшалықтың өзге елдерінен келген көшпелі «діншілдер» қазақтар арасында қымбат бағаға бойтұмарлар сатқандығы жайлы мәліметтер кезігеді. Мысалы, Бөкей хандығында өмір сүрген Мұхаммед-Салық Бабажановтың мақаласында «Ондай кезбелер Орданың тұрғындары арасында дұға жазылған қағаздарын таратып, ұзынша бір жапырақ қағазды кішкене қалтаға салып мойындарына асып жүруді не оларды арқасына не төсіне қарай түсіріп асып қоюды түсіндіріп сатып жүрді, ондай қағаздардың әр данасы қазақтарға бір тоқтыға сатылды» деген жазбаларды байқауға болады (С. Бабажанов. Этнографиялық мақалалар. Алматы: Қазақстан, 1993).
Яғни, сол кездің өзінде бейресми «кезбе діншілдер» ақкөңіл елге кішкентай жазуы бар бойтұмарды бір малға айырбас жасап, әділетсіз пайда көрген.
Бүгіннен мысал
Бүгінде әлем елдерінде сенімнен ақша жасаудың түр-түрі қолданылады. Тіпті сенімді үлкен бизнестің көзі ретінде санап, том-том еңбек жазғандар да кездеседі. Оның бірі ашық байқалып жатса, кейбіріне аса мән берілмейді.
Мысалы, қазіргі кезде кеңінен таралып бара жатқан сәттілік сандары бар әмиян, ақша шақыратын дұғалар сенім мен ақшаның қатынасын аша түскендей. Оны сатушылардың көбісі сол әмиянды алғаннан бастап іші ақшаға тола бастайтынын санаға жақсылап сіңіреді. Өмірінің өзгеріп, байлығы артатындығына кепіл береді. Осылайша қарапайым әмиян байлықтың көзіне айналады. Бағасы, қарапайым әмиандардан қымбаттау мұндай «керемет» сұранысты артыра түседі.
Осы екі мысалға қарап ортақ ұқсастықты оңай аңғаруға болады. Біріншіден өз тарихымызда да сенім арқылы пайда көрушіліктің орын алағандығы және халықтың осындай әділетсіз саудаға түскендігін аңғаруға болады.
Екіншіден мұндай қадамдар тауардың сапасына емес, оның қасиеттілігін алға тартып бағаланатындығы және қарапайым затты қасиетті зат ретінде танытуда сатушының рөлі зор екендігі байқалады.
Үшіншіден екі кезеңде орын алған аталмыш оқиғалар бір кеңістікте, бір халықтың арасында орын алуда. Ал, айырмашылықтары ретінде бұрынғы кездегіге қарағанда қазіргі кезде қасиетті заттарды көбіне адамдар байлыққа жету үшін сатып алатындығы байқалады.
Сәттілікке сенгіштіктіктің бірер себебі
Жалпы, сәттілікке немесе оңай ақшаға ұмтылыс қандай да бір тылсым күштің көмегіне сүйену жайлы жиі ойлауға итермелейді. Әсіресе, бұл өз күші мен қабілетіне сенімсіз адамдарда көптеп кездеседі. Өйткені мұндай топтағы адамдар өзінің маңдай тер еңбегімен мол ақша тауып, табысты бола алатындығына күмәнмен қарайды. Сонымен қатар, жалқаулық пен өмірден өз орнын таба алмау да қисынсыз дүниелерге сенгіштікке алып келетіндігін әлеуметтанушылар мен танымал хәкім ойшылдарымыз жиі айтады.
Жоғарыдағыдай қасиетті затты саудаға салуға немесе қарапайым затты қасиетті деп сатып алуға діни сауаттың төмендігі әсер етеді. Өйткені, Ислам дінінде ешқандай сәттілікті кішкентай тұмар немесе әмиянды сатып алу арқылы иемдене салмайсың. Керісінше табанды еңбек пен пайдалы білім одан гөрі байлыққа жетуде әлдеқайда жемісті жол саналады. Егер адам көп еңбек пен күнделікті дұға арқылы да бай-бақуаттылыққа қол жеткізе алмаса, онда дін тек сабыр қылып осы жолдан таймауға бұйырады.
Сенгіштік кейбір адамның табиғатында бар. Ондай адамдар тумасынан аңқаулау немесе көрген нәрсесіне тез сеніп қалады. Сондықтан бұл топтағы адамдарға әрқашан білім мен діни сауатын арттырып отыру өте қажетті дүние.
Қорытындылай келе бүгінгі таңда адамдардың байлыққа құмарлығы қисынсыз нанымдарға сенуге жетелеуде. Сонымен қатар, діни сауаттың кемдігі де осы үрдіске қосымша әсер етуде. Мұндай оқиға тарихта да орын алған.
Жалпы тарихтың басты қағидасы «өткен қателікті қайталамау» болғандықтан, бұл үрдіс те назар аударуға және сақтықпен қарауға тұрарлық дүние.
Рахымжан РАШИМБЕТОВ