Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 10-14 маусым күндері Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері Ақмола облысына іссапар жасап, тұрғындармен кездесті.
Іссапар барысында халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру және дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамда деструктивті діни идеялардың таралуын болдырмау және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында жалпы саны 20-дан астам кездесу ұйымдастырылып, онда 400-ден астам тұрғын қамтылды.
Аталған іс-шараларға Қостанай облысы «Діни проблемаларды зерттеу орталығы» КММ орталығының теолог маманы Әсет Нұғыманов, Астана қаласы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ бас сарапшысы Дулат Жақиянов, «Конфессияаралық қатынастарда талдау және дамыту орталығы» ЖШС инспекторы Асылхан Батырханов және Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығы» ЖШС дінтанушы маманы Мирас Қайдар секілді топ мүшелері қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Степногор қаласы және Бурабай, Зеренді, Атбасар, Есіл аудандарын аралап, халық арасында «Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет», «Заң және тәртіп», «Қазақстандағы дәстүрлі емес ағымдар», «Деструктивті жалған діни ұйымдар қаупі», «Діни және құқықтық сауаттылық – адасулықтан қорғайды», «Жалған діни ұйымдар қаупі» және т.б. тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іссапар барысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері, студенттер, мемлекеттік қызметшілер және т.б. тұрғындар қамтылды.